Қазақстан дамыған елдердің қатарына шынымен де 10 820 жылдан кейін қосыла ма?

4169
Adyrna.kz Telegram

Айтылып жатқан пікірлерге қарағанда қай бір күнгі жазбамды көпшілік түсінбеген сияқты. Мән беріп оқыса түсінер еді деп ойлаймын. Бірақ қазір тақырыпты оқып-ақ ой түйіп, бес тиынды тыға салуға асықпыз.

Біріншіден, бұл менің сәуегейлігім емес. Гарвард университетінің профессорларының зерттеуі. Толық мақалаға сол жазбада сілтеме бергенмін.

Екіншіден, ғалымдар да, жазбамда да бұл таза арифметика деп айтылған. Демек мемлекеттің саясаттын жүргізу қабілеті (state capability for policy implementation) қандай болды, яғни қосылғыштар сол кезде қандай болды, солай есептелген. Бірақ бұл қосылғыштар он мың жыл бойы өзгермей бір орында тұрады деген сөз емес. Елдегі кез келген өзгеріс қосылғыштарды ия оң, ия теріс өзгертуі мүмкін. Айталық, егер сіз жүз мың теңге айлық аласыз делік, оның 20 мың теңгесін ай сайын пәтер аламын деп жинайсыз. 12 млн теңгеге пәтер алу үшін 50 жыл бойы ақша жинауға тура келеді. Бірақ бұл сіз елу жыл бойы 100 мың теңге айлық алып отырады деген сөз емес. Еңбекақыңыз өсіп, пәтерге тезірек қол жеткізуіңіз де мүмкін ғой. Сол сияқты қосылғыштар тез өзгерсе, Қазақстанның саясатты жүргізу қабілеті он мың жылдан соң емес, он жылдан кейін дамыған елдердің көрсеткішіне неге жетпеске?..

Үшіншіден, «саясатты жүргізу қабілеті» деген ұғымды аша түскім келіп отыр. Барлық елде жалпы саясат бірдей: елдің қамын көксейді. Бірақ бір елдер сол саясатты сапалы жүргізе алады, бір елдер жүргізе алмайды.

Неге? Қарапайым мысал келтірейін.

A.Chong, R.Porta, F,Lopez-de-Silanes, A.Shleifer атты ғалымдар 2014 жылы қызық зерттеу жүргізеді. Әлемдік пошта одағы деген ұйым бар. Оған 159 елдің пошталары мүше. Ішінде Қазақстан да бар. Барлық елдер халықаралық пошта тасымалының саясатын, яғни көптеген ережесін қабылдаған. Соның бірі мынадай: Егер басқа елден мекенжайы дұрыс емес хат келсе, 30 күннің ішінде сол елге, яғни адресантына қайтару керек. Ғалымдар 159 елдің ірі бес қаласына екі хаттан жолдайды. Сөйтіп күтеді. Саясатты жүргізу қабілеті жоғары (Canada, Norway, Germany, and Japan) елдер адресаты дұрыс емес хаттарды мерзімінде адресантына қайтарып жібереді. 16 елден хат мүлдем қайтпайды, олардың ішінде Тәжікстан, Камбоджа, Ресей бар.

Қазақстанның бес қаласына он хат жолдаған екен. Оның екеуі мүлде қайтпаған. Қалғандары үш ай мен бес айдың арасында кері қайтарылған.

Мемлекеттің саясатты жүргізу қабілеті дегеніміз осы. Барлық елде саясат бірдей, барлығы да өзара міндеттеме алған, бірақ сол саясатты орындауы әртүрлі. Бұл тек бір саланың бір міндеті ғана.

Бұл жерде енді Президент не істей алады? Адасып жүрген хатты неге уақытында кері жөнелтпейсің деп нұқып отыра ма? Жоқ, Қазақстанда ондай миллиондаған күнделікті іс-қимыл бар. Барлығы да бір ереженің төңірегінде атқарылады. Оған миллиондаған адам жұмылады. Әр салада. Мұғалім, дәрігер, құрылысшы, полиция, тағысын тағылар. Демек әр адам өз қызметін жақсы атқарса ғана жалпы мемлекеттің саясатты жүргізу қабілеті арта түспек. Демек мемлекеттің саясатты жүргізу қабілеті әрқайсымызға байланысты. Қазақстанның саясатты жүргізу қабілеті он мың жылдан соң мықтылар қатарына қосыла ма, әлде он жылдан соң ба, ол жағы әрқайсымызға байланысты.

Щыңғыс МҰҚАН

Пікірлер