Халық құрметтеген қайраткер Қонаевтың туған күні

148
Adyrna.kz Telegram
Сурет: abai.kz
Сурет: abai.kz

Бүгін -  қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым және ұлт жанашыры Дінмұхамед Қонаевтың туған күні.

Ол 1912 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

Дінмұхамед Қонаев 1960–1962 және 1964–1986 жылдар арасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы ретінде ел басқарған. Оның ел басқарған жылдарында қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен 43 қала пайда болды. Олардың қатарында өнеркәсіп орталығы  саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко, Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары бар.

Дінмұхамед Қонаевтың бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылған.

Сонымен қатар, Республика Сарайы, Спорт және Мәдениет Сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық Кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және темір жол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынды.

Дінмұхамед Қонаев «О моём времени», «От Сталина до Горбачёва», «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітаптарын жазып қалдырған.

1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің 18 минутқа созылған рекордтық қысқа пленумында Дінмұхамед Қонаев Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатылды. Оның орнына Геннадий Колбин сайланды. Оның мемлекет басына келуі желтоқсан көтерілісіне себеп болды.

1987 жылдың қаңтарында Қонаев КПСС орталық комитетінің саяси бюросынан, ал 1987 жылдың маусым айында КОКП орталық комитетінен  шығарылды.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы тамыздың 22-сінде, 82-жасқа қараған шағында Алматы облысы Алакөл ауданының Ақши ауылында қайтыс болды. Мемлекет және қоғам қайраткері 1993 жылы 25 тамызда Кеңсай зиратына жерленді.

 

Пікірлер