Түркінің ортақ латын жазуына Қазақстан атынан қол қойған

951
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы Әбдуәли Қайдардың туғанына 13 қазанда 100 жыл толды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әбдуәли Қайдар - қазақ халқының тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлға. Ол саналы ғұмырының басым бөлігін тіл білімі саласын дамытуға, ғалымдар даярлауға арнады. Академик Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазақ тілінің мәртебесі үшін қызмет етіп, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болды. Латын әліпбиіне көшу мәселесін тұңғыш көтеріп, президентке хат жолдаған.

Сондай-ақ, 1993 жылы Анкарада латын әліппесіндегі ортақ түркі жазуы нұсқасы бекітілгенде Қазақстан атынан қол қойып, ә әрпін енгізген.

Әбдуәли Қайдар 1924 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Орта мектепті және пед.курсты аяқтаған ол өзі сұранып майдаңға аттанған. Майдандағы жауынгерлік ерліктері үшін бірнеше жоғары дәрежелі ордендер және медальдармен марапатталған. Майданнан елге оралған ол 1947 жылы С.М.Киров  (бүгінгі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті атанады.

1951-1954 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясында аспирант, кіші ғылыми қызметкер болып, түркі тілдері жайында ғылыми ізденістер мен зерттеулер жаза бастайды. Соның нәтижесінде 1955 жылы «Қазіргі ұйғыр тіліндегі қос сөздер» тақырыбында кандидаттық, 1970 жылдары «Ұйғыр диалектілері және әдеби тілдің диалектілік негізі» атты докторлық диссертация қорғайды.

1971 жылы «Қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуы» монографиясы үшін Ш. Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлыққа ие болды.

Әбдуәли Қайдар 1972 жылы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, 1978 жылы Тіл білімі институтының директоры, ал 1983 жылы академик болып сайланады.

Осылайша аспиранттан академикке дейін өскен ғалымның бүкіл саналы ғұмырының жарты ғасырынан астам уақыты А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында өтті. Оның түркітану әлеміне, қазақ және ұйғыр тіл біліміне қосқан үлесін оның жазған ғылыми еңбектерінен, мектеп және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарынан көруге болады.

Пікірлер