Сексен бесінші көктем. Жұмысшыдан шыққан министр

1070
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – бұрынғы қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаевтың туған күні. Саналы өмірін еліміздің қауіпсіздік саласын бекемдеуге арнаған Сәт Тоқпақбаев 85 жасқа толып жатыр.

Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев 1939 жылғы 17 қыркүйекте Алматы облысы Іле ауданының ҚазЦИК ауылында дүниеге келген.

1963 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін заңгер мамандығы бойынша, КСРО МҚК №302 Минск мектебін, 1971 жылы КСРО СІМ Жоғары дипломатиялық мектебін тәмамдаған. 

1991 жылға дейін КОКП мүшесі, 1956 жылдан — Алматы облысы Іле ауданының «Комсомол» ұжымшарында жұмысшы, 1957 жылдан — Алматы облысындағы Боралдай кірпіш зауытының вагоншы-жұмыскері болған.

1958 жылы С.М. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің студенті, 1963 жылдың шілде айынан бастап Алматы облыстық прокуратурасының тергеушісі, 1963 жылдың қыркүйек айынан бастап КСРО МҚК №302 Минск мектебінің курсанты; КСРО МҚК кадрлық офицері, жедел өкілден ҚазКСР МҚК Басқармасының бастығы лауазымына дейінгі қызмет жолын өткен.

1991 жылдың қараша айынан бастап Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҚР МҚК Басқармасының бастығы, 1993 жылдың маусым айынан — ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, 1993 жылдың желтоқсан айынан — ҚР ҰҚК төрағасы, 1995 жылдың қараша айынан — ҚР президенті Күзет қызметінің бастығы — ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы міндетін атқарушы қызметтерінде болды.

1997 жылдың наурыз айынан — ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы, 1999 жылдың қазан айынан ҚР қорғаныс министрі, 2001 жылдың желтоқсан айынан ҚР президентінің кеңесшісі — сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және ҚР мемлекеттік қызметкерлерінің қызметті жөніндегі комиссияның төрағасы — ҚР президеті жанындағы азаматтық мәселелері жөніндегі комиссиянын төрағасы, 2002 жылдың қыркүйек айынан — «Еуро-Азия Эйр Интернэшнл» ААҚ Халықаралық еуразиялық әуе компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы, 2007-2011 жылдары — ҚР парламенті мәжілісі 4-шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

«Даңқ» (1997), «Барыс» (2008) ордендерімен; 14 медальмен марапатталған.

Айта кетсек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаевқа айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордендерін салтанатты түрде табыстады. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сәт Тоқпақбаевты қалың жұртшылық құрметтейтінін, оның еңбек жолы ел өмірімен тығыз байланысты болғанын айтты.

“Сіз қастерлі Отанымызға адал қызмет еттіңіз. Енді ғана тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған жылдары аса жауапты міндеттерді атқаруға білек сыбана кірісіп кеттіңіз. Еліміздің тыныштығы мен тұтастығын сақтау үшін орасан зор үлес қостыңыз. Шын мәнінде, мұны нағыз ерлік деп бағалауға болады. Қазір де қоғамға пайдалы істерді атқарып жүргеніңізді біз жақсы білеміз. Еліміздің лайық азаматысыз”, – деді мемлекет басшысы.

Пікірлер