Түркістандық эмиграцияның көсемі, cовет билігіне қарсы диссидент, большевиктер мен коммунистер басқыншылығына қарсы талмай күрескен, елінің тәуелсіздігі мен азаттығын аңсап өткен Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың шығыстану бағытында жазылған мақалалары назар аудартады. Ол осы арқылы шығыс елдеріндегі түркістандықтардың, қазақтардың мәселесін қозғап, оларға жергілікті биліктің қамқор болуын өтінеді.
Мұстафа Шоқай желтоқсан айында дүниеге келіп, желтоқсан айында бақилық болды. 1890 жылы 25 желтоқсанда Наршоқыда дүниеге келген ол 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде қайтыс болды. Алдағы 2025 жылы қайраткердің туғанына 135 жыл толмақ.
Осы күнге дейін аз айтылған тақырып – Мұстафа Шоқайдың шығыс елдері бойынша маман, халықаралық сарапшы әрі шығыстанушы ретіндегі қыры. Эмиграция көсемі, саяси мүддеге берік, зерттеу, зерделеуде сұңғыла Мұстафа Шоқай өз мақалаларын бірнеше тілде жазғанынан ұзап көп ештеңе айтылмай келеді.
МҰСТАФА ШОҚАЙ – ШЫҒЫСТАНУШЫ
М.Шоқай шығыс тақырыбына арналған мақалаларын орыс, ағылшын, француз тілдерінде де жазып отырған. Бірақ, орта түрік тілінде жазылған мақалалары тіл табиғаты жағынан ерекше. Орта түрік тілі – М.Шоқайды мыңдаған, жүз мыңдаған түркістандықтармен байланыстырған тіл. М.Шоқайдың орта түрік тілінде жазған мақалаларындағы шығыс елдері арнайы зерттеуді қажет етеді. Сонымен қатар, М.Шоқай шығыс елдерінің тағдырын, тарихын және саяси жағдайын Шоқан Уәлихановтан кейін жан-жақты қарастырған қазақ арасынан шыққан шығыстанушы ғалым.
М. Шоқай өмір сүрген кездегі шығыстанушылардың негізгі айналысқан тақырыптары М.Шоқай көтерген тақырыптарға сәйкеседі. Мысалы М. Шоқайдың өзі жеке таныс болған бірнеше танымал еуропалық шығыстанушы ғалым алғашында шығыстанушы ретінде сол елдің саяси ахуалына мән берген. Кейбір шығыстанушылар, әсіресе, ағылшын шығыстанушылары негізінен офицер және сосын дипломатиялық қызметте болған ғалымдар. Дипломатиялық қызметін атқара жүріп шығыс елдерінің тілімен, әдебиетімен, тарихымен, этнографиясымен және тарихи ескерткіштерін зерттеумен айналысқан.
М.Шоқай жеке таныс болған танымал шығыстанушы ғалымдардың ішінен француз тарихшысы, этнографы Жозеф Кастаньені (1875-1958), Поль Пеллионы (1878-1945), Жан Дениді (1870-1963), араб және парсы тілдерінің маманы Габриель Ферран, Париж Ұлттық кітапханасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі Эдгар Блошені және ағылшын шығыстанушысы Эдвард Браунды (1862-1926), шығыстанушы әрі дипломат Эдвард Денисон-Россты (1871-1940), неміс түркітанушысы Аннемари фон Габен мен т.б. бірнеше танымал шығыстанушыларды атап көрсетуге болады.
ШОҚАЙ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ТІЛДІК АЛУАНДЫҒЫ
Зерттеушілер арасында М.Шоқайдың араб әріптерімен жазған түрік тіліндегі мақалаларын «шағатай тіліндегі мақала» деп атау жиі кездеседі. Шын мәнінде М.Шоқай жазған тіл сол кездегі бүкіл түрік халықтарына «ортақ түрік тілі» (умуми түрік тілі). Біріншіден, М.Шоқай пайдаланған орта түрік тілінде жазылған мақалалардың түркі-шағатай тілінен едәуір айырмашылығы бар.
Екіншіден, М.Шоқайдың түрік тілі сол кездегі қазақ, өзбек, ұйғыр, татар т.б. түрік тілдерінде жарияланған басылымдардан айырмашылығы бар. Мысалы үшін «Қазақ», «Айқап» басылымдарының тілімен «Жас Түркістан» басылымының тілінде айырмашылық көп. Әрине, М.Шоқай пайдаланған түрік тілі сол кездегі «османлы» түрік тіліне жақын екендігі дау тудырмайды. Бірақ «османлы» тілінде жазылған дүниелерді Шығыс Түркістандағы, Делидегі т.б. шығыс елдеріндегі түркістандықтар оңай түсінген және тура осы тілде М.Шоқаймен хат жазысып, хат алмасқан.
Сондай-ақ сол кездегі «османлы» түрік тілі араб әріптерімен жазылып қоймай, оның ішінде қаптаған араб-парсы кірме сөздері болғандығын ескергенде бүгінгі түркиялықтар үшін де осы «умуми түрік тілі» біршама қиындықтар туғызады. Оның да өзіндік себептері бар.
Бүгінгі күнде түрік тілінің (Ыстамбұл) әліппесі өзгеріп кетсе, екіншіден араб-парсы сөздерінен біршама тазартылды. Бүкіл Түркістан оқырмандарының көпшілігі әліппенің өзгеруіне байланысты осы «умуми түрік тілін» бұл күнде жатырқайтын дәрежеге жеткен. Сондықтан сол кездегі исі түрік халықтарына ортақ тіл болған «орта0 түрік тілінде» жазылған М.Шоқайдың мақалаларын зерттеудің тілдік мәселері бар.
Айта кетер жай, бұл туралы Мария Шоқайдың естеліктерінде де қызықты мәліметтер кездеседі. Мария Шоқай жары дүние салған соң үйіне түркістандықтардың жиі келгендігін, Мұстафаның кітапханасын айналшықтап, оқу үшін кітап сұрайтынын жазады. Мария өзінің бермейтінін, бірақ түркістандықтардың сонда да ұрлап, тығып алып кететіндіктерін айта келе, бір қызығы Мұстафа шығарған «Яш Түркістан» журналын ешқайсысы оқымайтынын айтады. Жазуынша, араб әріптерімен жазылғандықтан бұл жазуды оқи алмағандарына қиналатын. Сауаты барлары журналды оқып болған соң, толқып, ішінде жазылғандардың бәрі рас екенін мойындайтын дейді Мария Шоқай. Бұл естеліктен түркістандықтардың біразы сол кездің өзінде араб әліппесімен жазылған «Жас Түркістан» басылымын оқудан қалып бара жатқандығын және осындай басылымдарды оқи алатындардың сирегенін аңғарамыз.
Бүгінгі оқырмандарға қиындық туғызатын «умуми түрік» тілінде жазылған М.Шоқайдың мақалалары 12 томдық шығармалар жинағына толықтай енді деп айта алмаймыз. М. Шоқайдың 12 томдық шығармалар жинағына енген «орта түрік тілінде» жазылған мақалаларының жалпы саны – 320. Олар негізінен мақалалар мен М.Шоқай жазған немесе М. Шоқайға жазылған хаттар. Әр жылдары жазылған осы мақалалар әртүрлі тақырыптарды қамтиды. Тақырыптардың негізгі бөлігі шығыс елдерінің жай-күйіне, тіліне, әдебиетіне және тарихы мен тағдырына арналады.
М.Шоқайдың өзі өмір сүрген заманда үлкен аймақтың (Шығыс Түркістаннан Түркияға дейінгі аймақ) тілі болған орта түрік тілінде мақалалар жазуы сол кездегі батыс пен шығыстың арасын ұштастыра білгендігін көрсетеді. М. Шоқай өмір сүрген кездегі орта түрік тілінің лексикасы негізінен араб және парсы кірме сөздерінен тұрғандығы баршаға мәлім. М. Шоқай сол кездегі «орта түрік тілін» шығыс халықтарының тілі ретінде пайдалану арқылы Иран, Ауғанстан, Үндістан, Мысыр және Шығыс Түркістандағы көптеген замандастарымен байланыс орнатып, хат-хабар алмасып, ой бөлісіп отырған. Бұл жерде айта кетер жай, сол кездегі орта түрік тілін білген адам араб пен парсыны игеруі оңай болғандығы. Әсіресе «умуми түрік тілін» білген адам парсы тілін жеңіл үйренетін болған. Соған қарап Мұстафа парсы тілін білген деп санаймыз. Ал, араб тіліне келетін болсақ бұл туралы жұбайы Мария Шоқайдың естелігіне жүгінеміз. Мария Шоқай өзінің естеліктерінде Мұстафа Шоқайдың ауылында түрік мұғалімі болған және ол Құранды жатқа білген. Ауыл балаларының ішінен ерекше зеректілігімен Мұстафа ерекшеленген. Құранды ең үздік оқитын бала болған. Бұны ата-анасы үлкен мақтаныш санайтынын жазған. Алайда Мария Шоқай Мұстафаның араб тілін білмейтіндігіне өкінетіндігін айтады.
М.Шоқайдың 12 томдық шығармалары жинағына енген мақалаларды сараптай келе, шығыс елдеріне арналған мақалаларын тақырыбына қарай бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады: Таяу және Орта Шығыс елдері (Палестина, Түркия, Мысыр, Иран және Ауғанстан), Шығыс Түркістан, Оңтүстік Азия (Үндістан), Қиыр Шығыс елдері (Қытай, Жапония және екі елдің тартысына айналған Маньчжурия).
АУҒАНСТАН, ИРАН ЖӘНЕ СОНДА БАРҒАН ҚАЗАҚТАР ЖАЙЫ
М.Шоқайдың Ауғанстан тақырыбына орыс, орта түрік, француз және ағылшын тілдерінде бірнеше мақала арнаған. Мақалалардың мазмұнына қарап, М.Шоқайдың төмендегідей мәселелерге тоқтағандығына куә боламыз. Біріншіден, Ауғанстан өз ықпалын жүргізуге таласқан екі елдің саяси ойын алаңына айналған. Оның бірі – Ресей императорлығы, кейіннен Кеңес одағы болса, екіншісі – Англия. Екіншіден, Мұстафа Ауғанстан мен шекаралас жерлерге большевиктердің таласы мен басмашылардың көзін құрту мақсатында Ауғанстан жеріне етене кіруді көздеген большевиктердің жымысқы саясатын сынайды. Үшіншіден, ол онсыз да саяси ахуалы өте ауыр Ауғанстан елін паналауға мәжбүр болған түркістандықтардың жағдайы туралы да жазған.
Мұстафа Шоқай осы тақырыптар туралы мақалаларын орыс және француз тілдерінде жазған. Бұл мақалаларда Ауғанстанның сол кездегі әмірі Амануллах пен большевиктердің достығы және бұған қатысты ағылшындардың іс-әрекеті баяндалады. Нәтижеде, Ауғанстан әмірі Аманулла Кеңес одағы мен Еуропаға саяхат жасап, өз еліне реформа жасауға тырысқандығы сөз болады. М.Шоқай мақалаларында Кеңес одағының ортаазиялық басылымдарының бірде ағылшындарды, бірде ауғандарды айыптағанын сынға алады. Ол Ауғанстан тақырыбына арнаған мақаласында ауғандықтардың да, ағылшындардың да ортаазиялық кеңес басылымдарымен жете таныс еместігі большевиктер үшін ұтымды болғандығын атап көрсетеді.
Бұл жерде басты назар аударатын мәселе большевиктердің ауған халқын өз патшасына және ағылшындарға қарсы қою арқылы ауған төңкерісін жасауға барынша ұмтылғандығы. М.Шоқай Ауғанстан тақырыбына арналған мақалаларында ауған халқының жағдайын баяндай отырып, бүкіл түркістандықтарға ой тастауды көздеген. Ауғанстанға арналған мақалаларының бірі ағылшын тілінде жазылған. Бұл мақала «Эйшатик ревью» журналында (The Asiatic Review. May, 1930. Vol. XXVI. PP. 324-330) жарық көрген. Мақаланың басында М.Шоқайдың осы уақытқа дейін аталмыш басылымда екі мақаласы жарық көргендігін және Таяу Шығыс мұсылман саяси ойларының лидері екендігі мен оның Түркия, Персия және Ауғанстанда көптеген байланысы бар екендігі мен сол байланысын пайдалана отырып аталмыш аймақтардағы мәселелер туралы мәлімет алып отыратындығы атап көрсетілген.
М.Шоқайдың Ауғанстанға қатысты көтерген екінші мәселесі – жер мен шекара мәселесі. Сондай даулы жердің бірі – Орта-Тоғай деп аталатын Амудариядағы арал. Кеңес одағы өздері осы аралдан кеткен соң, аралға басмашылар қаптап кетті деп баспасөз беттерінде жазып, елді дүрліктірумен әуре болады. Сондағы мақсаты – Ауғанстандағы таныштықты тек Кеңес одағы орната алады деген уәж. Ал Мұстафа Шоқай Кеңес одағы ауған жерінен шықса, елде тынышсыздық орнайды деген жалған тұжырымды сынға алып отырған.
Ауғанстанға қатысты үшінші мәселе тағдыр тәлкегімен осы елге қашуға мәжбүр болған түркістандықтардың тағдыры. Айта кетер жай Ауғанстан мен Иранға қашуға мәжбүр болған түркістандықтардың жағдайы бірге айтылады. Мешхедтен алған хаттың негізінде жазылған «Иран және Ауғанстанға қашқан түркістандықтардың жағдайы» және «Адамшылық және ағайындар атына» деп аталатын мақалаларда Иран мен Ауғанстан жеріне қашқан түркістандықтардың ауыр жағдайы баяндалады. Екі мақала мазмұндас және бірін бірі толықтырады. Бірінші мақалада 300000 үйлі түркістандықтардың Иран шекарасынан өтіп ішке қарай 30 фарсах жерге барып орналасуына жергілікті үкімет шешім шығарғаны сөз болады. Алайда, большевиктер жуық арада Ауғанстан шекарасына яғни Сарахсқа әскери күш кіргізетіні белгілі болғалы бері, түркістандық эмигранттардың мазасы кетеді. Енді, түркістандықтар Ауғанстанның шалғай аймақтарына көшуге, яғни Иранға барып орналасқан жерлерінен көшіп кетуге мәжбүр болып отырғандығы мен бұл орын ауыстырып көше берудің қайғы үстіне қайғы болғандығы баяндалады. Мақала залым большевиктерден қашып келген байқұс түркістандықтардың жан-айқайын тыңдайтын кім бар дегене сарынмен аяқталады. Бұл мақала 1932-жылы шілденің 30-жұлдызында жазылған. Екінші мақала да тура осы мәселе сөз болады. Иранға қашқан түркістандық эмигранттардың жағдайы адам шыдап болмас жағдайда екендігі жан-жақты сипатталады. Мақалада елден сыртқа қашуға мәжбүр болған түркістандықтар саны қанша екендігі белгісіз, тек қана Иранға қашқан түркістандықтар жайлы мәлімет бар екендігі сөз болады. Ал, Иранға кетуге мәжбүр болған түркістандықтардың саны – 250000-300000 үй. Түркістандықтардың Ирандағы жағдайларының сондай ауыр болғандықтан біраз түркістандықтар елге кері қайтып кеткендігі мен олардың «Жас Түркістан» редакциясынан жәрдем сұрап хат жазғаны жазылған.
Сонымен қатар, бұл мақалада 1919 жылы Иранның Гурган және Каспии жағалауындағы түркмендер бірігіп «Түркмен хандығын» құру туралы жоспар құрғандығы да сөз болады. М. Шоқай осы мәселе туралы: «Бүкіл түркмендердің бір мемлекет болып құрылуы Түркістан түркімендерін қызықтырмады деп айту қиын. Алайда, бұл жоспарды іске асыруға Ираннан Гурган аймағын тартып алғысы келеді деген қауіп туғызады деп, түркімендердің өздері бұл жоспарды қайтарып тастады», - деп жазады. Сөз соңында М.Шоқай Ирандағы түркістандықтарға жергілікті Иран үкіметінен жәрдем беруін өтінеді.
Ауғанстан елімен қатар М.Шоқай Иран (1936-жылға дейін Персия) елі туралы да бірнеше мақала жазған. Оның бірі жоғарыда атап көрсеткеніміздей Иранға қоныс аударуға мәжбүр болған түркістандықтар тақырыбына арналған. М.Шоқай Түрікстан түркмендерінің Иранға қашуы тақырыбына арналған неміс тілді “Memeler Dampftboot” газеті 1931 жылдың 30 шілдесі күні жариялаған «Түркістан түркімендерінің Иранға қашуы» атты мақаласын аударып «Жас Түркістанда» жариялайды. Мақаланың авторы – Росита Форбс (Rosita Forbes). Бұл мақалада шиғалардың орталығы, кілемдер мен түрлі алашалар сатылатын Мешхедке ішкі Ресейден түркмендердің қашып келіп орналасып жатқандығы мен олардың арасында ұлты түрік еместердің де бар екендігі айтылады. Жақын арада 21 адамнан тұратын бір топ шекарадан қалай өткені белгісіз, Мешхедке келген. Олардың ішінде жас балалар мен төрт әйел кісі бар. Ер адамдардың ішінде теміржолшы, көлік жүргізушісі, инженер және т.б. мамандық иелері бар, ұлты орыс. Бұл адамдардың Мешхедке келуіне себеп болған жай азық-ауқаттың жоқтығы мен Кеңес одағымен бірге келген ауыр тұрмыс. Неміс тілінде жарияланған мақаланы түрік тіліне аударып басқан М.Шоқай Иранға көшкен адамдар туралы, олардың ұлты, көшу себептері туралы мәліметтерді жіті қадағалап отырғанына куә боламыз. Ескере кететін жайт – Қазақстанның Маңғыстауынан шыққан қазақтардың да Иранға көш тоқтататын кезі осы, 1929-1930 жылдар. Олардың ұрпақтары бүгінде қазақтардың Ирандағы диаспорасын құрап отыр.
Иран тақырыбына жазылған мақалалардың біразы сол кездегі Иранның ағылшындар мен орыстардың арасында қалған түсініксіз жағдайына арналады. Ирандағы Қажарлар әулетінің соңғы шахы Ахмад шахтың биліктен кетуіне аз қалып, оның орнына Пеһлеви әулетінің келетін тұсы М.Шоқайдың назарынан тыс қалмайды. Большевиктердің араласуымен патша үкіметіне қарсы топтың басшысы Мырза Кучек-ханды (1881-1921) өздеріне қарату үшін жасаған әрекеттері талқыланады. Алайда М.Шоқайдың өзге де мақалаларынан большевиктер қаншалықты тырысса да, ирандықтар өз дегенінен қайтпағанын оқимыз. Қажарлар әулетін биліктен кетіріп оның орнына келген Пеһлеви әулетінің бірінші билеушісі Риза-шах жеті түрлі бағытта теміржол салу жобасын қолға алады. Риза-шахтың теміржол жобасы оның Кеңес үкіметіне бүйрегі бұратындығын байқатпайды, керісінше елдің төрт шетіне (шығыс, батыс, оңтүстік және солтүстік) бірдей теміржол салу Иранның ұстанатын саясатының басқа екендігін байқататынын жазады. Сонымен қатар, «Хорасанское волокно» мақаласында Мұстафа Кеңес үкіметінің Хорасан мақтасын үш есе қымбат бағаға сатып алу арқылы Персияға ықпалын жүргізіп және осы ықпалын сақтап қалуды көздегенін жазады. Мұстафа мұндайда Кеңес одағына Ираннан Хорасан мақтасынс атып алудың орнына Орталық Азия елдерін суландыруға қаражат жұмсағаны әлдеқайда ұтымды екенін айтып,сол кездегі Хоросан мақта комитетінің бас өкілі Зверевтің 1926 жылғы 24 наурызда «Правда Востока» газетіне берген сұхбатына сілтеме жасайды.
ҮНДІСТАНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДЫҚТАР
М.Шоқай Үндістан тақырыбына да бірнеше мақала арнаған. Соның бірі – орыс тілінде жазылған «В Индии» мақаласы. Бұл мақалада Үндістанның өз тәуелсіздігі жолындағы күресі мен Үндістан ұлттық конгресін құру жолындағы әрекеттері баяндалады. Үндістанда тұратын 350 миллион адамның 200 тілде сөйлейтіні мен ешбір кастаға жатпайтын 50-60 мыңдай адамның ауыр тағдырын М.Шоқай ашына жазады. Үндістан халқының бірігіп тәуелсіздік үшін күресуіне тіпті үнді зиялыларының өзі қарсы екендігін үлкен таң қалыспен жазған. Атап айтқанда Рабиндранат Тагор сынды танымал ұлт зиялылары бастаған топтың өзі Үндістанның Британия доминионы болғаны дұрыс деп есептейтіні бұл елдің тәуелсіздік алу арманын алыстатып жіберетіндігі айтылады. Ал, Аға-хан бастаған топтың Үндістан мұсылмандарының жеке доминион болуын қалайды. Большевиктер болса, Неру мен Гандиді әлдеқашан ел тәуелсіздігінің жауы етіп жариялап тастаған. Осындай қиын жағдайда қалған Үндістанның ең қауіпті жауы Мәскеу екендігін Қытай мысалында талдап берген М.Шоқай бұл жағдайдың түркістандықтар үшін сабақ болуын көздеген. М. Шоқайдың Үндістандағы ел тәуелсіздігі үшін күресті жіті бақылауда ұстау арқылы түркістандықтарға өзге елдермен салыстырғанда тек қана бірігу арқылы еркін, азат ел болуға мүмкіндіктері бар екендігін жеткізуді көздейді. Үндістан жұртымен салстырғанда бір дін, бір тілде сөйлейтін түркістандықтардың жағдайы мүлдем бөлек екендігіне оқырман назарын аударады.
М.Шоқайдың Үндістан тақырыбына арналған мақалаларының арасындағы орыс тілінде жазылған бір мақаласы Үндістандағы түркістандықтардың өміріне арналады. Делиден жеткен хаттың негізінде жазылған бұл мақалада 1934 жылы мамыр айында Дели қаласында «Эмигранттар үйі» ашылғаны жазылған. Түркістанда эмигранттар ұйымының белсенділері Абдолла Қаюм мен Махмуд Хасан Үндістанға тарыдай шашылған түркістандықтармен кездесіп, оларға нақты жәрдем жасаумен айналысқаны баяндала келе оларға тегін тамақ беру, білім беру, жұмыс тауып беру мәселесімен айналысып жатқандығы атап көрсетіледі. Қарап тұрғанымыздай М.Шоқай онсыз жағдайы ауыр елде өмір сүріп жатқан түркістандықтарға өз арасынан шыққан белсенділердің жәрдемдесуіне бір жағы қуанатындығын, екіншіден осы іс өзгелерге үлгі болу керектігін атап көрсеткен.
ЖАПОНИЯДАҒЫ ТҮРКІСТАНДЫҚТАР
Таяу және Орта Шығыс елдерінен басқа түркістандықтар алыстағы Жапон аралдарына дейін жеткені белгілі. Соның бір көрінісін М. Шоқайдың Жапония тақырыбына арналған мақалаларынан көреміз. М. Шоқай Жапония мен Қытай және осы елдің Маньчжурия үшін тартысы туралы көптеген мақалалар жазған.
Алайда бізге қызықтысы осы Жапония еліндегі «Жапонияда тұратын мұсылмандар мен Токиодағы ислам махаллесі» деп аталатын мақалалары. Мақалаларындағы мәліметтерге сүйенсек, сол кездері Жапонияда 500 жуық мұсылмандар тұрған. Бұлардың бәрі де Ресейде орын алған оқиғалардан соң Маньчжурияға көшкен және сол жерден Жапонияға көшіп барған түріктер. Жапонияға көшкен түрік мұсылмандары бірнеше қалаға бөлініп кеткен. Олар Токио, Киото және Нагоя. Жапонияда тұратын мұсылман түріктер 1927 жылы Жапония үкіметінің арнайы рұхсатымен Токиода «Ислам мектебін» ашады. 1928 жылы Жапонияда тұратын барлық мұсылмандардың құрылтайы болады. Құрылтай нәтижесінде Токиода «Жапониядағы мұсылмандар бірлігі» құрылады. Бұл бірліктің басшысы болып Токио имамы Әбд әл-Хайи Құрбанәли сайланады. Басшының бірінші, екінші орынбасарлары мен бас хатшы, бас хатшының бірінші және екінші орынбасарлары тағайындалады. Сонымен қатар, Токиода «Ислам баспасы» бар. Бұл баспадан шығатын ислам әдебеті мен мектеп оқулықтары араб әріптемін, бірақ түрік тілінде жарық көретін болған. Араб әріптерін 1929 жылы Түркиядан алдыртқан. Сондай-ақ ислам махаллесінің өтінішіне орай қаланың көрнекті жерінен мұсылман қабірстаны үшін арнайы орын бөлінгендігі баяндалады.
М. Шоқайдың мәліметтеріне сүйенсек түркістандықтар көшіп барған шығыс елдерінің ішіндегі ең жағдайы ауырлары – Иран мен Ауғанстанда тұратындар. Сонымен қатар, шығыс елдеріне қатысты М. Шоқай жазған мақалалар бүгінгі қазақ диаспорасының тарихын зерттеуге, жаңаша саралауға жәрдемдесері анық. Оның шығыстанушы ретіндегі қыры мен шығыстану ғылымына сіңірген орасан еңбегі әлі күнге терең зерттеп, зерделеуді күтіп жатыр.
Ғалия Қамбарбекова
шығыстанушы