Туған халқын "Мен" дегізген Мағауин. Эмиграциядағы жазушы Америкада дүние салды

654
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы, публицист, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин өмірден өтті. Бұл туралы жазушының ұлы Едіге Мағауин әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)”, - делінген жазбада.

Жазушының жаназасы 11 қаңтар күні АҚШ-тың Мэриленд штатында жергілікті уақытпен 10:00–де түріктің Diyanet Center of America мешітінде өтеді және сол штаттың зиратына жерленеді. Бұл туралы Америкадағы қазақстандықтар агенттікке мәлімдеді.

“Мұхтар Мағауиннің жаназасы қаңтардың 11-і, сенбі күні сағат 10:00–де Ленхем қаласындағы түріктің Diyanet Center of America мешітінде оқылады, қонақасы да сол орында 13:00–де беріледі. Жерлеу рәсімі 11:00–де Parklawn Memorial зиратында өтеді”, — деп жазылған жазушының ұлы Едіге Мағауиннің отандастарына жіберген хабарламасында.

Мұхтар Мағауин 1940 жылы 29 қаңтар (метірке бойынша 2 ақпан) күні Семей обылысының Шұбартау ауданы (бүгінде Абай облысы), Шыңғыстаудың күнгей етегі, Бақанас өзенінің бойындағы ата жұрты Көпбейіт-Босаға деген қоныста, ауыл мұғалімінің отбасында туған.

Ол 1957 жылы Шұбартау ауданы, Баршатас кыстағында орта мектепті бітіреді.

1957-1962 - Қазақ университеті филология факультетінің студенті;

1960-1961 - Алғашқы әнгімелері: «Бір уыс бидай», «Тіленші», «Әйел махаббаты», «Кешқурым», «Жаңылысу», т.б.

1961-1962 - Алғашқы зерттеу еңбек «Ер Тарғын» жэне қазақ эпосы»;

1962-1965 - осы университетте қазақ әдебиеті кафедрасының аспиранты.

1964-1965 - «XV-XVIII ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» атты кандидаттық диссертация.

1965 жылы қаңтар - үйленеді. Өмірлік жары  - Бақытжамал Нұрғалиқызы, 1944 ж.т. Елу жылдан астам ортақ шаңырақта алты бала тәрбиелеп өсірген, жиырма шақты немере сүйіп, әзірше бес-алты шөбере көрді.

1965 жылы қазан  - 1967жылы 30  сәуір - «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби сын бөлімінің меңгерушісі.

1967 жылы мамыр - 1971 жылы қараша - «Жазушы» баспасында бас редактордын орынбасары болған.

 Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды. Негізгі шығармалары да осы жанырда. Мұхтар Мағауин көптеген әңгімелердің, «Тазының өлімі» (1969), «Бір атаның балалары» (1973), «Көкбалақ» (1978), «Жүйріктің тағдыры» (1979), «Шақан-Шері» (1984) т.б повестерінің, «Көк мұнар» романы (1971) мен «Аласапыран» роман-диологиясының (1980-1982) авторы. Жазушының негізгі шығармалары орыс тіліне аударылған; СССР халықтары мен шет ел тілдерінде басылған. 1984 жылы М.Мағауинге «Аласапыран» тарихи роман-диологиясы үшін Қазақ ССР-ының Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.

Сонымен қатар, «Сары қазақ» романы, «Мен» мемуарлық дилогиясы, «Кұңфудзынын даналық дәрістері» кітабын, «Шипалы Арасан» хикаяты, «Тамыздан соңғы әнгімелер», «Одағай әңгімелер» топтамалары, “Жармақ” романын жазды.

Сондай-ақ, жазушының “Адырна” ұлттық порталында эссе-естеліктері, мақалалары, жаңа романынан үзінділері шығып отырды. Соңғысы Абай өлеңдерінің текстологиясына арналған мақала болатын.

Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.

«Мұхтар Мұқанұлы ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан заңғар тұлға еді. Төл руханиятымыздың төрге озуына, ұлт тарихнамасының тасқа басылуына өзінің алға қойған асыл мұратымен, қайтпас қажыр-қайратымен қалтқысыз еңбек сіңірді. Халық жазушысының қуатты қаламынан туған шығармалары, тарихи еңбектері, естелік-эсселері қалың оқырманның жүрегінен өз орнын тапты. Соңына бай әдеби мұра қалдырып, өнегелі өмір сүрген Мұхтар Мұқанұлының қайталанбас есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген жеделхатта.

Әлем таныған классик жазушы Мұхтар Мұқанұлы Мағауинның отбасы мен жақындарына, тұтас қазақ халқына қайғыра көңіл айтамыз!

 

Пікірлер