Түркістан облысында 19 жастағы Жасұлан Әбдіманаптың өлі денесі табылды. Ол 20 ақпанда моншаға кетіп, қайта оралмаған. Екі күннен кейін оның денесі далада табылды. Марқұмның жақындарының айтуынша, оны өз ауылдастары қинап өлтірген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Марқұмның анасы Райхан Жамалованың айтуынша, ұлы ауылдастарына сеніп, олар үшін бірнеше несие рәсімдеген. Жасұлан несиені төлеу мәселесін қозғаған кезде қарыз алғандар оны айдалаға апарып, 14 жерінен пышақтап өлтірген.
"Менің балам олардың анасы ауырғанына сеніп, көмек қолын созған. Бірақ олар алдап, бірнеше рет несие алдыртыпты. Енді қайтару уақыты келгенде, оны осылайша азаптап өлтірді", – дейді анасы.
Қазір бұл қылмысқа қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының мәліметінше, 19 жастағы жігіттің өліміне күдікті ретінде әскери қызметкер ұсталып, соттың санкциясымен екі айға қамауға алынды.
Марқұмның отбасы барлық кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етуде.