2025 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан ғылымының ірі тұлғасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы және бауыржантанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы дүниеден өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
1930 жылы 9 мамырда Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген. Мекемтас Мырзахметұлы 95 жасына қараған шағында өмірден өтті.
Ғалымның ғылымға деген құштарлығы мен табандылығы оны қазақ әдебиеті мен мәдениетінің терең зерттеушісі етті. 1953 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Кейін аспирантураға түсіп, бұл жолда Бауыржан Момышұлының қолдауы оның өміріндегі маңызды кезең болды.
Ғалым өмір бойы Абай Құнанбайұлының шығармашылығын зерттеуге ден қойып, "Толық адам" іліміне терең талдау жасады. Абайдың "Толық адам" концепциясының негізін аша отырып, бұл ілімді жастардың рухани дамуының іргетасы ретінде қарастырды.
Мекемтас Мырзахметұлының еңбектерінің ішінде Абай туралы он томдық ірі зерттеуі ерекше орын алады. Сонымен қатар ол Ясауи ілімі, Шәкәрімнің "Ар ғылымы" сияқты философиялық жүйелердің дамуына қатысты құнды деректер жинақтап, қазақ руханиятының биігіндегі тұлғаға айналды.
Мекемтас Мырзахметұлы Қазақстанның түрлі ғылыми-зерттеу институттарында, университеттерде қызмет атқарды. 1975-1991 жылдары Қазақстан ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтында Абайтану бөлімінің меңгерушісі болды. Сонымен қатар ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі және ғылыми орталықтарының жетекшісі қызметін атқарған.
Мекемтас Мырзахмет Түркістан облысы Түлкібас ауданында жерленуі мүмкін.