Бүгін қазақтың абызы, әйгілі қаламгер, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың туғанына - 85 жыл. Ол - кемелділік пен парасатқа толы шығармалары арқылы халық жадында мәңгі сақталған тұлға.
Қаламгер 1939 жылы Маңғыстау өңірінде дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алып, еңбек жолын «Қазақ әдебиеті» газетінен бастаған. Бірқатар қызметтерде жемісті еңбек атқарып, ел Тәуелсіздігін алған тұста Тұңғыш мемлекеттік хатшы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Жоғарғы Кеңес Төрағасы болды.
Әбіш Кекілбаев қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру жолында көп еңбек сіңірді.
Оның шығармалыры - қазақ әдебиетінің құнды қазынасы. Халқымыздың ғана емес, әлемнің жазушысына айналған қаламгер артында өшпес мұра қалдыра білді.
Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» - жазушының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, 1979 жылы «Тырау-тырау тырналар», 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-1993 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат», 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.
2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көпжылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің бестомдық жинағы жарыққа шықты.
Саналы ғұмырында тек жазушы ғана емес, қоғам қайраткері ретінде де таныла білген Әбіш Кекілбайұлы 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы қызметін атқарды. ҚР Парламенті Сенатының, Мәжілісінің, одан бұрын Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болды.