Күн сайын құбылып тұрған мына заманда технологиялық күш қуаттың да әсері адам санасына әсер етері анық. Ал осындай дамудың көшіне жасанды интеллекті келіп қосылса ше? Байқасаңыз, қазір ChatGPT сияқты тілдік модельдер түрлі салада кеңінен қолданыла бастады.
Бүгінде шығармашылық әлемі де бұл өзгерістерден тыс қала алмайды. Қазір ChatGPT жазушыларға, аудармашыларға, оқырмандарға көмекші құрал қызметін атқарып жүр.
ЖИ КӨМЕГІМЕН ШЫҒАРМА ЖАЗУҒА БОЛА МА?
Деректерге сүйенсек, ChatGPT әдеби шығармалар жазуға шабыт беріп, тың идеялар ұсынуға, кейбір мәтін құрылымын дайындауға көмектесе алатынын білдік.
Тіпті кейбір жас қаламгерлер поэзия, әңгіме, роман жазу барысында осы құралды емін-еркін пайдаланып та жүргені белгілі. Сонымен қатар, әдеби талдаулар жүргізу, шығармаға қажетті кейіпкерлердің мінез-құлқын саралауға осы құрылғының мүмкіндігі зор. Аударма саласында да ChatGPT-нің рөлі артып келеді. Әрине, ол кәсіби аудармашының орнын баса алмайтыны тағы бар. Бірақ сөздік қорын байытуға көмек береді.
Ал қазір осы технологиялық өнімді пайдаланып, шығармалар жазып жазу әлем әдебиетінде үрдіске айналып бара жатқанын естідік. Мысалы, Уаң Шывие атты қалам ат қолданған қытай жазушысы «Үш оқиға» атты әңгімесін толықтай жасанды интеллектінің (ЖИ) көмегімен жазыпты. Ал Рие Кудан есімді жапон жазушысы да жасанды интеллектіні пайдаланып, Токионың болашағы туралы қысқа роман жазып, былтыр Акутагава әдеби сыйлығын жеңіп алған.
ЖИ ОРЫНДАЙ АЛМАЙТЫН ҚАСИЕТ
Тізе берсек, осындай мысалдар әлі де көп. Бұл туралы біз қаламгерлермен тілдесіп көрдік.
Мысыр жазушысы Моан Шалабия: «Шығармашылық – әдебиеттегі негізгі адами элемент болып қала береді. Сондықтан жасанды интеллекті нағыз оймен жұмыс істейтін жазушылардың орнын алмастыра алмайды. Жазушылар өз шығармаларында әлемді өзіндік тұрғыдан көрсетіп, өмірлік тәжірибесін және көркемдік сезімталдығын жеткізеді. Шығармашылық тек сөздер мен грамматиканы меңгерумен, әдеби жанрлардың құрылымдары мен түсініктерін игерумен шектелмейді. Сондай-ақ ол сезімді жеткізу, ойдан шығарылған және шынайы кейіпкерлер жасау, түрлі тақырыптар мен жанрларды зерттеу қабілетін қамтиды. Қаламгерлер өз мәдениетінен, кейіпкерлерінің өмірінен, сенімдері мен армандарынан шабыт алатыны сөзсіз. Оқырман жүрегіне жететін шығармалар үлкен ой мен терең шабыттан туады. Ал бұл қасиетті ЖИ орындай алмайды,- дейді Шалабия
«Әдебиет – жазушылардың өз аудиториясымен байланыс орнату құралы болып келе жатқанына сан ғасыр өтті. Олар өз идеяларын, шығармашылық түйсігін, өмірлік тәжірибесін оқырмандарымен бөліседі. Латын Америкасы әдебиетін мысалға алсақ, автор мен оқырман арасындағы эмпатия шығарманың мәнін арттырып, оны белгілі бір толық контекске айналдырады. Ал ЖИ-дің осындай байланыс орнатуға қабілеті жете бермейді. Сондықтан оның туындылары оқырман үшін әсерсіз әрі мағынасыз болуы мүмкін», - дейді Мысыр жазушысы Моан Шалабия.
«БІЗ ҮШІН МҰНЫ СӨЗ ЕТУДІҢ ӨЗІ АҚЫЛҒА СЫЙЫМСЫЗ...»
Ал бұл үрдіс туралы біздің қаламгерлер қалай ойлайды деген сауалмен жазушы Қуаныш Жиенбайға хабарластық: ««Жасанды интеллектімен көркем шығарма жазу дегенді өз басым санаға сіңіре алмаймын. Бәлкім, бұл бір-екі айда бір роман жазып тастайтын «инкубатор» қаламгерлерге қажет шығар. Бірақ ол шығарманың өміршең болатындығына күмәнім зор. Иә, ЖИ мәшине құрастыру цехына қажет, жүрекке операция жасайтын аппараттың ара-кідік орнын ауыстыруға болар, ал шығарма жазу... Жо-жоқ, атамаңыз! Мейлі, мың жерден «әулие» болса да, оның бойында жүректің дірілін сезінетін «құдіретті» таба алмайсыз-ау, таба алмайсыз?!» - дейді жазушы.
Қуаныш Жиенбайдың айтуынша, шығарманың жаны – көркем, кестелі тіл.
«Ана тіліміздегі таңғы шықтай мөлдір, ағыстай терең, талай толғаныстар мен қайшыласқан сезімдерге толы иірімдерді жасанды интеллекті таяу жылдар ішінде «игеріп кетеді» дегенге, басымды кесіп алса да сенбеймін! Біз үшін әзірге мұны сөз етудің өзі ақылға сыйымсыз. ЖИ арқылы шығарма жазу – көркемдік тәсілді көрге тығу!» - дейді ол.
ChatGPT әдебиетті оқуға ынталандырушы құралдың бір түрі деп қабылдасақ та кеш емес. Ал бүгінгі оқырман белгілі бір автор туралы, шығарманың мазмұны не тақырыбы жөнінде ақпарат іздесе, ол дер кезінде ғаламтордан іздеп бере алады. Бұл жағдай бір жағынан әдебиетке деген құлшыныс пен қызығушылықты арттырады. Қалай болғанда да, ендігі жерде қоғамға, тұтас оқырманға адамның шынайы сана-сезімінен, жүрегінен туындаған шығармалар керек екенін ұмытпаған дұрыс.
Дүйсенәлі Әлімақын