Бүгін, көрнекті жазушы, публицист, аудармашы, сыншы және журналист Ғаббас Қабышұлы 90 жасқа толды.
Ол 1935 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Ұранқай ауылында дүниеге келген.
Ғаббас Қабышұлы еңбек жолын 1955 жылы облыстық «Алтай большевигі» (қазіргі «Дидар») газетінде корректор, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарудан бастады. 1966 жылы республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысып, жауапты хатшының орынбасары, көркем әдебиет және әдеби сын бөлімдерінің меңгерушісі болып қызмет етті.
1974 жылдан КСРО Әдеби қоры Қазақ филиалының директоры, 1983 жылы республикалық «Ара-Шмель» сатира журналының бас редакторы, 1994–1996 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы қызметтерін атқарған.
Әзіл-сықақ әңгімелер, новеллалар, сын, көркем очерк, көсемсөз, түрлі тақырыпқа мақала жазған жазушының сатиралық көріністері «Қымызхана», «Тамаша» театрларында сахналанған.
Ғаббас Қабышұлының өткір тілі мен қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге қатысты сыншыл көзқарасын 2011 жылы жазылған, президент сайлауына дайындық кезеңін бейнелейтін "Кандидаттың аты - кандидат" сатиралық әңгімесінен де аңғаруға болады.
"Бітпейтін кезекті мерзімдерінің келесісінің бітуіне әлі бір жылы болса да, баяғыдан бергі президентіміздің қайда, неге асыққанын иии... кім білсін, әйтеуір, мерзімінен бір жыл бұрын қайта сайлануы қажеттігін етікке қайың шеге қаққандай етіп айтты", – деп, билік басындағы тұлғалардың асығыстығы мен заңды өз ыңғайына икемдейтін әдетін әжуалайды.
Сондай-ақ, жазушы халықтың мінез-құлқын, сайлау процесіндегі формализм мен популизмді ашық сынайды.