Қазіргі қоғам кітап оқуға зәру ме?

204
Adyrna.kz Telegram

Сіз кітап оқисыз ба? Балаларыңыз ше? Оқысаңыз қандайын?  Неліктен қазіргі қоғам негізгі мәселеден тысқары бейтарап қалуға бейім? Осынау сауалдар алдыны ораған сайын көзіқарақты әрбір азамат бей-жәй отыра алмасы анық.

"Кітап-білім бұлағы, білім- өмір шырағы" , "Кітапсыз білім жоқ,біліміз күнің жоқ". Осы бір ұранға айналған, тіпті кешегі Кеңестік өміріміздің ажырамас бөлшегі іспеттес  қанатты сөздер сол кезеңнің жастары санасында әлі күнге  жаңғырып тұр.

ХХ ғасыр адамзатының  алға ұмтылып, ғылым мен білім биігін бағындырып, таным көкжиегіне із қалдыруы, ғаламат  жаңалықтар ашуы, кітап кеміріп, көз майын тауысып ізденуі арқылы ұлы бетбұрыс жасағанын  айғақтайды. Бүгінгі жаңа иновациялық-технология заманы жаңа ұрпақ, жаңа қоғам игілігі үшін аса пайдалы болғанымен, әлемде интернеттік басыбайлылық, ғаламторлық құлдық дәуірін тудырды. Алысқа бармасақ та өз жастарымыз бүгін шыққан жаңа үлгідегі айфон байланыс құралын білгенімен, жаңа жарық көрген ұлы жазушы шығармасын білмейді.  Тіпті танымайтыны таңғалдырудан қалып барады. Жасыратыны жоқ,  жастардың басым бөлігі кітап мәдениетін, сондай-ақ, ұлттық фольклорды тану, әлем әдебиетін оқудан мүлдем махрұм деседе болады. Сол олқылықтың орнын қалай толтыруға болады?

Бүгінгі таңда қоғам өмірінде алдыңғы орынды БАҚ құралдары соның ішінде теледидар алатыны белгілі. Электронды, бейнелі мәдениет қарқынды дамып, оның көлеңкесінде кітапхана, архивтік материалдар қоры  қалып отырғаны анық. Шынтуайтында, жастар кітаптан бас тартқан жоқ. Оны насихаттау құралдары бұл тұрғыда үнсіз қалуда. Неліктен теле-радио арқылы түрлі әдебиеттерді насихаттау, оқыту, қызықтыруға болмасқа?  Қазақ халқының ауыз әдебиеті, жазба мәдениеті өкілдерінің озық шығармалары мен әлем классиктерін етене таныстыру арқылы біз бүгінгі өскелең ұрпақты өркениеттің тұманды соқпағынан аман алып шығамыз.

Кітап адам баласының көзін ашып қаріп танығанынан бастап қарттық кезеңіне дейін рухани байытып қана қоймай, оның өзіндік принцпін ұштап, абыздық деңгейге дейін жеткеруіне себепші болады. Бұл хақында талай оқымысты ғалымдар мен мемлекет қоғам қайраткерлері өз пікірлерін білдіріп кеткені аян. Абай данышпан өз қарасөздерінде адам баласының білсем көрсем деген ынтызарлығы ашқарақтығы нәпсімен шектелмей, ғылым-білімге ұмтылып, тағыда оқысам танысам білсем десе ол адамның хакімі, байлықты малмен ғана өлшеп, өз қарақан басының мұңынан аса алмаса, ол пенденің бейшарасы деген пәлсапалық түйін жасауы тегін емес. Өткен ғасырдың 80-жылдары Батыс елдері рухани дағдарыс кезеңі деп атаған мезгілде керісінше Кеңес одағы ең кітапқұмар ел санатында аталатын. Бүгінгі уақыт иінінде көптеген алпауыт елдер өздерінің жіберген орны толмас олқылықтарын толтыру үшін барын салып, жоғын жоқтап, тапқанын  түгендеуге кірісті. Олар электронды дүниетанымының орнына отбасылық кітапханалар, қоғамдық кітап көрмелерін қайта жандандыруға бет түзеді. Бұл адамзаттың  өз жіберген кемшілігін түзеуге деген беталысы деп түсінген абзал. Тіпті азуы алты қарыс Американың өзінде миллиондаған тиражбен парсы ақыны Жалаладдин Румидің шығармаларын қайта басып шығару қолға алынған. Өзгелерден оқ бойы озықпыз дейтін американдықтардың кітап оқуға отыруы  өркениеттің қателігін тағы бір мойындауы деп қабылдасақта болады.

Біздің ұлтымыздың рухани игілігіне қызмет ететін өскелең ұрпақ рухани дімкәс күй кешпес үшін бүгінгі Ұлттық кітапханадан бастап мектеп кітапханаларына дейін кітап қорларын байытып, ұстаздардан бастап қоғамның бетке ұстар азаматтарына дейін кітапханадан табылуы міндет. Олар олай етпейінше біз жас жеткіншектерді дүрелеп кітапқа бас қойдыра алмаймыз. Әсіресе көне әдебиеттер қорын, соның ішінде өзіміздің ұлттық кітапханадағы сирек әдебиеттерді сақтап қалудың мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Тамыры терең тарихы 100  жылға жуық Ұлттық кітапхана өз басынан өткерген сұрапыл жылдар тезінен аман өтіп, өз қазына қорын сол қалпы сақтап қала алды. Ұлттық кітапхана басында болған белгілі ұлт қаймақтары репрессия құрбанына айналды. Соған қарамастан олар ұлтқа қызмет ететін бай кітапхана қорын шашау шығармай біздерге аманаттады. Бүгіндері сирек кітаптар қорын аман алып қалу үшін еліміздің физика-химия саласының білікті мамандарынан құралған ғалымдар кітапхана қорындағы өте көне кітаптарды сақтап қалудың тиімді жолдарын қарастыруда. Ол мүмкін болды да. Көне құран жазбаларының жырымдалған парақтарындағы жазуларды айна-қатесіз көшіріп, химиялық ертінділер көмегімен зертханаларда қалпына келтіре білді. Бұл біздің еліміздегі ғылымның тамаша табыстарының бірі. Келешектеде археологиялық қазба орындарынан табылған көне ұлттық жәдігерлеріміз бен жазбаларды өскелең ұрпақтың пайдалануына кең жол аша берер деген үміттеміз. Сондай бір игілікті шараның  айғағы Алматыдағы кітап мұражайында сақталып келген 50 мың сирек кітаптар қорының Астанадағы Ұлттық мұражайға тапсырылуы десек болады.

Барымызды бағалап, жоғымызды түгендеп, құнды жәдігерлерімізді сақтап қалудың бар амалын қарастыру келешек ұрпақ қамы үшін жасалатын игі қадамдар. Ал осыны ұғынатын  түйсік, сезінетін  сана керек. Оның жолы тек болашақты бүгіннен қайта кітап оқуға отырғызу арқылы жүзеге асатын қадам. Халқымыздың қайраткер ұлы Олжас Сүлейменов: "Бастысы біздің балалардың  кітап оқығаны керек. Маңыздысы біздің халық кітапқа қайта бас қойғаны қажет. Себебі кітап адамзаттың рухани-жан дүниесіне орасан зор пайда әкеледі." дейді (С.Абдулло. "Сөз сиқыры-Магия слово" 117 бет). Шынайы оқымысты көзі ашық адам ешқашан ашуға, жеңілтектікке бой алдырмайды. Ұлы әдебиетті оқу арқылы адам өзін тәрбиелейді. Классика басбұзарлық пен қылмысқа қарсы қару. Қазіргі заман тынысында баспалық әдебиеттер мен газеттерге бәсекелес ғаламтор болып отырғаны ащы да болса шындық. Ғаламтор желісі бір жағынан өте қолайлы замануаи ақпараттық жетістік болғанымен, екінші тұрғыдан адамдардың қасіретіне айналып барады. Қаншама қазыналы сөздер мен құнды дүниелерді кітап арқылы табасыз. Ал ғаламтор жылдам хабар алғызу құралы болғанымен қажетсіз қатігез көріністер мен жеңіл үрдіс лайын ұрпақ санасына тоғытып жатыр. Барлық көзіқарақты ғалымдар мен оқымыстылар осыған қарсы бас көтеруі тиіс. Қажетсіз монографиялар мен мақалаларды жазуға уақыт кетіргенше, ұрпақтың  қайта кітапханаға оралтудың жолын  жол іздескендері керек.

Кешегі әлем әдебиетінің жауһарларын дүниеге әкелген Абай,  Науай, Достаевский, Толстой, Чехов, О,Гэнри, Мопассан, Онеро де Бальзак, Омар Хаиям, Фиродуси, шығармаларын білмейтін, ХХ ғасырдың ғаламат әдебиет өкілдері  Есенин, Булгаков,  Блок, Цветаева, Жұмабаев, Майлин, Жансүгіров жасаған керемет образдар мен лирикаларымен таныспаған ұрпақ ертеңгі ғажайып өмірдің іргетасын қалайды деуге көңіл сенбейді. Мол білімі мен жоғары интеллектуалдық көзқарасы, өте шымыр эруддициясы тамаша талғамы болған жеткіншек тәуелсіз елдің тірегі болып қана қоймай, ұлт көшбасшысы деңгейіне дейін жетуі ғажап емес. Үш тұғырлы тілді оқыту бағдарламасын бастамас бұрын оқушы ең алдымен өз тіліңде кітапты шебер оқып, сөз қорын жетік меңгеруі тиіс. Өз тілінде керемет сөйлейтін адам өзге тілде нашар сөйлемесе керек. Жапондықтар өз балаларын ең алдымен ана тілінде оқытып,ес біліп етек жинағаннан соң ғана өзге тілдерді оқуына жол ашады. Бұл ұлт саулығы ұрпақ байлығы үшін маңызды деп түсінсек болғаны.

Біздің тарихшылар ғалымдар, филологтарымыз Орхон жазбаларын танып зерттеу арқылы  арғы ғұн дәуірінен бергі  ата-бабаларымызда жазу-сызу болғандығын, қыш кітап оқу дамығанын дәлелдеді. Бертінгі мыңжылдықтардан сақталған қолжазбаларды тиянақты зерттеп оқу арқылы біз өзімізге көмескі белгісіз болып келген талай сауалдарға жауаптар таба білдік.

Осыдан 1000 жыл бұрын ұлы оқымысты шежіреші Әбу-райхан Бируни : "Хатқа түскен хабар өзге хабар түрінің ең  қажет әрі тиімдісі. Әлбетте біз халықтың қазыналы ойын мәңгілік қалам ізінен түскен ескерткіштер болмаса қайдан білдік?" деуі осының айғағы.

Жазушы-журналист Тілеужан Есілбаевтың Олжас Сүлейменовпен "Экспресс-К" газетінде болған сұхбатында (2013ж.16 наурыз) ақынның: "Қазақстан кезінде  оқымысты Ұлы елдің бөлшегі болатын. Бір кездергі осы дардай атағымызды қайтарып алуымыз керек. Бұл тәмсіл 2050 жылдан ертерек боларына сенімім мол. Егер біз ұрпағымыз  ителектуалды жан дүниесі бай елдердің озық отыздығына кірсін десек кітап оқуды қайта өрістетуіміз қажет. Кітаптары сирек  дүкен сөрелерінде сырты жылтырақ  кітаптарды, газет киоскілеріндегі текстінен гөрі баттиған суреті көп сауатсыз басылымдарды тек сауаты төмендер ғана қарауы мүмкін. Мен мұндай көріністі Африка мен Азияның кейбір кедей аудандарынан көп көзім шалған" дегені еріксіз еске түседі. Сондай-ақ, қайраткер ақын өз сөзінде Толстой мен Әуезов романымен екі сағат ішінде танысу үшін  экранға сүйрелеп шығармай, кітапты асықпай баяу оқуға шақырады. Оқырман өзін классиктер шығармасындағы кейіпкерлерімен  апталап танысуға, оның мұңын бөлісіп жан дүниесіне үңілуге бейім тұруы тиіс. Олар кино режиссерлары қынап жонған образдармен шектелмеуі тиіс екенін, мемлекеттік тіл дамымай отыр деп байбалам салуымыздың төркіні кез келген ортада мәртебелі ұлы әдебиеттің қолдауынсыз  алысқа бармайтынымызды тағыда еске салып отыр.

Кеңестік Қазақстан тұсында 1935 жылғы "Казахстанская правда" басылымы беттерінде: "Жылдан жылға кітап қоры молайып, Алматыдағы  Қазақстанның көпшілік кітапханасына келушілер қатары артып отыр. 1932 жылы оқырмандарға 29000 мың кітап берілсе, былтыр 48627 кітап таратылған, тіпті кітапхананың оқу залының тарлық етуіне байланысты Алматы стансасының клубы, Крайсоюз автобазасы мен Түрксіб клубтарына жылжымалы кітапхана  ұйымдастырылған. Мұнымен қатар көптеген кітап көрмелері мен фото көрме бұрышы әскерге шақырту пункттері мен Горький атындағы демалыс саябағында қолға алынды..." ("Ұлттық кітапхана" журналы.№1,2011) деген жолдар көзге шалынды. Қылышынан қан тамған Кеңестік  қасаң жүйе тұсында кітап оқу үрдісінен жаңылмаған елдің жаңа дәуірдің рауандап атқан таңы шапағына шомылмастан төл әдебиеті мен мәдениетінен жаңылуы, кітап оқу дәстүрінен бас тартуы кешірлмес күнә. Жоғарыда тарихи дәлелдемелер мен танымдық  тұрғыдан да ақиқат ауылынан алыстамай, шынайы ұлттық болмысымызды қалыптастырып отырған әдебиет пен мәдениетті насихаттау кезек күттірмес проблема екенін ашық айттық. Бір Олжас қана емес көптеген ұлт жанашырлары мен қаламгерлері көтеріп отырған кітапқа оралту мәселесі бүгінгі ұрпақтың санасын дүр сілкіндіретін, жүрегін шымырлататын,ойына  қозғау салатын мәселе екенін қайта-қайта қоғам есіне салу. Бір нашақор өзінің жалғыз жапа шекпеуі үшін маңайына үш-төрт сыбайласын тартады. Ал бір оқырман өз жанына бес-алты адамды кітап оқуға тартса қызықтырса, нұр үстіне нұр болмас па? Қоғам өмірінің  негізгі атрибуттары БАҚ пен жарнама роликтерін пайдалану арқылы майталман мамандарды тарту  жолымен насихат жұмыстары қолға алынса, алынбайтын қамал аспайтын асу болмас . "Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?" демекші қоғамдық институттар бір-біріне жөн сілтеп болғанша уақыт доңғалағы алысқа ұзап, қысқа жіп күрмеуге келместің кебін кимесек болғаны. Кітап оқуды жаппай насихаттау қоғамдық ортаның басты назарында болғаны керек. Қазақ классикасының басындағы М.Әуезов, Б.Майлин, С.Мұқанов шығармаларымен сусындаған ұрпаққа  50--70 жылдардағы әдебиеттің дүркіреп көтерліп, күркіреп  жеткен  алдыңғы буыны Қ.Аманжолов,  Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, С.Жүнісов, О.Бөкей, Б.Мұқай, М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Р.Тоқтаров, С.Мұратбеков, О.Әубәкіров сынды майталман өкілдерінің ғажайып туындыларымен танысуға мүмкіндік ашылмақ. Бүгінде нарық заманы кезінде әдебиет майданына ерте аралсақан Айгүл Кемелбаева, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Серік Сағынтай, Маралтай, Бақыт Беделхан, Әлібек Шегебай, Бақытжан Алдияр тәрізді жас қаламгерлер дүниесін тұщынып оқуға өріс кең. Мөлдір тұма бұлақтай таза әдеби  шығарма адам баласының жан дүниесін байытумен қатар адами қадау-қадау қасиеттерін оятып, қоғамдық ортада өзгеше мінез, адами-моральдық қатынас орнатуға септігін тигізіп қана қоймай, келер ұрпақ тәрбиесіне жол ашады. Бүгінгідей тек экономикалық қана емес, рухани дағдарыс кезеңі туындаған алмағайып шақта бұқаралық ақпарат құралдарында әсіресе соның ішінде бір сарынды телехабарлар, жалған бояумен әрленген жасанды жобалар, рухани берері жоқ жөнсіз жеңіл бағдарламаларды шектеп, материалдық жетістіктен гөрі моралдық құндылықтарды бағалау басты назарда болғаны  керек.

Кітап мәдениетін қалыптастыра білген қоғамның ертеңгі өркениет есігін именбей ашарына сеніміміз мол.

 

                                                             Арман Жусанбай

                                                             

Пікірлер