Бердібек Сокпақбаев өз өмірін көркем сөзбен өрнектеген жазушы

327
Adyrna.kz Telegram
Биыл қазақтың аса көрнекті балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына жүз жыл толып отыр. Жазушының жүз жылдығына орай елімізде көптеген мәдени шаралар өтуде. Соның бірі 20 қараша күні Алматыда, Атакент орталығында «Ұлы Жібек жолымен» ХІІ Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі аясында жазушының «Атамұра» баспасынан шыққан «Менің атым Қожа», «Меня зовут Кожа» және «Балалық шаққа саяхат» атты кітаптарының жаңа басылымдарының тұсаукесері өткенін айтуға болады. Кітап жаңа дизайнмен қазақ және орыс тілінде жарық көрді. Қаламгердің мерейтойы жыл басынан бері ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқаны белгілі. Жазушыға өзінің туған жері  Нарынқолда еңселі ескерткіш тұрғызылды.
Бердібек Соқпақбаевтың өмірбаяндық деректері туралы бірер сөз.
Жазушы 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытты. Одан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында қызмет етті. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болды.
Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптары жарыққа шықты. Оның «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған.
1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі (Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
«Менің атым Қожа» кітабының тәрбиелік мәні мен басты ойы
Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы – қазақ балалар әдебиетінің ең жарқын туындыларының бірі. Бұл повесть тек балаларға емес, ересектерге де қызықты. Шығарма басты кейіпкер – Қожа Қадыровтың өмірінен алынған оқиғаларды баяндап, оның арманшыл, аңғал, кейде тентек мінезін сипаттайды. Әдебиетте мұндай шығармалар балалардың тәрбиесіне, адамгершілік құндылықтарды түсінуіне ерекше ықпал етеді.
Қожа – шынайы бала бейнесі
Қожа – ауылда тұратын қарапайым оқушы бала. Ол өз мінезімен, еркелігімен, кейде дұрыс және кейде қате шешімдерімен қазақ баласының шынайы бейнесін көрсетеді. Қожаның тентек қылықтары оның кейде қиындықтарға тап болуына себеп болады. Мысалы, мектептегі тәртіп бұзушылықтары, достарымен және ұстаздарымен келіспеушіліктері оның өмірінің бір бөлігі. Алайда бұл қасиеттер Қожаны жек көрінішті емес, керісінше, жақын әрі түсінікті етеді.
Қожа үнемі өзін "жақсы бала" болуға тәрбиелеуге тырысады. Оның өзімен-өзі сөйлесіп, өз әрекеттерін саралап отыратын сәттері арқылы оқырман оның ішкі жан дүниесін түсіне алады. Мәселен, ол тентектігінен кейін жасаған істеріне өкінетінін және ендігәрі бұлай істемеуге тырысатынын көрсетеді.
Шығарманың тәрбиелік мәні
Кітаптың басты идеясы – адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа шақыру. Қожа өз әрекеттерінен сабақ алып, шындық пен адалдықтың әрдайым бірінші орында тұруы керектігін түсінеді. Оның қиындықтарға қарамастан жақсы адам болуға ұмтылысы балаларды өздеріне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.
Қожаның анасымен қарым-қатынасы да шығарманың маңызды аспектілерінің бірі. Анасы оны жақсы көріп, үнемі қамқорлық танытады, ал Қожа анасының үмітін ақтауға тырысады. Ана мен баланың қарым-қатынасы мейірімділік пен сыйластықтың үлгісін көрсетеді.
Бердібек Соқпақбаевтың "Балалық шаққа саяхат" кітабы: өмір шындығы мен жан жылуы
Бердібек Соқпақбаевтың "Балалық шаққа саяхат" шығармасы – қазақ әдебиетінде ерекше орын алатын автобиографиялық туынды. Бұл кітапта жазушы өзінің балалық шағындағы өмірін еске алып, сол кезеңдегі ауыртпалықтар мен қуаныштарды шынайы әрі әсерлі суреттейді. Шығарма арқылы автор оқырманға балалық шақтың маңыздылығын, оның адам өміріндегі орны мен әсерін жеткізеді.
Балалық шақтың шынайы бейнесі
Шығарма негізінен 1930–1940 жылдардағы қазақ даласының әлеуметтік жағдайы мен ауыл өмірін сипаттайды. Бас кейіпкердің өмірі – сол кездегі қиыншылықтардың айқын көрінісі. Оның кедейлік пен жетімдікті бастан өткеруі, жалғыздықтан жапа шегуі, сонымен бірге өмірге деген құштарлығы мен алға ұмтылысы – бұл шығарманың басты өзегі.
Балалық шағы қиындыққа толы болғанына қарамастан, кейіпкер әрдайым алдағы күнге үмітпен қарайды. Оның табиғат аясындағы өмірі, ауылдың тыныс-тіршілігі, балалар арасындағы достық пен қайшылықтар шынайы суреттелген. Автор осы арқылы балалық шақтың тәтті әрі ащы сәттерін еске түсіреді.
Тәрбиелік мәні
Кітап балалық шақтың адамның болмысын қалыптастырудағы маңызды рөлін көрсетеді. Бас кейіпкердің ерте жастан еңбектенуге мәжбүр болуы оның жауапкершілік пен табандылық қасиеттерін қалыптастырады. Ол қиындықтарға мойымай, өзіне сенім артып, жақсы өмір сүруге талпынады.
Шығарманың тағы бір маңызды қыры – адамгершілік құндылықтарды насихаттауы. Жазушы мейірімділік, адалдық, төзімділік сияқты қасиеттерді жоғары қояды. Кейіпкердің адал еңбегі мен қарапайым өмірі арқылы оқырманды өмірдің шынайылығын түсінуге және қадірлеуге шақырады.
Қазақ даласының тынысы
Бердібек Соқпақбаев шығармасында қазақ халқының дәстүрі, тұрмыс-салты мен мәдениеті ерекше орын алады. Ауыл өмірі, қарапайым адамдардың тіршілігі, табиғатпен үндескен өмір салты оқырманға жылы сезім ұялатады. Сонымен қатар, автор сол заманның тарихи шындығын жеткізе отырып, адамдардың қиындықтарға төзімділікпен қарсы тұрғанын көрсетеді.
«Балалық шаққа саяхат» – бұл тек балалықтың естелігі емес, сонымен бірге өмірге деген махаббат пен үміттің символы. Бердібек Соқпақбаевтың бұл шығармасы оқырманды тек қана өткенді еске түсіруге емес, бүгінгі өмірді бағалап, болашаққа сеніммен қарауға шақырады. Шығарманың шынайылығы мен жүректен шыққан қарапайым тілі оны қазақ әдебиетінің алтын қазынасына айналдырды.
Жазушы Б.Соқпақбаев құрметіне өткен осы жиынға белгілі қаламгер Әлібек Асқаров, журналист Қайнар Олжай, сатирик Ермахан Шайқы, Кітап Палатасының директоры Әділ Қойтанов және «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс, ақын Серік Қалиев қатысып, кітаптардың тұсауын кесті. Ал, жазушының қызы, әрі, оның кітаптарының орыс тіліне адармашысы Самал Бердібекқызы жиналған кітапсүйер қауымның сұрақтарына жауап беріп, әкесінің кітаптары Франция, Түркия, Әзербайжан және өзге елдерде жарық көргенін, ал, «Атамұра» баспасы кітаптарды өзімен жасалған «Авторлық құқын сақтау Шарты» негізінде басып шығарғанын, «Менің атым Қожа» кітабының мұқабасын белгілі суретші Досбол Қасымов, ал «Балалық шаққа саяхат» шығармасының мұқабасын суретші Мейіржан Нұрғожин арнайы тапсырыспен көркемдегенін айтты.
«Менің атым Қожа» және «Балалық шаққа саяхат» туындылары – қазақ әдебиетінің ерекше шығармасы. Қожа бейнесі арқылы Бердібек Соқпақбаев балаларды адамгершілікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеудің керемет үлгісін көрсетеді. Бұл кітап әр оқушыны өз қателіктерінен сабақ алуға, жақсы болуға, ата-анасы мен ұстаздарының үмітін ақтауға шабыттандырады. Сондықтан бұл туынды тек көркем шығарма ғана емес, өмірлік тәлім беретін құрал болып табылады.
Жазушының шығармаларының мәні мен мазмұны уақытпен өлшенбейді. Себебі, қазіргі заманда бала тәрбиесінің маңызы артпаса – кеміген емес. Өмір заңы осыған жетелейді. Әр буын өз ұрпағын шынайылылыққа, адами қасиеттерге тәрбиелеуге ұмтылады. Ендеше, бала психологиясын, оның ойлау қабілетін, қиялы мен арманын сырттан емес, педагогикалық қызметте жүріп «іштен бақылаған» жазушы, өзінің өмір тәжірибесін өз шығармаларында қазқалпында бере білді. Бұл, әрине, жазушының барлық шығармаларында көрініс тапты және ол нағыз дарынды жазушының ғана қолынан келетін жетістік еді. Сондықтан, біз қазіргі заман балалар әдебиеті туралы айтқанда, оны классикалық формада өмірге әкелген бірденбір жазушы Бердібек Соқпақбаев деп сеніммен айта аламыз. Оның шығармалары әлі де балалар әдебиеті үшін үлгі болып қала береді.
Әбдірашит Бәкірұлы
Пікірлер