Тоқаев сот жүйесін реформалау туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды”, – делінген хабарламада.
Жаңа заңға сәйкес, Астанада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот құрылмақ. Кассациялық тәртіптегі істер алдын ала қаралмай, үш судьядан тұратын алқаға тікелей жіберілетін болады. Кассациялық сатыдағы істерді қарау мерзімі алты айдан аспайды. Сот талқылауы тараптардың шақырылуымен ауызша жүргізіледі.
Кассациялық сотқа бас прокурордың орынбасарлары, бас әскери және көлік прокурорлары да наразылық бере алады. Түзетулерге сәйкес ұйымдарды экстремистік деп тану туралы азаматтық істерді қарау мерзімі бір айдан 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Жоғарғы сотта сот актілері жоғарғы сот судьясының ұсынысы бойынша ерекше жағдайларда ғана қайта қаралатын болады.