AQEDIL TOISHAN: 10 жылдан кейін. Америкадан ағатайым қоңырау шалды

779
Adyrna.kz Telegram
Жазушы Мұхтар Мағауин. Сурет magauin.com сайтынан алынды.
Жазушы Мұхтар Мағауин. Сурет magauin.com сайтынан алынды.

Кеше  кешкісін  Америкадан ағатайым қоңырау шалды. Ағатайым деп отырғаным – алты алаштың абызы,данышпан жазушы Мұхтар Мағауин көкем. Сексеннің сеңгіріне шыққан семсер тілді  жазушының бозбала кезімнен көкейіме  қонақтаған қоңыр дауысы мұхиттың арғы шетінен қыранның үніндей саңқылдап шықты. Шыны керек, ағамызды біз де сағынып қалыппыз, ағамыз да біздей бауырларын сағынғаны сөз ләмінен сезіліп тұрды.  Сәтін салғанда байланыс жүйесі оңтайлы болып, көкемнің үні дәл қасымда тұрғандай бөгетсіз естіліп, ой тиегін ағытқан ағатайым ақтарыла сөйлеп, алғаусыз сыр шертті. Қазақ халқының қазіргі көкейкесті мәселелері, рухани хал ахуалымыз, өзінің шығармашылық жоспары, жарық көрген 26 томдық шығармалар жинағы, Шыңғыс хан, Жошы ұлысы тауарихын жаңғырту төңірегінде толғамды ой-пікірлерімен бөлісті.  Ағамыз қазіргі уақытта жоспарлы ем-шара қабылдап жүрген көрінеді. Жазу-сызу он бес күндей аялдап тұрғанын айтты. Ағамыз кезекті үлкен жұмыс, өнер жолындағы жаңа жорықтар алдында сәл дамылдап, денсаулығын тыңайтып, күш-қуат жинап, баптанып отырған сыңайы байқалады. Бір байқағаным, қашан да  қалың елінің, қаймана қазағының буырқанған өмір-тіршілігіне немқұрайлы қарамайтын жанашыр һәм жанкүйер  М.Мағауинге тән қырағылық, сергектік пен  сезімталдық алып мұхиттың арғы жағында отырғанымен сәл саябырламаған, керісінше күшейе, үдей түскен секілді. Қыран М.Мағауин біздегі құмырсқаның қыбырын, шіркейдің ызыңын да сергектікпен қадағалап үн қатқанына қайран қалдым.

Кемеңгер М.Мағауин ағамның алдына барған біздей інілері небір ғажап шынайы, дәйекті де мәйекті  әңгімелерін  естіп, рухани байып, сеңгір таудың жотасына көтерілгендей серпіліп қалатынбыз. Ағамыздың алғаусыз ой-пікірін, ақ жауындай селдеткен алғыс-батасын үй-ішімізбен бірге естіп, осы жолы да  еңсеміз көтеріліп,мейманамыз тасып, өсиетті сөздерінен өмірімізге таусылмас азық, сабақ алғандай әсерде болдық. Қазақтың ескі мұрасы, түрік халықтарының салт-дәстүрі туралы зерттеу бағытыма ақыл-кеңес беріп, тілектестігін білдіріп, алдағы уақытта жасалатын шаруалар мол екендігіне де тоқталды. Жастайымнан шылбырымнан ұстап, жетекке ертіп, тәлім-тәрбие беріп, жасандылықтан ада, жақсы адам болуды қағидат еткен ағатайым – маған да, барша алашқа да айбын, темірқазық. Менің өз басымда  алыста жүрген ақсақалды  қанша сағынсам да мазалап хат жазып, қоңырау шалу ғадетімде мүлде жоқ. 2014 жылы ағатайым Америкадан елге  келген бір сапарында, ол кезде   мен Астанада едім, арнайы Алматыдан қоңырау шалып, тілек-ниетін білдіріп, шығармашылық жоспарын әңгімелескен. Содан бері, міне, тура 10 жыл жөңкіліп өтіпті. Ал М.Мағауин ағатайым сол кездегі көздеген жоспарын асыра орындап, 26 том еңбегін алашына тарту етті, Шыңғыс хан, Жошы хан,сайыпқыран Сайын хан, ескі түркілердің елдік тарихын жаңғыртты, көшпенді халықтардың тұтастығын ту етті. Ағамыз өзі дәріптеген Жамбыл атаның жасына келсін, көптомдығы алашына құт-тұмар болсын, маған сөйлескен сәтін тиек етіп дұғай сәлем жолдаған Тұрысбек Сәукетай, Қорғанбек Аманжол секілді «Жұлдыздың» жампоздары және аты-жөнін атап үлгермеген ниеттес-тілектес көптеген дарынды іні-қарындастарына ыстық сәлемі бар, қабыл алыңыздар!

Akedil Toishan

 

 

 

 

 

 

Пікірлер