Қазақстанның БРИКС-пен ынтымақтастығы – жаһандық дамудың жаңа мүмкіндігі - Президент

883
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Қазан қаласында өткен «БРИКС+» саммитіне қатысты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі мәлімдеді. Мемлекет басшысы «БРИКС+» саммитіне қатысып, пленарлық отырыста сөз сөйледі. Өз сөзінде БРИКС ұйымының жаһандық ықпалдылық орталығына айналып жатқанын және өзара тиімді ынтымақтастыққа ұмтылған көптеген елдердің оған қызығушылық білдіріп отырғанын атап өтті.

«БРИКС-тің дамуға деген зор әлеуеті бар және ол әртүрлі континенттердің мемлекеттерін біріктіріп, барлық қатысушылардың игілігі үшін ортақ мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, ынтымақтастықты нығайтады. БРИКС болашақты бірлескен өркендеу, өзара құрмет пен серіктестік қағидаттарына негізделе отырып құру үшін қажетті ресурстар мен тәжірибеге ие», - деді Президент.

Қазақстан Президентінің пікірінше, БРИКС-тің көпжақты күш-жігері БҰҰ қызметін үйлесімді толықтырады. Өйткені БҰҰ әлемдік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін әмбебап құрылым болып қала береді.

«Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды және оны Африка, Латын Америкасы және Азиядан жаңа мүшелермен кеңейтуді қолдайды. Ғаламдық Оңтүстік елдерінің дауыстары бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін шешуде маңызды рөл атқаруы тиіс. БРИКС бұл үдерісте негізгі рөл атқара отырып, орташа державалар мен дамушы экономикалардың жаһандық басқару құрылымындағы өкілдігін күшейте алады. Қазақстан БРИКС-ті жаһандық прогрестің қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырады», - деп атап өтті Тоқаев.

Ал Ресей президенті Владимир Путиннің БРИКС жұмысына Қазақстанның белсенді араласатынына үміті зор.

«Құрметті Президент мырза, сіз БРИКС-тің дамуына назар аударып, оған жоғары баға бердіңіз, сондай-ақ, елдеріңіздегі сауда айналымының 50%-ы БРИКС елдеріне тиесілі екенін атап өттіңіз. Бұл біздің өзара іс-қимылымыздың нақты маңызды құрамдас бөлігі. Әрине, логистика да маңызды. Біз мұны түсінеміз және оған үлкен мән береміз. Біз бірлескен жұмысымызға белсенді қатысады деп үміттенеміз», – деді Путин БРИКС+/аутрич форматындағы БРИКС саммитінің қорытынды отырысында.

Еске сала кетейік, Қазақстан президенті БРИКС саммитіне қатысу үшін Қазанға сапарлады. Осы қарсаңда Қазақстанның жақын арада бұл ұйымға қосылуға ниеттенбейтіні айтылды. Елдегі сарапшылар бұл мәлімдемені әртүрлі қабылдады.

Пікірлер