АРМАН ӘУБӘКІР: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бізге не берді?

868
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары елордамыздың төрінде дүркіреп өтті. “Мұндай іс-шара керек пе еді? Соншама қаражат шығындаудың қажеті бар ма?” дегендей сөздер де қоса тарады. Ал енді бұл жобаның маңыздылығы туралы аз-кем болса да өз пікірімді жазуды жөн көрдім.

1. Рухы мықты ұлт - жасампаз ұлт

Бұл іс-шара ең әуелі ұлттың рухын бір көтеріп тастады. Даңғойлық, мақтаншақтық десеңіз де өз еркіңіз. Әдетте өз-өзіне сенбеген адам ешқандай жетістікке жете алмайды. Тура сол сияқты рухы пәс ұлт та жасампаздық деңгейге көтеріле алмайды.
Өткен қателіктер мен ақтаңдақтардан сабақ аламыз. Ал тарихтағы жетістіктер ұлт ретіндегі өз-өзімізге деген сенімділігімізді арттырады.
Осынау Көшпенділер ойындарында еліміз өткен тарихқа саяхат жасап, ежелгі көшпенділер өркениетін көзбен көргендей керемет әсерге бөленді. Өшкені қайта жаңғырып, өлгені қайта тірілгендей қазақ елі бір рухтанды. Бойындағы ұлттық коды оянып, өздерінің нағыз түп-тамырын тапқандай болды.

2. Тарихи таным арқылы отаншылдық сезімін ояту

Біз төл тарихымыз бен мәдениетімізді, байыры өнеріміз мен ұлттық спортымызды көзбен көрген сайын бойымыздағя отаншылдық сезім ояна түседі. Ата-бабамыздың ұланғайыр жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен ғана емес, ақыл-парасаты мен рухани құндылықтарының арқасында сақтап қалғанын түйсініп, түсінеміз.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынында әрбір аймақ киіз үйлер тігіп, аймақтарындағы ең құнды жәдігерлерді өздерімен бірге бас қалаға ала келіпті. Абай облысынан жеткен Абайдың Әйгерімге сыйлаған ер-тоқымы көпшілік әлі күнге талқылап жүр. Ұлттық тағамдар мен киімдер, киіз үйдің әрбір бөлшегі, ән мен күй өнері, “Қара жорға”, “Қамажай” тәрізді би өнері бір апта бойы Астананың төрінен орын алды.

3. Жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру

Бұл ауқымды іс-шараның тағы бір көзге көрінбейтін терең мәні бар. Ол жат діни радикалдық ағымдарға қарсы ұлттық иммунитетті ояту. Әсіре діншілдердің қазақ мәденинтіне оқтын-оқтын шабуыл жасап, олардың шамалары жетсе, бізді түп-тамырымыздан, төл болмысымыздан қопарып тастауға ұмтылып жүргені баршаға аян. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бай тарихымызды, асыл мұрамызды жарқыратып айдай әлемге көрсетті. Соның арқасында, ұмыт қалған көшпенділер дүниетанымы, этнографиялық элементтер санамызда қайта жаңғырды. Егер де ұлттық болмысымызды жоғалтпасақ, жат діни ағымдар біздің есігімізден де сығалай алмайтын болады.

4. Қыз-келіншектер теңдігі

Біз сақтарда Тұмар, Заринадай ел басқарған әйел билеушілердің болғанын жақсы білеміз. Ал Шыңғыс ханның шөбересі, Үгедей ханның немересі, Хайду ханның қызы Айжарық (Хутулун) туралы көбіміз хабарсызбыз. Ол туралы керемет аңызды саяхатшы Марко Поло да жазады. Айжарық әкесі Хайдумен бірге жорыққа да аттанып, саятқа да шыққан екен. II Дүниежүзілік соғыста Орта Азия мен Орталық Азиядан тек Қазақстаннан ғана батыр қыздардың шығуы тегін емес. Күні кешегі Көшпенділер ойындарында Әлия мен Мәншүктің ержүрек сіңлілері аттың құлағында ойнап, садақ атып керемет өнер көрсетті. Мұны көрген шетелдіктер “Біз Қазақстанды әйелдер құқығы шектелген ел деп ойлаушы едік. Қазақ қыздарының қару асынып алып ерлермен бірдей ат үстінде өнер көрсеткені, тұмшаланбай ұлттық киім киіп жүргені қандай жарасымды” деп таң-тамаша болып тамсанып жатты. Расында, “стан” деген жалғауы бар мемлекеттердің басым бөлігінде әйелдер қауымына деген көзқарас көңіл көншітпейді. Осындайда “Шіркін-ай, “Қазақ елі”, “Қазақ Республикасы”, “Қазақия” деп аталсақ қой” деп қиялға берілетініміз де бар. Кім білсін, ол күн де туар.

5. Ұлттық туризмге қосылған елеулі үлес

Атаулы шара туралы шетелдік қонақтардың қазақ мәдениеті мен тарихына арналған видео репортаждары, блогтары әлі де жариялануда. Зор қызығушылықпен, сондай бір жылы жүрекпен әзірленген ерлі-зайыпты еуропалық блогерлердің видео репортажын екі-үш қайтара көріп шықтым. От қой енді, от!!! Әлеуметтік желіден іс-шараның шығыны көп, табысы аз болыпты деген сындарды да оқып қалдым. Негізі осы тектес шараны шағын деңгейде болса да жыл сайын өткізу керек! Сонда ғана ол қаржылық табыс әкеле бастайды. Әлемде адам саны күн санап артуда. Ұлттық туризм саласын дұрыс жолға қоя білсек, ол адамдардың бәрі де - тұтынушылар.
Ал рухани-мәдени құндылық, еліміздің иммиджі тұрғысынан алсақ, іс-шара өз-өзін әлдеқайда ақтап шықты. Тіпті бұл тұрғыдан алғанда табысқа шықтық деп айтсақ та жарасады. Аста-төк қаражат жұмсалатын шара аз емес қой, бірақ дәл мұндай ауқымды рухани іс-шараның қашан соңғы рет өткені есімізде жоқ. Бәлкім, өтпеген де шығар.
Басқа-басқа, ғылым мен білімнен, ұлттық құндылықтардан қаражат аямауымыз керек. Білім мен ұлттық құндылықтар - құстың қос қанатындай қатар жүруі тиіс. Сонда жас толқын нағыз тұлға болып қалыптасады.
Ал ұлттық туризм саласына әжептеуір іргетас қаланғандай. Енді тоқтатпай жылма-жыл осы сүрлеуді кеңітіп, дамыта беруіміз қажет.

Түйін:
Той болған соң аратұра төбелес те болады. Кейбір той сол төбелесімен есте қалады емес пе? Қазақ пен қырғыз арасында туындаған дауды айтпағанда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтті. Ашылу салтанаты ел аузында аңыздай тарады. Димаштың ашылу салтанатына қатысып, соңынан екі күн қатарынан концерт беруі де өте сәтті ойластырылған. Респект!
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ел жүрегі - Астанада өткені үлкен жетістік болды. Абрырайымызды асқақтатып, мерейімізді үстем етті. Мұндай рухани-мәдени іс-шаралар кешені басқа жерде емес, дәл Елордада ұйымдастырылғаны - биліктің ұлттық құндылықтарға деген оң көзқарасын айғақтайды. Дәл осындай игілікті істе кері тартпай, керісінше жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілік таныта білсек - нағыз азаматтық ұстаным сол болмақшы.

Арман Серікұлы,
“Адырна” ұлттық порталының жетекшісі

Пікірлер