Дубайдан қымбат пәтер сатып алған қазақтарды құзырлы органдар тексермек

1157
Adyrna.kz Telegram

Дубайдан қымбат пәтер сатып алған қазақтарды құзырлы органдар тексермек. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Мәжілісте депутат Ринат Заитов ауқатты қазақстандықтар шетелден қымбат жылжымайтын мүлік алғанын жеткізді.

“Сіздер (әлеуметтік желіден) көрген шығарсыздар. Дубайда (БАӘ) 3 мыңға жуық пәтері бар қазақтар анықталды. Пәтер құны ең кем дегенде 500 млн теңге тұрады. Осы шетелде жылжымайтын мүлкі бар адамдарға неге салық қарастырылмаған, неге оларға салық салынбайды?” - деді ол.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұл мәселені құзырлы органдар тексеретінін атап өтті.

“Бізден «Басқа елдерден неге салық өндіріп алмайсыз?» деп сұрап жатырсыз. Біріншіден, «Мүліктің пайда болуы заңды ма, заңсыз ба?» дегенді қазір Бас прокуратура жанындағы (Активтерді қайтару жөніндегі) комитет өзінің жұмысына пайдаланады деп ойлаймын. Бұл – біздің олигархтардың меншігі ғой немесе заңсыз, қылмыстық жолмен табылған мүлік болуы мүмкін. Оны құқық қорғау органдары тексереді”, – деді министрдің орынбасары.

Екіншіден, мүлік салығын тұрғылықты жері бойынша өндіреді.

“Мысалы, бізде Дубайдың азаматы пәтер сатып алса, оның салығын БАӘ сұрамайды. Оны біз сұрап аламыз. Сондықтан салық тұрғылықты жері бойынша өндіріледі. Егер ауылда үйіңіз болса, сол ауданның бюджетіне сіз салық төлейсіз”, - деп түсіндірді вице-министр.

Пікірлер