Павел Дуров ата-ана құқығынан айырылды

970
Adyrna.kz Telegram
Фото: esquire.kz
Фото: esquire.kz

Швейцария соты Telegram негізін қалаушы Павел Дуровты ата-ана құқығынан айырды. Бұл туралы өзін Дуровтың үш баласының анасымын деп атаған Ирина Болгар Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Ирина Болгардың айтуынша, 2022 жылдың соңында Дуров оған еркінен тыс және мәжбүрлі түрде БАӘ-ге көшуін талап еткен. Ал ол уақытта екеуінің арасындағы қарым-қатынас іс жүзінде тоқтағанын айтады.

«Дуров маған ай сайын 150 мың еуроға дейін ақша жұмсауға құқық беретін нотариалды куәландырылған мерзімсіз рұқсаттар негізінде жылдар бойы пайдаланған барлық картамды бұғаттады. Мен өзімнің және балаларымның құқықтарын заңды түрде қорғайтынымды айтқанымда, ол балалардың еуропалық иммиграциялық құжаттарын ұзарту туралы келісімдерге қол қоюдан бас тартты»,– деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ, ол ультиматум әйелдің және балаларының құқықтарын қорғау үшін еуропалық соттарға баруына жол бермеу үшін қойылғанын айтты.

«Ол маған Женевадағы балалар мен ересектерді қорғау трибуналына жүгінуден басқа амал қалдырмады. Бұл арқылы балалардың әкімшілік құжаттарын өз бетінше ұзартуға мүмкіндік алуды көздеді. Женеваның қамқоршылық органдары жүргізген тергеуді бастады, нәтижесінде Дуровтың үш баламызға қатысты ата-ана құқығынан айыру туралы шешім қабылданды», – деп бөлісті Болгар.

Ирниа Болгар қамқоршылық органдарына Дуровпен байланысқа шығуға болатын барлық номерді бергенін айтады. Алайда кәсіпкер жауап бермеген.

Еске сала кетсек, 28 тамызда Павел Дуров бостандыққа шықты. Франция соты Telegram иесін қамаудан босатты. Ол 5 млн еуро көлемінде кепіл төлеп шыққан. Дегенмен, оған Франциядан кетуге тыйым салды. 

Пікірлер