Сеулде президенттің жақтастары мен қарсыластары митингіге шықты

438
Adyrna.kz Telegram
Фото: Yonhap
Фото: Yonhap

Сенбі күні Сеулдің орталығында мыңдаған демонстранттар жиналып, Оңтүстік Кореяның биліктен шеттетілген президенті Юн Сок Ёльдің дереу қамауға алынуын талап етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Корея Республикасы бірнеше аптадан бері іс жүзінде басшылықсыз өмір сүріп жатыр. Бір ай бұрын парламент Юн Сок Ёль мен оның орынбасары Хан Док Суға импичмент жарияланды. Қазір елді экономика министрі басқарып отыр.

Демонстранттар Юн Сок Ёльге желтоқсан айының басында төтенше жағдай енгізуге тырысқаны үшін «бүлік» жасады деген айып тағылғанына байланысты оны дереу қамауға алуды талап етті. Наразылық білдірушілерді ызаландырғаны – құқық қорғау органдарының президентті қамауға алу әрекетіне оның жеке күзет қызметі кедергі келтіргені.

Елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі қауіпсіздік қызметінің президенттің резиденциясына бірнеше сағат бойы тергеушілерді кіргізбегеннен кейін, олардың қауіпсіздігіне алаңдап, тергеушілерін қайтарып алғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Юн Сок Ёльдің жақтастары да көшеге шығып, Ұлттық Ассамблея жариялаған импичментті алып тастауды талап етті.

Yonhap агенттігінің деректеріне сүйенсек, Сеулдің орталығындағы Кванхвамун алаңында шамамен 35 000 адам Юнды қолдау митингісіне қатысып, кейіннен Ёнсан ауданының Ханнам-дон аймағына барып, Юнға қарсы шыққан наразылық білдірушілерге қарсылық көрсеткен.

400 метр қашықтықта Кореяның Кәсіподақтар Конфедерациясының (KCTU) мүшелері Юнды дереу қамауға алуды талап етіп, митинг өткізген.

KCTU мүшелері Юнның резиденциясына жақындамақ болған, бірақ полиция оларды бөгеп тастады. Қақтығыс барысында полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады деген айыппен екі адам ұсталды.

Наразылық білдірушілер жолдарды жауып тастап, аймақта көлік қозғалысының айтарлықтай қиындауына себеп болды. Сондай-ақ, Сеулдегі Ханганджин станциясы уақытша жабылып, пойыздар бұл станцияға тоқтамай өтіп жатыр.

Биліктен шеттетілгеніне қарамастан, Юн Сок Ёль кейбір артықшылықтарын сақтап қалып, оның ісі Конституциялық сотта қаралғанша, күзет қызметінің қорғауында болмақ.

Еске салсақ, 14 желтоқсанда Оңтүстік Корея парламентінің 300 депутатының 204-і Юн Сок Ёльді президенттік қызметінен шеттетуге дауыс берген болатын. Бұл шешімге оның елде төтенше жағдай енгізуі себеп болды.

Пікірлер