Түркия Украинада тез арада атысты тоқтатуды жақтайды. Бұл туралы бейсенбі, 2 қаңтарда Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан бельгиялық әріптесі Бернард Квентинмен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«ХХІ ғасырда Еуропаның орталығында жүздеген мың адамның өмірін қиған, тұтас бір елді жойған соғыс және осы соғыстан туындаған көші-қон, экономикалық және басқа да дағдарыстар мүмкіндігінше тезірек аяқталуы керек», - деп келтіреді Фидан Hurriyet газетінің сайтында.
Түркияның сыртқы істер министрінің айтуынша, Квентинмен кездесу барысында олар Еуропада және бүкіл әлемде соғыстың аяқталуы туралы өз пікірлерін білдіріп, осы мәселе бойынша ойларымен бөліскен.
Қараша айында Фидан Ресей-Украина соғысын әділ шешу үшін Украинаның аумақтық тұтастығын сақтауды талап еткен болатын және Анкара Мәскеу мен Киевтің ұстанымдары арасында ортақ шешім табуға тырысатынын мәлімдеген.
Баспасөз мәслихатында Хакан Фидан Сирия мәселесін де қозғады.
«50 жылға созылған Асад режимінің, яғни зұлымдық режимінің аяқталуы - Сирия халқы мен біздің аймақ үшін үлкен бақыт», - деді түрік министрі.
Ол халықаралық қауымдастықты Сирия халқына көмектесуге шақырып, сириялықтардың «өз болашағын мүмкіндігінше тезірек құратынына» сенім білдірді.