Париж прокуратурасы Дуровқа 12 айып тақты

1018
Adyrna.kz Telegram
Фото: esquire.kz
Фото: esquire.kz

Франция прокуратурасы әлемге әйгілі Дуровқа 12 түрлі айып тақты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

ВВС мәліметінше, Дуровқа тағылған айыптар: құзырлы органдарға ақпарат беруден бас тарту, алаяқтық пен есірткі сатуға қатысының болуы, балалардың порнографиялық видеоларын сақтауға, киберқылмыстарға, ақша жылыстатуға қатысуы және т. б. бар.

Прокуратура 8 шілдеде ашылған істі Киберқылмыспен күрес орталығы мен Ұлттық алаяқтықпен күрес басқармасы (ONAF) тергеп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, Дуровты қамау мерзімі 28 тамызға дейін ұзарған болатын.

“Ұстау мерзімін тергеу судьясы 25 тамызда ұзартты және ұйымдасқан қылмысқа қатысты қылмыстарға қолданылатын тәртіпті ескере отырып, 96 сағатқа дейін (яғни 28 тамызға дейін) созылуы мүмкін”, — делінген хабарламада.

Кеше Франция президенті Эммануэль Макрон Дуровтың ұсталуы «саяси шешім» еместігін айтқан еді.

“Мен Павел Дуров қамауға алынғаннан кейін Франция туралы жалған ақпаратты оқып жатырмын. Франция сөз және коммуникация бостандығына, инновация мен кәсіпкерлікке бұрынғыдан да көбірек еркіндік берген. Солай болып қала береді”, — деп жазды Макрон X әлеуметтік желісінде.

Айта кетейік, Телеграмның негізін қалаушы Павел Дуров сенбі күні Бакуден Францияға жеке ұшақпен ұшып келген. Ол сол сәтте қамауға алынды.

Пікірлер