Қытайда жаңа вирус өршіп барады

507
Adyrna.kz Telegram
Фото: Daily Mail
Фото: Daily Mail

Қытайда адам метапневмовирусы (hMPV) деп аталатын жаңа вирустық аурудың өршуі тіркелді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Daily Mail агеттігіне сілтеп. 

Деректерге сүйенсек, вирус тез таралуда, соның салдарынан ауруханалар науқастарға лық толған. Бірден бірнеше вирус, соның ішінде Mycoplasma pneumoniae айналымда жүр.

Қазіргі уақытта Қытай ел көлемінде жаңа вирус туралы хабарларға байланысты жоғары дайындық режимінде. Бұл вирус тұмауға ұқсас белгілермен сипатталады. Әлеуметтік желілерде балалардың дене қызуының көтерілуі, жөтел және тамақ ауруымен ауруханаларға көптеп түсіп жатқаны туралы ақпарат тарауда.

Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі Қытай басқармасы жаңа індетке қатысты зерттеулер жүргізіп, нәтижелерін жариялады.

"Ауруханалардағы амбулаторлық және жедел жәрдем бөлімдерінде тұмауға ұқсас жағдайлардан алынған тыныс алу сынамаларында анықталған қоздырғыштар негізінен тұмау вирусы, адам метапневмовирусы және риновирус. Ал ауыр жедел респираторлық инфекциясы бар науқастардың сынамаларында тұмау вирусы, Mycoplasma pneumoniae және адам метапневмовирусы анықталды"- деп мәлімдеді басқарма.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, респираторлық инфекциялар саны маусымдық факторларға байланысты тұрақты өсуде. Дегенмен, басқарма мәліметінше, кейбір провинцияларда Mycoplasma pneumoniae-ға шалдығу азайып келеді, ал 14 жасқа дейінгі балалар арасында метапневмовирусқа (hMPV) оң нәтиже көрсеткендер саны артуда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қытайдағы аурудың таралуына қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Айта кетейік, 2023 жылдың қараша-желтоқсан айларында Қытайда микоплазмалық инфекция өршіген болатын. Кейін бұл аурудың жекелеген жағдайлары Дания, Франция, Нидерланды және Ресейде де тіркелді. Ол кезде ДДСҰ Қытай мен Ресейдегі жағдайға түсініктеме беріп, пневмонияның бұл өршуін пандемиялық қауіп ретінде емес, қалыпты құбылыс ретінде қарастырған еді.

Пікірлер