Халық үшін – жұбаныш, билік үшін – алданыш. Иранның жаңа президенті кім?

1419
Adyrna.kz Telegram

Иран халқы жаңа президентін сайлады. Мемлекет үшін маңызды таңдауда ең көп дауыс жинаған - реформашыл кандидат Масуд Пезешкян. Ол екінші турда жеңіске жетті. Жаңа президент сайлауда 53,3 пайыз дауыс жинады.

ТОҒЫЗЫНШЫ ПРЕЗИДЕНТ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

1979 жылғы ислам революциясынан кейін тоғызыншы президент ретінде сайланған Масуд Пезешкян 69 жаста. Ол 1954 жылы 29 қыркүйекте Мохабад қаласында дүниеге келген. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Иранның жаңа президентінің ұлты – әзербайжан, ол өз ана тілін де жақсы біледі. Ол сайлау науқаны кезінде де өзінің түрік екенін жасырмаған, әзербайжанша мақалдар айтып жүрген. Иранда түрік, әзербайжан атауының көп айырмасы жоқ.

Масуд Пезешкян – бұрынғы кардиохирург, бірнеше жыл Табриз медициналық ғылымдар университетін басқарған. Ол 1997 жылы Иранның денсаулық сақтау вице-министрі болған. 4 жылдан соң, 2001-2005 жылдары денсаулық министрі болып тағайындалған.

Иран-Ирак соғысы кезінде  Пезешкян әскери дәрігер болып, майданға медициналық бригадаларды жіберген. Кейіннен соғыс мүгедектерін емдеп, сауықтыру жолында шет елдермен көптеген келіссөздер жүргізген.

Пезешкян саясатқа 2000-шы жылдардың басында араласа бастаған.

ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТ ЖАҢА ИРАН ЖАСАЙ АЛА МА?

Иран президенті болып сайланған Масуд Пезешкян алғаш рет 2013 жылы президенттік сайлауға түсті. Алайда үміткер сол сайлауда өзге кандидаттың мүддесі үшін өз кандидатурасын алып тастаған. Кейіннен 2021 жылғы сайлауда Пезешкяннның кандидатурасы сайлауға жіберілмей, біліктілігі төмен деп танылған.

Саясаткер Иран үкіметін сынап, АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсартуды, сондай-ақ Ирандағы әйелдердің бостандығы туралы тақырыпты жиі көтергендігімен танымал.

Ирандық басылымдардың хабарлауынша, Масуд Пезешкян Иранда ішкі саясаттағы либералды бағытты жақтаушы болып саналады.

«Біз хиджаб туралы заңға құрметпен қарайтын боламыз, бірақ ешқашан әйелдерге қатысты өктемдік немесе адамгершілікке жатпайтын әрекеттер болмауыкерек», - деп атап өткен саясаткер сайлау науқаны кезінде.

Одан бөлек, Пезешкян өзінің сайлауалды науқанында «Иранның бүкіл әлемнен оқшаулануын тоқтатуға» уәде берген.

2022 жылдың қыркүйегінде хиджаб тәртібі күшейіп, студент қыз Махса Амини соның алғашқы құрбаны болып, елде жаппай наразылық бас көтергенде Пезешкян қыздың өліміне билік кінәлі деп батыл мәлімдеме жасаған.

«Бұл біздің кінәміз. Біз діни сенімді күшпен енгізгіміз келеді. Ғылыми тұрғыдан бұл мүмкін емес», - деген сонда болашақ президент.

СТРАТЕГИЯ ЕМЕС, ТАКТИКА

Реформаторлық бағытты ұстанатындықтан, және оның «оқшауланудан шығу» туралы ұрандары Пезешкян сыртқы әлеммен оң байланыс орнатады деген талпыныстан хабар береді.

Соңғы жылдары санкциялардан сансыраған Иранда тұрғындардың көпшілігін жастар құрайды. Жыл сайын демография өсімі де жоғары. Бұл жоғары билікте отырған жасы ұлғайып қалған аятоллаларды да алаңдатады. Мұның алдында консерватор Ибрагим Раиси президент болған кезде жоғары билік тұйықталып, қоғам талаптарын жауап бере алмайтындай тығырыққа тірелгені байқалған. Сондықтан да реформатор саясаткердің президент болы сайлануы Иран қоғамы, халқы үшін де, жоғары билігі үшін де тиімді деседі сарапшылар. Мұндайда Пезешкян бір жағы дауыс беруші көпшіліктің арызын орындауға тырысады, екіншіден, жоғары билік үшін реформатор президент қалқан қызметін атқарады. Яғни, кемшіліктер үшін бұрын бірыңғай консерваторлар сыналып келсе, енді мұндай сынның жауапкершілігі екі бағытқа әсер етпек.  

Иранда президент атқарушы билік қызметін атқарады. Жоғары билік рухани көсем аятолла Әли Хаменеидің қолында. Сондықтан президент елдің стратегиялық бағытына әсер ете алмауы мүмкін. Бірақ үкімет басшысы ретінде тактиканы өзгертуге ықпал ете алады.  

Айта кетейік, 19 мамыр күні Иранның сегізіншіпрезиденті Ибрагим Раиси әуе апатынан қаза болды. Содан кейін екі турдан тұратын кезектен тыс президент сайлауы өтті.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер