Телефонның атасы - Александр Белл...

1390
Adyrna.kz Telegram

Александр Белл - телефонды ойлап тапқан және оны тұрмысқа енгізген өнертапқыш-кәсіпкер. Телекоммуникацияның базасын қалыптастырушы. №1 абонемент, яғни телефонды алғашқы пайдаланушы.

Александр Белл 1847 жылы Шотландияның Эдинбург қаласындағы зиялы жанұяда дүниеге келеді. Атасы Александр (оның да аты-жөні Александр Белл) шешендік өнер мектебінің негізін қалаушы, «Көркем үзінділер» атты кітаптың авторы. Әкесі Мелвилл Белл «көрінетін дыбыс» фонетикалық жобасын ғылымға енгізген ғалым. Қазіргі заманда шет тілін дұрыс оқу үшін қолданылып жүрген фонетикалық транскрипция бастауын Мелвилл Беллден алады.  Мелвилл Белл осы жүйе арқылы саңырау жандарды сөйлетумен де шұғылданды. Оларға сөздерді тамақ, алқым, ауыз, тіл, еріннің қозғалыстарын көздеріне көрсету арқылы үйретті. Ешқашан сөз естіп көрмеген керең адамдарға арнап транскрипция құрастырады. Мелвилл Белл өзінің үш ұлына да саңырауларды оқыту әдісін үйретті. Ағайынды Беллдер әкелерінің сауатты дикция жүргізу методикасын жетілдірумен айналысты. Бала Александр үйдің ортаншысы еді. Оның анасы да құлағы өте нашар еститін жан болатын. Сол себептен Белл әулеті құлағы мүкіс адамдарға  жіті көңіл бөлді.

Александр Белл 13 жасында Эдинбургтегі Король мектебін тәмамдайды. 14 жасында Лондондағы атасының үйіне ауысады. Немересінің мектептен алған біліміне көңілі толмаған қарт Александр оны өз қамқорына алып, жеке кітапханасына кіргізіп, ондағы кітаптармен таныстырады. Немересін өзі сабақ беретін мектептегі дәрістерге қатыстырады. Көпті көрген ұстаз бала Александрға Шекспирдің шығармаларының толық дикциясын (мақамын) меңгерту үшін, таңнан таңға, кештен кешке дейін қайталап  оқыта беруші еді. Ол атасының мектебінен медициналық, философиялық, әдеби және  музыкалық білім алып шығады.

Жасөспірім Александр 16 жасында Элджин қаласындағы мектепке шешендік өнер және музыка пәнінен сабақ беретін мұғалім болып орналасады. Келесі жылы Уэстон-Хоуз академиясына оқытушы болып ауысады. Бірде ол пациенттерімен жұмыс істеп жүріп мынаған көз жеткізеді: әңгімелесу кезінде сөйлеуші адам құлағы мүкіс сұхбаттасушының басына ернін сәл жабыстыра тигізіп сөйлесе, саңыраудың бассүйегінде резонанс пайда болып, оған сөздің дыбыстары аздап болса да естіледі екен! Телефонның алғашқы теориялық белгілері жас ғалымның ойында осылай пайда болған еді. Бірақ бұл кезде Александр Беллдің басты көздегені  телефон емес, құлағы мүкіс жандарға сөздерді естірту арқылы, оларға сөйлеуді үйрету болатын. Осы кезден бастап ол акустикаға, сөздердің физиологиялық құрылысына және саңыраулардың сөздерді қабылдау анатомиясына ден қойып, терең ғылыми ізденіске түсті. Лондон университетінде филолог-профессор болып қызмет ететін әкесінің жанында ассистент болып жұмыс істейді.

Алайда сол жылдары Беллдер отбасы ауыр қайғыға ұшырайды. Александрдың ағасы мен інісі бірінен соң бірі туберкулезден көз жұмады. Александр да қатты сырқаттанып, төсек тартып жатып қалады. Оны емдеген дәрігерлер Александрдың ата-анасына климаты мен ауа райы басқа аймаққа көшуге кеңес береді. Мелвилл Белл әйелі мен жалғыз баласын ертіп, Канаданың оңтүстік-шығысындағы Брантфорд қаласына қоныс аударады.

Жаңа орынға қоныстанған соң да Александр жұмыссыз қалмады. Оның әкесіне Бостондағы саңырау балаларды оқытатын мектепке мұғалім болуға ұсыныс түскенде, әкесі ол орынға баласын ұсынады. Александрдың қамқорындағы балалардың ішінде Гарднер Хаббард атты бизнесменнің 4 жасында қызамық ауруының кесірінен есту қабілетінен айырылып қалған Мейбл есімді қызы (кейіннен бұл қыздың тілін шығарып, Александрдың өзі Мейблға үйленеді) мен Томас Сандерс есімді адвокат әрі тері сатушы саудагердің баласы болды. Бұл екі кәсіпкер кейіннен телефон бизнесіне алғашқы инвестицияны құяды. Александр әу баста еріннің дірілінен саңыраудың бассүйегіндегі резонансты байқағанда алған әсерінен айыға алмады. Құлағы нашар еститін адамдардың бассүйегіндегі резонансты оятатын аппарат ойлап табуды армандайды.

Александр Белл мектепте ұзақ тұрақтамады. 1872 жылы оны Бостон университетінің медицина факультетіне шақырады. Онда 1877 жылға дейін кафедра профессоры болып қызмет атқарады.

Сол кезеңде «Western Union Telegraph» компаниясы қосымша телеграф желілерін тартуға шығын жұмсаудан қашып, бір жұпты сым бойымен бір мезетте бірнеше телеграмма  жөнелтудің әдісін іздеп, қомақты ақшалай сыйақыға конкурс жариялайды. Конкурсқа қатысушылардың бірі Александр Белл болды. Ол жөнелтуші пунктке бірнеше камертон (айыр тәрізді аспап) орнатады. Камертонның әрқайсысы ортақ желіге белгілі бір жиіліктегі ток жібереді. Қабылдаушы пунктке де жөнелтуші пункттегі жиілікке сәйкес келетін камертондар орнатылады. Беллдің бұл телеграфы бір мезетте жеті телеграмма жөнелтуге қауқарлы болды. Ол бұл қондырғыны акустикалық талантына сүйеніп жасап шықты. Александр Беллдің телеграф құрастыруына екі адам көмектесті. Біріншісі, электроқұрылғылар сататын дүкеннің электромеханигі Томас Уотсон, екіншісі, атақты ғалым, физик Д.Генри. Т.Уотсон Александрға тәжірибеге қажет электр бұйымдарын жеткізіп беріп тұрса, Д.Генри оған электр мен электромагнит толқындарының схемаларын берді. Беллдің телеграфын көрген қырағы көз Д.Генри «Мына бастаған ісіңізді еш уақытта тастамаңыз» деп оған ақыл айтқанымен, Александрдың ойы басқа жақта болды. Ол саңырауларды жазбаша хат алмасудан құтқаратын, оларға дыбыс естіртетін аппарат құрастырып шығарудың қамымен жүрді. Бір жыл бойы Массачусетстегі отоларингологиялық  әскери емханада адамның есту қабілетін жетілдіру үшін, едәуір уақыт арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Неміс физигі Герман Гельмгольцтің кітабынан сезімтал мембрананың көмегімен дыбысты электр сигналына, электр сигналын дыбысқа айналдыруға болатынын оқығаннан кейін, А.Белл ойында жүрген аппаратын жасауға кірісті. «Егер дыбыстың ауада туғызған тербелісіне тең ток тербелісін туғыза алсақ, онда әртүрлі дыбыстардың берілуін жүзеге асыруға болады» деді ол. Талаптанып істеген еңбек кездейсоқ жемісін береді. Бірақ еңбектің нәтижесі саңырауларға емес, құлағы мен тілі сау адамдарға пайда әкелді.

Тарихтағы тұңғыш абонемент А.Белл мен оның құрылғысы

Телефонның алғашқы прототипі

Бірде Александр сұйық батареяларды жалғап жатып, шалбарына абайсызда қышқыл төгіп алады. Сасқанынан «Уотсон, қайдасын, бері кел мұнда!» деп дауыстап жібереді. Сол сәтте Беллдің жанында микрофон тұрған болатын. Беллден 12 метр қашықтықтағы жертөледе хабар таратушы құрылғыны шұқылап отырған Уотсон есік жақтан және қолындағы құрылғыдан Александрдың дауысын қатар естиді. Бізге жеткен аңыз осылай дейді. Бірақ бір нәрсе шындық. Ол – адамдарға қызмет етуді дағдыға айналдырған Александр Белл мен оның ақкөңіл досы Томас Уотсонның қажырлы еңбек еткені. Александр Белл саңырауларға дауыс естіртетін аппаратты құрастыра алмай кетті. Алайда оның осы альтуристігі «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» телефонның дүниеге келуіне себепші болды. Көп ұзамай ол Томас Уотсонмен бірге өте қарабайыр құралдар мен приборларды пайдаланып, телефонның ең алғашқы нұсқасын жасап шығарды.

Оның телефон аппаратының басты бөлшегі дыбыс толқындарының әсерімен қозғалатын мембрана болды. 1876 жылы 7-наурызда  №174465 патентіне қол жеткізеді. Патенттің аты «Адамның даусы мен басқа да дыбыстарды электр тербелістерін қалыптастыру арқылы телеграфпен жөнелтудің аппараты мен методы» деп аталды.

   А.Беллдің телефонының кемшін тұстары да көп еді. Мәселен, ол ойлап шығарған телефонның тұтқасы болмады, оны пайдаланғанда біресе ауызға, біресе құлаққа апаруға тура келетін. Сөйлейтін тұсы да, тыңдайтын тұсы да бір саңылау еді. Сол себепті телефонның сыртына «Ауызбен тыңдамаңдар, құлақпен сөйлеспеңдер» деген сөйлем жабыстыруға тура келді. Абоненттер тікелей жалғанып отырды және гудоктың орнына ысқырықтың даусы шығатын.

Еңбекқор өнертапқыш телефонның алғашқы нұсқасын одан ары жетілдіре берді. Оның телефоны 1876 жылы АҚШ-тың тәуелсіздігіне 100 жыл толуына орай өткізілген Филадельфиядағы дүниежүзілік көрмеде ең көзтартарлық экспонаттардың қатарында болды.  Көрмеге қатысқан бразилиялық монарх ІІ Пидро Беллдің 100 аппаратын сатып алады.

А.Беллдің телефонының алғашқы жетілдірілген нұсқасы

Белл мен оның телефонының атағы шыққанымен, замандастарының барлығы бірдей оны оң қабылдай алмады. Сондықтан телефонды ары қарай жетілдіруде қаражат тапшылығы пайда болды. Инвесторлар – Хаббард пен Сандерс ақшаларының сарқылғанын айтты. Беллдің өзі біраз қарызға батады.

Қарызынан құтылу мақсатында телефонын патентімен, шығаруға рұқсат беретін құжатымен қоса «Western Union»  компаниясына 100 мың долларға ұсынады. «Western Union»  ол кезде 11 жылдың ішінде капиталын 110 есе арттырған ірі компания еді. Компания президенті Уильям Ортон мен компания жетекшілері Беллдің телефонын арзанқол ойыншыққа балап, оның ұсынысынан бас тартады. Бұл «Western Union»  компаниясының менеджерлері жіберіп алған ең үлкен қателік болатын. «Western Union»  компаниясы басшыларының асығыс шешімі Американың бизнес тарихындағы орны толмас қателіктердің біріне жатады.

Александр Белл мен оның серіктері ызаланып, телефон бизнесін өз беттерінше дамытуға кіріседі. Олар 1877 жылы 1-тамыз күні «Bell Telephone Company» кәсіпорнын құрады. Банк несиесінің күшімен құрылған компанияға неміс өнертапқышы Эмиль Берлинер (көмір микрофонына алған патентімен бірге) келіп қосылады. Көмір микрофоны телефон тұтқасының сезімталдық қасиетін арттыруға септігін тигізді.

Сөйтіп, «Bell Telephone Company» телефон өндірісінің тұсауын кесті. Бірақ алғашқы кездерде телефондарды сатпады, оларды тек жалға берді. Осы маркетингтік қадамның арқасында компания 778 телефон желісін құрып үлгерді.

«Western Union» компаниясы 1878 жылға дейін Александр Беллдің тәжірибесіне назар аудармады. Бірде қор нарығындағы қызметкерлері алғашқы үрейлі хабарды жеткізеді: брокерлер екіжақты байланыс құралын құп көріп, телеграфтан телефонға ауысып жатыр. Телеграфтың тағы бір кемшілігі арнайы мамандарды оқытуды және оларға жаңа жұмыс орындарын ашуды талап етеді. Бұл хабардың бұлты қоюланған сайын, «Western Union» компаниясы менеджерлерінің көз алдына бірнеше жыл бұрын аппараты мен патентін 100 мың долларға өткізе алмай ызаланып кеткен ұзын бойлы, бұйра бас ғалым елестей берді.

«Western Union»-нің менеджерлері Беллді тауып, оған 25 миллион доллар ұсынады! Бұл жолы Александр Белл олардың ұсынысынан бас тартады. Беллді көндіре алмай кері қайтқан «Western Union» басшылары «Егер саңырауларға сабақ беретін қайдағы бір мұғалім телефон ойлап тапқан болса, онда Эдисон, Грей сынды генийлер онікінен де мықты аппарат жасап шығара алады» деген шешімге келіп, «American Speaking Telephone» атты қосымша фирма құрады. Фирма Беллдің патентін елемей телефон өндірісін қолға алады.


Александр Белл жаңалығын ғалымдардың ортасында дәлелдеп жатыр

А.Белл компаниясын бәсекеге қабілетті ету үшін, білікті экономистер мен  инженерлерді жалдауға мәжбүр болды. Жас кәсіпкер Теодор Вейльді «Bell Telephone Company»-дің атқарушы директоры етіп тағайындаса, инженер Фрэнсис Блейкті өзіне көмекші етіп алады. Дегенмен, қарсылас жақ әлі күшті болатын. «Bell Telephone Company» кәсіпорнының жылдық табысы 450 мың доллар болса, «Western Union»  кәсіпорнында бұл көрсеткіш 41 миллион доллар еді.

Кәсіпорынның қуатын арттыру үшін, атқарушы директор Теодор Вейль франчайзинг схемасын енгізеді. Нәтижесінде  «Bell Telephone Company» образындағы кәсіпорындар қаптады. 1879 жылы «Bell Telephone Company»-дің акция бағасы 995 долларға дейін аспандап, корпорацияның жылдық табысы 6 миллион доллардан асып жығылады. Оның 30%-ы А.Беллге тиесілі болса, 70%-ы қалған серіктерінің арасында бөліске түседі.

«Bell Telephone Company» мен «Western Union» арасындағы соғыс сот залында жалғасын тапты. «Bell Telephone Company» кәсіпорны «Western Union»-нің үстінен патент құқын бұзып жатқанын айтып шағым түсірсе, қарсы жақ Э.Грей арқылы А.Беллдің үстінен «плагиатор» деп шағым жасайды.

Тарих арақашықтықты бір орында қозғалмай бағындырғысы келгендер туралы біршама мағлұмат қалдырыпты. Мың жылдай уақыт бұрын Кунг-фу-винг есімді қытай арнайы құбыр жасап, қашықтағы адаммен әңгімелесуге талпыныс жасап көріпті.   Б.з.д VI ғасырда өмір сүрген парсы патшасы Кир 30 мың сарбазды бір-бірінен дауыс естілердей алшақтықпен тізбектете орналастырып, патшаға қажетті ақпараттар мен патшаның бұйрықтарын тасымалдатып отырған екен. Б.з.д I ғасырда ғұмыр кешкен грек тарихшысы  Диодор Сицилийскийдің сөзінше мұндай «телефондардың» 30 күндік жердегі ақпаратты бір күнде жеткізе алатын мүмкіндігі болған. Юлий Цезарь галлдықтарда да осындай байланыс жүйесі болғандығын және олардың ақпарат жеткізу жылдамдығы 100 километр/сағатқа тең екенін бізге қалдырған дерегінде растайды. 1799 жылы Париж қаласында бір әпенді дауыстап айтылған әңгімені жарты шақырым жерге жеткізе алатын жәшік ойлап тапқанын айтып жар салады. Оған ешкім сенбейді, байғұсты сол маңдағы есі ауысқандарды емдейтін емханаға апарып тастайды. Сосын жиналған жұрт аппаратты аударып-төңкеріп тексеріп көргенімен, одан быжылдаған дыбыстан басқа ештеңе естілмейді. Тұрғындар түсініксіз жәшікке «телелог» деп ат қояды. 1854 жылы француздың Шарль Бурсель есімді телеграфисті былай деп хат қалдырыпты: «Ерте ме, кеш пе, сөз электр арқылы қашықтыққа жеткізілетін болады... Мен тәжірибені бастап көрдім. Тәжірибе өте қиын, көп уақыт пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ жұмыстың қорытындысы үміт пен сенім тудырып отыр. Екі тербелмелі пластинка және сыммен қатар, тағы бірнеше батарейкалар орнату жеткілікті». «Телефон» деген терминнің авторы да Ш.Бурсель еді. Телефонның жұмыс принципін Ш.Бурсель өзінің 1854 жылғы диссертациясында көрсетіп өткенімен, телефон байланысын толық жүзеге асырып кете алмады. Қиыншылықта өмір сүріп жүріп, 84 жасында көз жұмады. 1861 жылы неміс физигі әрі өнертапқышы Иоганн Филипп Рейс музыкалық үн мен адам даусын жібере алатын құрылғы ойлап шығарады. Аппараттың микрофоны, қоректену көзі (гальваникалық батарея) және динамикасы болды. Өнертапқыш телефонын Франкфурт-на-Майнедегі физика қоғамына көрсетеді. Тәжірибе сәтті өткенімен, физика қоғамы оған еш қолдау көрсетпейді. Итальяндық Антонио Майччи өзінің жаңалығын шамамен 1849 жылдары ашады. Калифорнияға қоныстанған ол патент алуға 1871 жылы өтініш түсіреді. Құжат рәсімдеуге қаржысы жетпегендіктен, ісі аяқсыз қалады. Арада алты жыл өткенде екі ғалым – А.Белл мен Э.Грей патент иеленеді. Архив ақтарған зерттеушілер бұл екі ғалымның бір күнде өтініш тапсырғанын айтады. Ол күн – 1876 жылдың 14-ақпаны. А.Белл Вашингтон бюросына, Э.Грей Чикаго бюросына өтініш түсірген. Белл өтінішті Грейден 2 сағат кеш тапсырған дейтін де ақпаратты құлағын қылтитады ғалымдар.


А.Беллдің лабораториялық дәптерінің бір беті. Бұл дәптер сотта көп пайдасын тигізді.

Бірақ екеуінің патенттерінің ерекше атап өтетін айырмашылықтары бар еді. Э.Грей тәжірибесін қағаз түрінде, схема түрінде қорғаған. Ал А.Белл патент бюросына өз қолымен құрастырылған аппаратын құшақтап келген. «Western Union»-нің  Александр Беллге «плагиатор» деп айдап салған адамы осы Э.Грей болатын. Осы күнгі біраз мамандар «Western Union» компаниясын экономикалық мүдде үшін патент дауын қоздырушы деп айыптайды.

1878 жылы телефон патентіне қатысты ірі сот процесі болып өтеді. 11 пункт бойынша өткен сотқа  А.Беллмен бірге оған қарсылас 13 ғалым қатысады. Олар – Мак Доноуг, Эдисон, Берлинер, Ричмонд, Грей, Дольбир, Ходькомб, Чиннок, Рандаль, Блек, Ирвин, Фельпс, Фелкер. Соттың шешімі бойынша 11 пунктің 8-і А.Беллдің пайдасына, 2-уі Эдисонның пайдасына, 1-уі Мак Доноугтің пайдасына шешіледі. Беллдің формулаларға, схемаларға, сұлбалар мен кестелерге толы жұмыс күнделігі оның сотта жеңіп шығуына көп көмегін тигізеді. Сот «Western Union»-ді телефон бизнесінен бас тартқыздыртып, сонымен қатар ол компания патент заңын бұзғаны үшін өз табысының 20%-ын А.Беллдің есепшотына аударып тұруға міндеттелді. Және ол төлем А.Беллдің патент мерзімі аяқталғанша төленіп тұру керек.


«Western Union» компаниясы қазір тек ақша аударымдары қызметімен айналысады

Бүкіл телефон шаруашылығы «Bell Telephone Company»-дің қарамағына өтіп, «Western Union»-нің еншісінде тек телеграф ісі ғана қалады. Уақыт өте келе телекоммуникация қарқынды дамығандықтан, телеграф мүлде маңызын жояды. Эдисонның Америкадағы, Якобидің Ресейдегі телеграфты сақтап қалу үшін жанталасып жасаған ғылыми тәжірибелері жемісін бермеді. «Western Union» компаниясы қазіргі таңда тек қаржылық операциялар жүргізумен, ақша аударымымен ғана айналысады.

18 жыл бойы сот залдарына жиі кіруге мәжбүр болған А.Беллдің бір нәрсеге анық көзі жетті: қағаздар мен құжаттарға өте мұқият көңіл бөлу керек екен.

Дегенмен А.Беллдің жаулары мұнымен азайып қалмады. Кливленд АҚШ-тың президенті болған тұста А.Беллдің патенті мен бизнесін тартып алу жөнінде астыртын келісім жасалады. Бұл құпия келісімге АҚШ-тың бас прокуроры, бірнеше сенатор, бірқатар конгрессмендер, Теннеси штатының бұрынғы губернаторы қатысады. Алайда олардың бұл жоспары іске аспай орта жолда үзіліп қалады.

Ал А.Беллді телефон бизнесі тым қатты қызықтырмады. Өзіне тиесілі акциялық үлесінің көп бөлігін әйеліне беріп, өзі саңырауларға сабақ берумен айналысуға, басқа ғылыми тәжірибелер жасауға ден қойды. Белл құлағы мүкіс жандарға дыбыс естіртетін аппарат құрастырып шығара алмағаны үшін, өзін өмірінің соңына дейін кінәлап өтті.

Телефон А.Беллдің орындалмай қалған арманының прототипі болатын. Ол сонымен қатар фоноавтограф, аудиометр, фотофон, металл іздеуші насос, гидросамолет және тағы басқа, барлығын қосқанда 30 патенттің иесі. Алайда А.Белл дүйім жұрттың есінде телефонымен қалды. Ол 1922 жылы 4-тамыз күні 75 жасында қайтыс болғанда, үнсіздік ретінде Америка мен Канададағы 13 миллион аппарат бір минутқа ағытылып тасталды.


А.Беллдің Брантфорд қаласындағы ескерткіші

    Тұжырым: «Bell Telephone Company» корпорациясының есеп-қисап, коммерциялық жұмыстары тұтастай басқа адамдардың қолында болды. А.Беллді миллионер қылған оның шығармашылық еңбекқорлығы, терең ойы мен кең қиялы еді. Оны бүгінгі таңда қоғамның ажырамас бір бөлігіне айналған байланыс саласының кемеңгері деуге болады.

Абай Асыл

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер