«Қазақмыс» корпорациясының шахтерлері өз талаптарын жеткізу үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.
«Біз сізге жанайқайымызды жеткізгіміз келеді. Үш күн өтті, бірақ «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы бізді адам санамайды, шахтерлермен, жұмысшылармен санаспайды. Біздің акциямыз қалай басталды? Бұған дейін біз жұмысшылар арасынан бастамашыл топ құрдық. Бұл топ халықтың талап-тілектерін басшылыққа жеткізуді мақсат етті, сол үшін жұмысшылар өз өкілдерін сайлады. Алайда бұл өкілдерді ҰҚК қызметкерлері қудалап, жалақыны көтеру талабымыз үшін сотқа тартамыз деп қорқытты. Бұл ереуіл де, митинг те емес, бұл – жұмысшылар мен жұмыс беруші арасындағы еңбек дауы», – деді шахтерлердің өкілі жер астында түсірілген бейнежазбада.
Шахтерлер интернетте тараған жалақы туралы мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын айтты.
«Интернетте шахтерлердің ең төменгі жалақысы 800 мың теңге деген жалған ақпарат таратылуда. Соңғы үш күнде мұнда «Қазақмыс» басшылығының өкілдері, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, прокурор түсіп, бізбен сөйлесті. Біз бұл кездесуде үш талап қойдық:
- ҰҚК және ішкі істер органдары тарапынан бастамашыл топ мүшелерін қудалауды тоқтату.
- 13-ші жалақыны толық көлемде төлеу. Қазіргі кезде басшылық тек базалық жалақыны төлеп отыр, ал біз толық көлемде 13-ші жалақы талап етеміз.
- Жалақыны 100%-ға арттыру», – деді шахтерлер өкілі.
Шахтерлердің айтуынша, алғашқы күні келісімге қол жеткізілмеген. Ал екінші күні прокурор, әкімдік өкілдері және ардагерлер шахтаға қайта түссе де, мәселе шешілмеген.
«Басшылық бізбен сөйлесуден бас тартуда. Біз жалақыны 100%-ға арттыру талабымызды қайта қарап, 300 мың теңге қосымша төлеуді және тоқсан сайын 50 АЕК көлемінде сыйақы беруді талап етеміз. Сондай-ақ 13-ші жалақыны толық көлемде төлеуімізді сұраймыз. Бұл видеоүндеуді шындықты жеткізу үшін жасап отырмыз. Біз қоғамдық тәртіпті бұзбаймыз, заңсыз әрекет жасамаймыз. Тек талаптарымыздың орындалуын сұраймыз», – деп мәлімдеді шахтерлер.
17 желтоқсаннан басталған ереуілге басқа аймақтардағы шахтерлер де қолдау көрсетті. 20 желтоқсанда Жамбыл облысындағы тағы бір кеніште келісімге қол жеткізілгені туралы хабарланды. Дегенмен, Ұлытау облысындағы шахтаға полицияның арнайы жасағы кіргені жайлы ақпарат тарады.