Жазушы, аудармашы Уақап Қыдырханұлы өмірден озды

2139
Adyrna.kz Telegram
Белгілі қаламгер, этнограф-жазушы, Құран кітабын тұңғыш рет қазақ тіліне аударған тәржімашы Уақап Қыдырханұлы 25 маусым күні 91-ге қараған жасында дүниеден озды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қаралы хабарды Жазушылар одағының telegram арнасы жазды.

"Ардақты ағайын! Белгілі қаламгер, этнограф-жазушы, қасиетті Құран Кәрімді қазақ тіліне аударған тәржімашы Уақап Қыдырханұлы ағамыз кеше 91-ге қараған жасында дүниеден озды", – делінген естіртуде.

Марқұммен қоштасу ертең, 27 маусымда сағат 10:00-де Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында (Абылай хан даңғылы, 105) өтетіні хабарланған.

"Одақ ғимаратының алдында жаназасы шығарылады. Сағат 13:00-де "Жұлдыз" ресторанында (Гоголь көшесі, 40) жаназа асы берілмек. Қадірлі қаламгерлер, жаназаға қатысыңыздар!" – делінген Одақ хабарында.

Уақап Қыдырханұлы – 1932 жылы 23 желтоқсанда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетінде әдеби қызметкер, Шығыс Қазақстан облыстық "Коммунизм туы" газетінде, Қазақ радиосында, "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінде бөлім меңгерушісі, еларалық "Шалқар" газетінде бас редактор қызметін атқарған.

Бір топ өлеңі 1960 жылы жас ақындардың "Жырға сапар" жинағында, "Ант" повесі "Жол басы" атты ұжымдық жинақта жарық көрді. "Шаңқай түс", "Таң нұры", "Тас­қайнат", "Алтын ай" атты әңгіме-повестер жинағының, бірнеше деректі кітапшалардың авторы. 1991 жылы Құран Кәрімнің түсіндірмелі-мағыналық тәржімасын жасады. Оның жетілдірілген, жаңа нұсқасы 2002 жылы қайта басылып, тегін таратылған.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының үш мәрте иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты.

Пікірлер