“Қазақстан - біздің жеріміз”. Ресей шенеунігі өздерінің Қазақстанға тарихи құқығы бар екенін айтты

1880
Adyrna.kz Telegram
Фото: Мемлекеттік Дума
Фото: Мемлекеттік Дума

Ресей Мемлекеттік Думасының вице-спикері Петр Толстой «Комсомольская правда» радиосында қазақ қалаларының әуел бастан орыстікі болғанын, сондықтан Ресей Федерациясының оларға тарихи құқығы бар екенін айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ресейлік саясаткердің айтуынша, Мәскеу Украина тақырыбын аяқтамаса, онда Қазақстанмен, Армениямен және Ресей Федерациясын қоршап тұрған басқа елдермен мәселелер туындайды.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда тәуелсіздікке, латын әліпбиіне көшуге қатысты ұлттық мифология дамып келе жатқан қандай да бір қазақ мемлекетін қалпына келтіру тұрғысынан не болып жатқанын қараңызшы», деді Петр Толстой.

Ол қазақтар Алматы қаласының 1867-1921 жылдар аралығында Верный атауымен болғанын ұмытпауы керегін айтты.

«Біздің орыс казактарының бекінісі. Ал бұл оқиғаның ұлттық болмыс үшін маңызы зор. Басқа әңгіме ойлап табудың қажеті жоқ», – дейді Петр Толстой.

Оның айтуынша, жердің бәрі Қытайға, қазба байлығы ағылшындарға сатылып кеткеннің өзінде де Ресейден бөлінудің қажеті жоқ. Ол көршілермен «жақсы қарым-қатынаста» болуы керек деп қосты.

”Қазақстан - біздің жеріміз! Біз оны әлі де еске саламыз”, деп қосты ол.

Петр Толстойдың бұл мәлімдемесі туралы украиналық журналист Денис Казанский  телеграм арнасында пікір білдірді.

«Бұл ресейлік шовинистер, ресейлік режим есінен танып қалды, ол айналасындағы барлық мемлекеттерді жек көреді, ол бәріне бірдей қауіп төндіреді, ол бәрін төмен санайды», - деп атап өтті украиналық журналист.

Ол Ресей «тарихи жерлерін» басып алуға құқығы бар деп санайтынын айтты.

«Көрдіңіз бе, ресейліктер Қазақстан мен Украинаға қатысты жоспарлары бірдей екенін тіпті жасырмайды», - деп түйіндеді Денис Казанский.

Еске салайық, бұған дейін Петр Толстой Өзбекстан туралы мәлімдеме жасап, олардың шабына тиген болатын.

Мемлекеттік Дума депутаты орыс тілі – мемлекеттік тіл болып табылмайтын елдердің азаматтарына қоғамдық орындарда, мысалы, жүргізуші, сатушы немесе курьер болып жұмыс істеуге тыйым салу туралы бастама көтерді. Бұл ретте Толстой орыс тілі бұрынғы КСРО құрамындағы барлық республикаларда ұлтаралық қатынас тілі болуы керек деп атап көрсетті. Парламентарийдің айтуынша, Қазақстан, Беларусь және Қырғызстан бұл норманы ұстанады, бірақ Армения, Тәжікстан және Өзбекстан жоқ.

Осы мәлімдемелерге жауап ретінде Өзбекстан депутаты Бекмуродов ресейлік әріптесіне «өз азаматтары мен өз елінің мәселелерімен айналысуға» кеңес берді.

Пікірлер