Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты бұрынғы Шымкент әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховты 8,5 жылға соттады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Мақсұт Исахов өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.
Мақсұт Исахов 2020 жылдың ақпан айынан бастап Шымкент әкімі орынбасары қызметін атқарды, бірнеше салаларға жетекшілік етті. Көлік және автожолдар салу, туризм, қаланың спорттық өмірі, цифрландыру және жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау салаларына жауапты болған.
2023 жылғы 20 шілдеде ҰҚК қызметкерлері Махсут Исаховты сыбайлас жемқорлыққа күдік бойынша ұстады. Оған Шымкент қаласы бойынша ҰҚКД бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін айып тағылды.
Тергеу мәліметтері бойынша, Исахов Манат Сарбасовқа қарсы қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 200 мың доллар ұсынған. Исахов ҰҚКД бастығының орынбасары одан жарты миллион доллар бопсалағанын мәлімдеді.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, сондай-ақ Исаховты «Құрмет» мемлекеттік орденінен айыруды ұсынды.
Өзінің соңғы сөзінде Мақсұт Исахов 3,5 жыл әкімдіктегі қызметінде әділ, абыроймен жұмыс істеуге тырысқанын айтты.
«Қолымнан келгенін барлығын жасадым. Шымкент қаласы халқының жақсы өмір сүруіне жағдай жасауға тырыстым. Манат Сарбасовтың маған деген жеке көзқарасы болғанын білемін. Прокурорлар 8,5 жыл сұрады. Бұл оқиғадан маған сенетін адамдар бар екеніне көзім жетті. Сот әділ шешім шығарады деп ойлаймын. Біздегі заң әділ деп ойлаймын», - деді ол.
Шымкент қаласының ауданаралық сот әкімнің экс-орынбасарын 8,5 жылға соттады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.