Астанада LRT жүйесінің автоматтандырылған құрамдарына операторлар қабылдануда. City Transportation Systems компаниясы жеңіл рельсті көлік желісінде жұмыс істеу үшін поезд операторлары үшін бос орындарға байқау жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақпаратқа сәйкес, таңдалып алынған кандидаттар Астанада және Қытайда оқудан өтеді. Байқауда компания қызметкерлерді оқыту мен біліктілігін арттыру жұмыс берушінің есебінен қамтамасыз етілетінін айтқан.
Компанияның мәліметінше, LRT құрамдары толық автоматтандырылған және пилотсыз жұмыс істейді. Жарияланған бос орын байқауында талаптар да көрсетілген.
Атап айтқанда, жолаушылардың қауіпсіздігін және поездың техникалық жағдайын бақылау, қауіпсіздік стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету, автоматтандырылған басқару жүйесінің жұмысын үздіксіз бақылау және ақауларды анықтап жою міндеттері кіреді.
Сондай-ақ, желдету жүйесін бақылау, жолаушылардың міну мен түсу тәртібін сақтау, қозғалмалы құрамның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету міндеттері көрсетілген.