Бүгін - Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің алғашқы төрағасы Әлихан Бөкейхановтың туған күні, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Қазақ ұлты үшін орны бөлек Алаш көсемі 1870 жылы 5-ші наурыз күні бұрынғы Семей облысында туған.
Санкт-Петербор қаласында білім алған қазақ баласы 1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының мүшесі болады. Осы жылы Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақбаевпен бірге Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болды. Алаштың бастауымен ұйымдастырылған Қарқаралы петициясына 14 500 адам қол қойған.
1905 жылдың күз айында ғалым-публицист Семей облысы қазақтарының атынан Ресей патшалығына 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланғанымен жұмысына қатыса алмаған. Өйткені генерал-губернаторының негізсіз айыптауымен 3 ай Павлодар абақтасына жабылады.
Әлихан Бөкейханов - шығармашылықпен де айналысқан тұлға. Оның мұрасы әр салаға арналған мыңдаған очерктер мен мақалалардан тұрады. Ұлт мәселесін көтерген автор алғашқы публицистикалық шығармаларын “Дала уалаятының газетінде”, “Айқап” журналында жариялаған Ә. Бөкейхановтың “Қазақ” газетінде екі жүзге жуық мақалалар мен аудармалары басылған. 1913 жылдың ақпанынан бастап Орынбордан шыға бастаған “Қазақтың” негізін қалап, бағыт-бағдарын анықтаушылардың бірі болып, қазақ елінің жері, отырықшы болуы, патша үкіметінің қазақ еліне жүргізіп отырған саясаты, сот, әкімшілік туралы бай мағлұматтар берген.
Саяси қайраткер 1917 жылы Әлихан қазақ тарихындағы алғашқы саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Ол сол жылы желтоқсан айында Алаш автономиясын жариялайды. Оның үкіметі болып Алашорда құрылады. Қазақ даласындағы тұңғыш үкіметтің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов тағайындалады.
Алайда жас мемлекеттің тағдыры қысқа болды. 1920 жылы Алаш автономиясы тарих сахнасынан біржолата жоғалып, оның мүшелері қудаланады. Әлихан Бөкейханов Мәскеуге жер аударылып, сонда 10 жыл бойы үй қамақта отырады.
Бутырка абақтысына қамалған Әлихан Бөкейханов 1937 жылы 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесілген. Алаш ардақтысы, қазақ үшін жанын қиған Әлихан қабірінің қайда екені жайлы деректер тек 2007 жылы жария етілді. Ол Мәскеудегі Дон зиратына жерленген.