8 жылдан кейінгі еске алу. Едіге Тұрсынның қабіріне құлпытас қойылды

4911
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: adyrna.kz
Коллаж: adyrna.kz

Белгілі фольклортанушы ғалым Едіге Тұрсынның қабіріне ескерткіш қойылып, еске алу асы өткізілді. Жиналғандар марқұмның қазақ руханиятындағы орны жайында ойлары және естеліктерімен бөлісті.

26 қыркүйекте Алматыда ұлы ұстаз, әдебиетші-фольклорист ғалым Едіге Тұрсынды еске алу рәсімі өтіп, оның зиратына арнайы құлпытас қойылып, марқұмның әруағына бағышталып ас берілді. Шараға зиялы қауым өкілдері, Едіге Дәріғұлұлының шәкірттері мен қазақ қоғамында өз орны бар азаматтар қатысты.

СЕГІЗ ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚОЙЫЛҒАН ҚҰЛПЫТАС

Алматыдағы Кеңсай зираты Қазақстанның көрнекті тұлғалары жерленетін маңызды пантеонға айналған. Кеңсайға жерленген айтулы тұлғалардың бірі – Едіге Тұрсын. Танымал әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы 2016 жылы қайтыс болып, топырақ Кеңсайдан бұйырды. Өз шығармаларында әлеуметтік тарихи және мәдени мәселелерді қозғаған Едіге Дәріғұлұлын еске алу рәсімінде оның қазақ қоғамындағы ғылымды жаңа деңгейге көтергені айтылды.

Марқұмның зиратына тұрғызылған ескерткіш осы еске алу рәсімінің өткізілуіне себепші болды.

Жиналғандар Едіге Тұрсынды еске алу қазақ руханияты мен әдебиеттану саласында үлкен орын алған тұлғаның құрметіне арналған маңызды шара екенін баса айтты. Бұл жиын оның еңбектерін, өмір жолын және ұлтқа қосқан үлесін қайта еске түсіру арқылы, оның рухани мұрасын ұрпаққа насихаттауға бағытталған.

Ұлы әдебиеттанушының жерленген орны бүгінге дейін көпке беймәлім болып келген. Басы қарайтылмаған еді. Едіге Тұрсынның мазарында осы уақытқа дейін шағын тақтайшадан басқа ештеңе қойылмаған. Ал әдебиет саласында алтын көпір болған тұлғаның еңбегін зерттеушілер мен ұрпақтар үшін зираттың бой көтеруі маңызды мәселе екені анық.

КӨНЕ ТҮРКІ ЖАЗБАСЫМЕН ҮНДЕСКЕН ЕСКЕРТКІШ

Бұдан алдын "Адырна" ұлттық порталының басшысы Арман Әубәкір мен «Атамұра» корпорациясының басшысы Рақымғали Құл-Мұхаммеддің ұйытқы болуымен бір топ қауым ұлы тұлғаның жатқан жерін анықтап, қайта жаңғыртуға атсалысты. Оны еске алу рәсіміне жиналғандар рухани құндылықтарды сақтаудағы үлкен үлес ретінде атап өтті.

- Едіге марқұм қайтыс болғалы оны іздеген ешкім болмады. Бәріміз ұмытып кеттік. Арман Әубәкірге ризашылығымызды білдіреміз! Осылай бейіттерді жағалап жүріп, жер болып кеткен мазарды тауып алды. «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммедке жолығып, мән-жайды түсіндірген. Ол кісі де Арманның тілегіне құлақ асып, жақсы әрі сапалы бейітті көтерді. Соған бәріміздің көңіліміз толып тұр. Қазаққа ғалым мен ғылым қадірсіз болған заманда Едіге ағамен араласқан інілері мен қарындастары бүгін осы басқосуға жиналып отырмыз, - деді өнертанушы Ерлан Төлеутай.

Айтуынша, Едіге Тұрсынға қойылған құлпытас – ұлт тарихы мен мәдениетіне зор үлес қосқан қайраткерге деген ерекше құрмет. Бұл іс-шара оның рухын қастерлеу және оның әдебиет саласындағы еңбектерін ел есінде мәңгі сақтап қалуға жасалған маңызды қадам.

- Былтыр Едіге атамызға арналған бір халықаралық конференция өтетін болды. Шетелден келген қонақтарымыз Едіге атамыздың басына келгісі келді. Бірақ, конференциядан бір ай бұрын біз мазарды Қайрат ағамен іздей бастадық. Жаз бойы қайта-қайта келіп іздедік. Әйтеуір таптық. Мазардың жазуы түсейін деп, айналасының бәрін шөп қаптап кеткен. Енді сәл кешіксек ілінген жазу тақтайша ұшып кетіп, Едіге атамызды таппай қалар едік. «Бұл болмайды» деп демеуші іздедік. Сол сәтте азаматтардың арасынан бізге Рақымғали аға қолдау көрсетіп, ескерткіштің салынуына демеуші болды. Бұл шаруаға көп адамдар ат салысты. Ескерткішті қоймас бұрын Арман Байқадам деген азамат құлпытасқа Күлтегін жазбалары идеясын ұсынды. Болат Құсайын деген суретші ескерткішке суреттің образын толық жасап берді. Ал көне түрік жазуында бізге Бекболат Тілегенұлы көмектесті. Ал құлпытастағы өлең жолдарына келсек, бастапқы төрт қатарды өзім құрастырдым. Өлеңнің 2 жолы Ерлан Төлеутай ағамызға тиесілі, - деді «Адырна» директоры Арман Әубәкір.

Айтуынша, құлпытастың дизайны да ерекше назар аудартады. Қазақ тілінде кириллицамен және көне түркі жазуында өлең жолдарының бейнеленуі, марқұмның суреті мен көне Күлтегін жазбалары элементтерінің қолданылуы Едіге Тұрсынның мәдениет пен тарихтағы орнын айшықтайды. Осындай күрделі әрі мәнді элементтердің ескерткішке қосылуы оның рухани болмысын жан-жақты бейнелеп тұр.

«АБАЙДЫҢ КҮЙІН КЕШКЕН ЕДІГЕ»

Едіге Тұрсынды еске алу рәсіміне жиналғандар ғалымның қасиетін, сіңірген еңбектерін ерекше атап өтті.

- «Ғылым деген – инемен құдық қазғандай». Ол өте ауыр жұмыс. Ал бірақ ғалым мемлекет тарапынан қолдау алса, халқы құрметтесе оның жұмысы, еңбегі еселеніп артар еді. Едіге Тұрсын Абайдың күйін кешкен. «Не болса да жаза берейін, келер ұрпақ керек болса тауып алар» деген. Ұмытылып жатқан ғалымның басына тас қойып, оны өңдеп, әрлеп, қайта қалпына келтіру үлкен азаматтық іс болды. Сол азаматтарға шын жүрегімнен алғыс айтамын! - деді философ, қоғам белсендісі Әбдірашит Бәкірұлы.

Еске алу кешінде Едіге Тұрсынның өмір деректері айтылды. Шараға әдебиеттанушының жерлесі, бұлбұл дауысты диктор Сауық Жақанова да қатысты.

- Дәл бүгін Едіге Тұрсынның барлық шығармаларын қайтадан қопарып оқып, айтқан пікірлердің бәрін жастарға жеткізетін кезең екен, - деп жылы лебізін білдірді ол.

ИЕСІН ТАПҚАН СӨЗ ЕСКЕРТКІШКЕ АЙНАЛДЫ

Ғалымның басына ескерткіш тұрғызуға демеуші болған «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед де жиында сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.

- Арман мен Серік Қалиев маған ұсыныс жасады. Мен Едіге Тұрсынның орысша жазған дүниелерін, фольклортанушы екенінен, ақын, сал-серілер, бақсылық, тіпті Аяз би, халық ертегілері туралы жазғанынан хабардар едім. Азаматтар Едіге Тұрсынның басы жоғалып кетуге сәл қалғанын айтты. «Тіпті бірде шетелдік ғалымдар іздеп келіп, әрең тауып, өзіміз ұялып жүрміз» деді. Менің баспамның аты – «Атамұра». Мен аталар мұрасын жаңғыртып, қазақтың мұрасын қолдауым керек. Сондықтан бұл иесіне айтылған шығар деп толық шығынды көтеріп алуға дайын болдым. Ескерткіштің салынуын да шамам келгенше бақылап отырдым. Байқасаңыздар, өздеріңіз бүгін барған зираттағы ескерткіш Қордайдың, Қазақстанның тасынан тұрғызылған. Өзім де барып Құран бағыштап қайттым. Өмірден өткен ғалымға, үлкен ғұламаға шамамыз келгенше құрметімізді көрсетіп жатырмыз, - деді «Атамұра» корпорациясының президенті.

Шара барысында Едіге Тұрсынның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі мен оның ғылыми-зерттеу қызметінің маңызы айтылып, өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер ортаға салынды.

Әдебиеттанушы-фольклорист, филология ғылымдарының докторы Едіге Тұрсын 1942 жылы туған, 2016 жылы Алматыда қайтыс болды. Ол 1964 жылы ҚазПИ-ді (қазіргі ҚазҰПУ) бітірген. 1964–1966 жылдары Ақмола мемлекеттік медицина институтында (қазіргі Астана мемлекеттік медицина академиясында) оқытушы, Қазақстан ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер болды. «Древние типы носителей казахского фольклора (генезис и типология)» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.  Оның ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты – қазақ фольклорының көне дәуірдегі типтері, ақын-жыраулық дәстүр мен айтыс жанрының қалыптасуы, фольклор таратушылардың (ақын, сал, сері, жырау, сыншы, т.б.) пайда болу тарихы мәселелері.

Едіге Тұрсынның бірқатар монографиялық еңбектері мынандай болып келеді. «Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері», «Қазақ бақсы-балгерлері», «Возникновение баксы, акынов, сэри и жырау», «Древнетюркский фольклор: истоки и становление», «Атамекен. Казахи. История. Этнография. Культура».

Едіге Тұрсын – осы тақырыптағы 40-тан астам ғылыми мақалалардың авторы.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер