Авторитаризмді парламентте айыптаған саясаткер. Семейдегі қоштасу

5159
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Мемлекет және қоғам қайраткері Төлен Тоқтасыновтың жаназасы туған өлкесі Семейде өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранқаев, Парламент депутаты Ермұрат Бапи және үзеңгілес достары қатысып, Төлен Тоқтасынов жайында естеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ, Ермұрат Бапи Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың көңіл айту жедел хатын оқып берді.

«Белгілі саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Төлен Мұхамедиұлы Тоқтасыновтың қайтыс болуына байланысты отбасына, туған-туыстарына орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. 

Төлен Мұхамедиұлы арнайы мемлекеттік мүддені биік қойып, ел үшін аянбай еңбек етті. Азаматтық ұстанымына берік болып, әділеттіліктің жолынан таймады. Қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтеріп, байтақ отанымыздың дамуына үлес қосты. 

Мәжіліс депутаты ретінде бастамашылық танытып, заңнама салсын жетілдіруге зор еңбек сіңірді.  Өнегелі өмір жолымен артында өшпес із қалдырды.
Көрнекті тұлғаның жарқын бейнесі, адамгершілік болмысы мен ұлағатты істері жақындары мен халқымыздың жүрегінде мәңгісақталады.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», делінген ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың хатында.


«ЖЕКЕ ДАРА БИЛІККЕ ЕҢ АЛҒАШ ТҰРҒАН АДАМ»

“Төлен Тоқтасыновты жас ұрпақ көп біле бермес. Бірақ Қазақстанның тәуелсіздігін қалыптастыру жолындағы елге қызмет еткен мықты қайраткерлердің бірі болды. Парламенттің екінші шақырылымында депутат болды. Қазақстанның парламентаризмі тарихында авторитаризмге, жеке дара билікке ең алғаш рет тұрған адам. Қазақстан парламентінде еліміздегі ең ықпалды әулеттің қысыстығына қатысты ресми мәлімдеме жасаған алғашқы депутат болды.

Төлен Тоқтасынов секілді 2019 жылға дейін, тіпті, 2022 жылға дейін парламентте елдегі авторитаризмді айыптаған тұлға болған жоқ. Рас, баспасөзде айтылды, жазылды. Бірақ билік мінберінен айтылған жоқ.

Иманғали Тасмағамбетовтың үкіметі жер сатуға рұқсат беретін заң жобасын парламентке ұсынған кезде жеті депутат қарсы шықты. Осы жетеудің бірі –Төлен Тоқтасынов еді. 1990-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында «Қазақгейт» деген шырғалаң пайда болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Швейцариядағы шотында пара ретінде алынған 98 млн доллардың жатқаны туралы мәлімдеме жасаған үш депутаттың бірі де Төлен еді.

Осыдан-ақ, оның елге шын пейілімен қызмет еткен қайраткер екенін аңғаруға болады. Біз осындай азаматтан айырылып отырмыз”, - деді Ермұрат Бәпи.

«СҰМ БИЛІККЕ БЕТКЕ АЙТУДАН ТАРТЫНБАҒАН»

Сонымен қатар, белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила жақын досы Төленге арнаған өлең жолдарын айтты.

«Бақұл бол, Төлен досым аңқылдаған,
Өте шықты өмірің жарқылдаған.
Сан қилы, шырғалаңды мына өмірде
Жан едің адам көңілін қалдырмаған.

Мінезің көркем еді аңқылдаған,
Мейірің бұлақ еді сарқылмаған.
Ақ пен қара айқасқан мына өмірде
Арың қалды жарқырап алтындаған.

Сұм билікке бетке айтудан тартынбаған,
Камикадзе депутат, алған бағаң
Нұрсұлтан мен Рахаттың бетіне айтқан
Дауысың қалды құлақта саңқылдаған”, деді Ахметбек Нұрсила.

Белгілі азаматтың ақтық сапары үшін қарақұрым халық Абай атындағы облыстық драма театрына жиналды.

Жиналғандардың арасында “Бір кездегі оппозицияның белсенді мүшесін театрдың төрінен шығарып салып, шараға облыс әкімінің қатысуы - Жаңа Қазақстанның лебін сездіреді екен” деп пікір білдірушілер де болды.

Төлен Тоқтасынов 1962 жылы 9 қазанда Семейде дүниеге келген.

Алматы сәулет-құрылыс институтын 1989 жылы инженер-технолог-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген.

1991 жылдан – «Айқас» өндірістік фирмасының директоры, 1995 жылдан – «АЛЕЛ» қаржы-инвестициялық алтын өңдейтін компаниясының бас директоры – «Каполиграф» АҚ президенті, 1997 жылдан -«Каполиграф» АҚ және «АЛЕЛ» АҚ Директорларының кеңесінің төрағасы болды.

2000 жылдың қыркүйегінен - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (Шығыс Қазақстан облысының №19 Батыс сайлау округы), Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің мүшесі,  «Экология» депутаттық тобының жетекшісі, 2004 жылдан Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы қызметін атқарды.

Сондай-ақ,  Қазақстан мәжілісі 2-ші шақырылымының депутаты әрі 2001 жылы құрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының құрылтайшыларының бірі болды.

Кейін Қазақстанның компартиясының (2015 жылы Алматы сотының шешімімен жабылған) екінші хатшысы болды. 2005 жылдың аяғында кезектен тыс президент сайлауы кезінде Жармахан Тұяқбайдың сайлауалды штабының жетекшісі болды..

Төлен Тоқтасынов ертең 62 жасқа толушы еді.

Пікірлер