Токио Олимпиадасының жеңімпазы Альберт Батыргазиев қазақстандықтарға
алғысын жеткізді. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Токио олимпиадасында бокстан алтын жүлде алған ресейлік спортшының ата-анасы 90-шы жылдары Жаңаөзен қаласында тұрып, жемісті еңбек еткен. Тұңғыш балалары қазақ жерінде дүниеге келді.
«Облыс әкімі С.Трұмов жерлестеріне жанкүйер болып, жеңісіне қуанған Маңғыстау жұртшылығының атынан Альберттің ата-анасына құттықтау жолдаған болатын. Альберт бокстан алтын алған жалғыз ресейлік спортшы болғандықтан күнде жоғары деңгейдегі кездесу, қабылдауларға қатысуда. Уақытының тығыздығына қарамастан бүгін ол маңғыстаулықтардың жылы лебізіне қуанып, алғысын бейнежазба арқылы жолдап жіберіпті»,– делінген хабарламада.
Видеода спортшы сенім артып, жанкүйер болған тілеулестеріне рақметін айтты.
«Адырна» ұлттық порталы