Қазақстан құрамасының футболшысы Ислам Чесноков Шотландияның «Хартс» клубымен келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы команданың ресми сайты жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Чесноковпен жасалған келісім 2028 жылға дейін жарамды. Футболшы жаңа клубында 99-нөмірмен өнер көрсетеді.
Қазақстандық ойыншы «Хартсқа» Қостанайдың «Тобол» клубынан ауысқан. Спортшы ол жерде команда көшбасшыларының бірі болған еді. 26 жастағы футболшы Шотландияға өткен жылдың жазында-ақ кетуі мүмкін еді, алайда ол кезде трансферді рәсімдеу мүмкін болмаған. Нәтижесінде ауысу қысқы кезеңге шегеріліп, Чесноков «Хартс» сапына еркін агент ретінде қосылды.
Ислам Чесноков Шотландия Премьершипінде (жоғары лигада) өнер көрсететін алғашқы қазақстандық футболшы, сондай-ақ Орталық Азия елдері өкілдерінің ішіндегі тұңғыш ойыншы атанды.
Айта кетейік, «Хартс» чемпионаттың 20 турынан кейін көш бастап тұр және алтын жүлде, сондай-ақ УЕФА Чемпиондар лигасына жолдама үшін таласуда.
Ислам Чесноков – Өскеменнің «Алтай» футбол академиясының түлегі. 2021 жылы Беларусьтің «Белшина» клубына ауысып, 2023 жылдан бері «Тобол» сапында өнер көрсетті. Қостанайлық клуб құрамында 92 матч өткізіп, 30 гол соғып, 17 нәтижелі пас берген. Қазақстан ұлттық құрамасы үшін 20 ойынға қатысып, 2 гол авторы атанған.