Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов өз қызметін ресми түрде тапсырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Белгілі болғандай, бапкер бұл шешімді денсаулығына байланысты қабылдауға мәжбүр болған.
Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде Сәтжановтың отандық бокстың дамуына қосқан үлесі ерекше атап өтілген.
«Сәтжанов Қайрат Тұрсынханұлы 2024 жылдың тамыз айынан бастап ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметін атқарды. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысының жетекшілігімен ерлер командасы көптеген халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсетіп, әлем чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болды. 35 жылдан астам тәжірибесі бар маман денсаулығына байланысты бұл қызметтен бас тартуға мәжбүр болды. Қайрат Тұрсынханұлына отандық бокс қауымдастығы атынан алғысымызды білдіреміз», – делінген хабарламада.
Қайрат Сәтжанов бұған дейін 2021–2023 жылдары ұлттық құраманы басқарған. Алайда сол кезеңде де денсаулығына байланысты қызметінен кеткен еді.