Алғашқы рейс: Ақтөбе мен Нөкістің арасы жақындады

2512
Adyrna.kz Telegram

29 шілдеде «Ақтөбе – Нөкіс» бағыты бойынша жаңа әуе қатынасы ашылған болатын. Осы орайда Ақтөбеге Нөкістен алғашқы рейс келіп, жолаушыларды ақтөбеліктер салтанатты түрде қарсы алды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Өзбекстан Республикасының көлік министрі Илхом Махкамовпен кездесу барысында екі елдің арасында, оның ішінде Ақтөбе мен Нөкістің арасына әуе рейс ашу туралы келісімге келген болатын.

Аталған келісім аясында алғашқы рейс бүгін Ақтөбедегі Ә.Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға келіп тоқтады.

Әуежайдың басқарма төрағасы Дастан Малиевтің айтуынша, алғашқы рейспен Нөкістен 123 жолаушы келген. Әуе қатынасын Uzbekistan Airways әуе компаниясы жүргізеді. Билет бағасы 40 мың теңгеден басталады.

— Жалпы бұл әуе қатынасы «Ақтөбе -Нөкіс-Ташкент» бағыты бойынша ұшады. Ұшақ билеттерінің бағасы қолжетімді.  Мәселен, Ақтөбеден Нөкіс қаласына дейінгі билет бағасы 40 мың теңге көлемінде болса, Ақтөбеден Ташкентке дейінгі билет құны  — шамамен 60 мың теңге, — дейді ол.

Облыс әкімінің кеңесшісі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті Жұмабай Атаниязов Ақтөбеден Нөкіске қарай ұшатын ұшаққа билет алған.

Оның айтуынша, 2019 жылы облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қарақалпақстанға барған жұмыс сапарында екі өңір арасына рейс ашу мәселесін көтерген. Міне, сол мәселе шешіліп, екі ел арасы жақындай түсті.

Айта кету керек,  рейстер аптасына бір рет, бейсенбі күні, Airbus A320 жайлы бизнес-эконом-конфигурациясы бар ұшақтарда жүзеге асырылады. Алдағы уақытта ұшу жиілігі көбейтілмек.

Сондай-ақ тамыз айынан бастап аптасына Ақтөбеден екі рет «Ақтөбе-Тбилиси» бағытындағы рейс іске қосылады.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер