Белгілі жазушы Ахат Жақсыбаев өмірден өтті

3260
Adyrna.kz Telegram

Белгілі жазушы Ахат Жақсыбаев өмірден өтті деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Бұл туралы ҚР Жазушылар одағының өкілі Думан Рамазан Facebook-тегі парақшасында жазды.

Ахат Жақсыбаев 1940 жылы 5 шілдеде Павлодар қаласында туған. Орта мектепті бітірген соң 1958-1960 жылдары Екібастұз қаласында дренажды шахтада жұмыс істеген.

1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетін филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген.

1965-1967 жылдары “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, 1972-1992 жылдары “Жұлдыз” журналының жауапты хатшысы, 1993-1997 жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, 1998-2000 жылдары “Ақиқат” журналының бас редакторы қызметтерін атқарған.
2001 жылдан “Жас өркен” балалар басылымдары акционерлік қоғамының президенті.
2005 жылдың шілде айында «Жас өркен» ашық акционерлік қоғамы «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылуына байланысты «Жас өркен» ЖШС бас директоры болып тағайындалды. 2007 жылдың ақпан айында өтініші бойынша қызметтен босатылып, зейнетке шығып, еркін шығармашылық жұмысқа көшкен.

Айта кету керек, оның “Менің достарым” (1968),“Қайырлы таң” (1970),“Бозарал” (1973) повестері, “Егес” (1975), “Бөгет” (1981), “Қорған” (1991), “Қайтпас қайсар” (2002), “Иса ақын” (2010) романдары, “Жаны жайсан жақсылар” (2006) атты естеліктер кітабы шыққан. Г.Хаггардың “Маргарт ару” романын, Р.Медведевтің “Сталиннің серіктері” кітабын, В.Астафьевтің “Өмір өткелдері” повесін қазақ тіліне аударған.

"Адырна" ұлттық порталы жазушының отбасына, ағайын-туыстарына қайғырып, көңіл айтады.

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер