Жетісу өңірінде әлемді жайлаған пандемияға қарамастан, тек былтырғы жылдың өзінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 487,7 шақырым күре жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы іске асырылғаннан бастап 97,2 шақырым жол жөнделген.
Бұл өңірдегі 240 елді мекеннің ауылішілік жолдарының сапасын жақсартуға мүмкіндік туғызды. Жыл соңына қарай сапасы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 89 пайызға жетеді. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 95 пайыз болмақ.
«Нұрлы Жол» бағдарламасы да облыстың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға зор серпін берді. Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаевтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде жергілікті маңызы бар 1800 шақырым автожол қайта жаңартылып, жөнделді.
Аумақты дамыту бағдарламасына сәйкес алдағы 5 жылға автомобиль жолдары желісін дамытудың облыстық жоспары әзірленді. Соған сәйкес 2025 жылға дейін 1700 шақырымға жуық жол жөндеудің барлық түрімен қамтылатын болады, оған 150 млрд. теңге бағытталады. Соның ішінде Үлкен Алматы айналма автокөлік жолына шығатын алты жол салынады, Сайын көшесі осы жылы басталады. Мұның бәрі 2025 жылға қарай жолдардың сапасын 95 процентке жеткізуге мүмкіндік береді.
Алматы қаласына көліктің кіріп-шығуын одан әрі жеңілдету мақсатында жоғарғы Қаскелең тас жолы мен Талғар трактін бірінші санатқа жеткізіп, қайта жаңарту көзделген. Сол сияқты ұзындығы 170 шақырым Сарыөзек-Көктал жолын қайта жаңарту жүргізіледі. 2023 жылға қарай «Қапшағай-Күрті» және «Күрті-Бурылбайтал» жолдарының 233 шақырымын қайта жаңарту аяқталады.
Алматы облысының туристік тартымдылығын арттыра түсуде туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеудің маңызы зор және бұл іс басты назарда. Мұнан бөлек, «Алматы-Өскемен» автожолының «Талдықорған-Үшарал» бөлігі, «Үшарал-Достық» автожолының реконструкциясы биыл аяқталады. Бұл Алакөл көліне барушылар қатарын арттыруға ықпал етпек. Балқаш көлінің жағалауына баратын ұзындығы 140 шақырым жол қайта жаңартылып жатыр. Көлсай көліне жеткізетін жол құрылысы аяқталған. Ал Қайыңды көліне жеткізетін 12 км жолды жөндеу жұмыстары биыл басталады. «Алтынемел» Ұлттық паркіне дейінгі жолды қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
«Ақ бұлақ» демалыс аймағына бару үшін Талғар қаласын айналып өтетін жол мен көпір салынды, Талғар тракты – «Лесная сказка», Шарын шатқалына кіретін жол жасалып, бұл жұмыстарға 6,3 млрд. теңге жұмсалды.
Жаңа жол құрылыстарымен қатар жол бойындағы сервис жағдайының да сапасын жақсарту ұмыт қалдырылған жоқ. Қазіргі уақытта осындай 344 нысан бар, оның 60 пайызы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес. Мысалы, өткен жылы «Алматы – Өскемен» автожолының 20-сыншы шақырымында, Іле ауданының аумағында көлемі 2 гектардай жерде салынған «D» санатындағы «Compass» автожанармай құю станциясына қарасты пункттердің бірі іске қосылды. Бұл жаңа форматтағы, заманауи талаптарға жауап беретін трассалық кешен аса ірі нысанның бірі және мұнда жолаушыларға қажетті жағдайлар қарастырылған. Әзірге бұл нысанның Қазақстанда теңдесі жоқ. Кешен аумағында 14 автокөлік пен 2 электромобильге арналған жанар-жағармай стансасы, жүк көліктеріне арналған тұрақ қарастырылған. Көлемі шамамен 1000 шаршы метрлік ғимаратта жолаушылардың толыққанды тамақтануына лайықталған асхана, дәнді кофе мен тіске басар тағам сататын экспресс-кафе де бар.
Кешен көп орынды санитарлық желілермен жабдықталған, соның ішінде душ бөлмелері де бар, мүгедек жандарға да қолайлы жағдайлар қарастырылған. Кешеннің бір ерекшелігі – оның аумағында автокөлікке жанармай құюдан бастап, ыстық тамақ ішіп, жолға қажетті азық-түлік және басқа да заттарды сатып алуға дейінгі қызметтің толық спекторы ұсынылады. Жол бойында сапалы сервис қалыптастыру жұмыстары жалғасады.
Атап өтсек, Алматы облысындағы автокөлік жолдарының ұзындығы – 9 634 км, соның 6 811 шақырымы – жергілікті маңыздағы жол, 2823 км – республикалық жол. «Талдықорған - Өскемен» (313,5 км), «Күрті - Бурылбайтал» (166 км), «Ұзынағаш - Отар» (80 км), «Қапшағай - Күрті» (67 км), «Үшарал - Достық» (180 км), «Алматы - Бішкек» («Алтын орда» базаны) сияқты автокөлік жолдарының құрылысы кіретін ірі инвестициялық жобалар облыстағы жол инфрақұрылымын дамытуға зор ықпал етіп отыр.
Жалпы жол сапасын жақсарту мақсатында да өңірде ауқымды шаруалар атқарылып жатыр. Мәселен, былтыр Қаратал аудандағы бірнеше көшеге асфальт төселіп, елді мекендерге жарық шамдары тартылды. Оған күз-көктемде жауын-шашын суынан лайсаң болып жататын көшемен жүретін жұртшылық бір қуанып қалып еді. Әйтсе де кейбір көшеге төселген асфальттың сапасыздығы көңілге кірбің түсірген болатын. Биыл бұл кемшіліктер түзетіліп, асфальт төсеу жұмысы жалғасуда.
Мәселен, бір ғана Қаратал ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жолбарыс батыр ауылдық округіне қарасты Кәлпе ауылының Болатхан, Абай, Ұлтуған, Тентек, Б.Римова, Қ.Байсейітов, Дәулетияров көшелеріне және Бастөбе ауылдық округіне қарайтын Жылыбұлақ ауылының Мир көшесіне орташа жөндеу жұмысы жүргізілмек. Сонымен қатар, Үштөбе қаласының Д.Қонаев, Абылай хан даңғылы мен Рысқұлов, Жолбарыс батыр, Желтоқсан, Жамбыл, Байсейітов, Байсақов, Шевелев, Мақатаев, Кузнецов, Байтуғанов, Момышұлы, Исаев, Жәлменде би көшесіне, Үштөбе шағын көшесіне және Балпық ауылдық округінің Ұмтыл ауылының кіреберіс жолына ағымдағы жөндеу жұмысы жасалмақ. Бюджеттік жоспарға сәйкес Үштөбе қаласының Қаблиса ақын, Жолбарыс батыр, Жұбанов, Касенков, Котовский, Линейная, «Достық» шағынауданындағы Крылов шағын көшесі, «Балқаш» шағынауданындағы Бақай батыр, Медина көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылуда. Сондай-ақ, Үштөбе қаласы мен елді мекендердегі бірқатар көшеге қиыршық құм-тас төгу жұмысы жүргізілмек.
Айта кетерлігі, биыл облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша Тастөбе ауылдық округінің аумағынан өтетін «Талдықорған – Үштөбе – Быжы – Мұқыры» бойындағы «Тастөбе-Бесағаш» жолына және Ескелді ауылдық округінің аумағынан өтетін «Ескелді – Көкдала» жолына «Талдықорған жолдары» ЖШС орташа жөндеу жұмысын жүргізуді көздеп отыр.
–«Үштөбе-Алмалы-Көпбірлік» 147, 26-175, 45 шақырымындағы «Алмалы-Көпбірлік» аралығындағы автомобиль жолы 2020 жылы толық аяқталмағандықтан өтпелі нысан болып 2021 жылғы қараша айының соңына дейін ұзартылды. Осы мерзім ішінде аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде. «Үштөбе – Алмалы» аралығындағы автомобиль жолына маршруттық тәсілмен ағымдық шұңқырлы жөндеу жұмысы жүргізілетін болады, – дейді Қаратал ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Самат Жарманов.
Әлбетте, жол салуда кемшіліктер де кездеседі. Нақтырақ айтар болсақ, Үштөбе қаласындағы Пронин, Амангелді көшелеріне «Таған» ЖШС орташа жөндеу жұмысын жүргізген. Аталған көшенің асфальт жамылғысының кейбір жерінің сапасы нашар болғаны анықталды. Мердігер жол жөндеуші мекеме төселген жолға 2 жылға кепілдік берген. Автокөлік жолының бұзылған жерлеріне аталған мекеме былтырғы 26 мамырдағы № 31 келісімшартқа байланысты биылғы жылы қайта жөндеу жұмысын жүргізеді.
Үштөбе қаласының Үшкөмей ауылына кіреберіс жолына, Тастөбе ауылдық округінің Тастөбе ауылындағы Қарымбай ақын көшесіне, Бастөбе ауылдық округінің Ортатөбе ауылындағы Ш. Уәлиханов көшесіне орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін ашық конкурс жарияланған болатын. Осы конкурсты ұтып алған «Golden City DS» ЖШС өткен жылдың 30 сәуіріндегі №17 келісімшартқа сәйкес жолға асфальт төсей бастады. Жоспардың орындалу мерзімі 30 қарашаға дейін ұзартылған. Аталған мердігер мекеме сметалық жобаға сәйкес асфальт жамылғысын және жол жиектеріне қиыршық құм-тас төгу жұмысын мерзімінде толық аяқтай алмады. Сол себепті тапсырыс беруші мемлекеттік мекеме жұмысты қабылдамады.
– Биыл 11 қаңтарда облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талапарыз берілген. Қазіргі кезде сот процесі жүруде. Сонымен қатар, келісімшарт негізінде жүргізілген орташа жөндеу жұмысы бойынша жолдың кейбір кеткен жерін толық қалпына келтіреді. Сондайақ, «SILK ROAD Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашық байқауда ұтып алған 16 көшенің автомобиль жолына орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін былтыр 20 мамырда №24 келісімшартқа отырған. Аяқталу уақыты 30 қарашаға дейін ұзартылған, – дейді Қаратал ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.
Жоғарыда аталған 16 көшенің 14 көшесіне асфальтты төсеу жұмысы аяқталған. Десек те жол жөндеуші мердігер мекеме қалған 2 көшені, яғни, Жаңаталап ауылындағы Ильина және Үштөбе қаласындағы Қазыбек би көшесіне асфальт төсеу, барлық көшенің жол белгісін орнату мен жол жиегіне қиыршық құмтас төгу жұмысын аяқтамаған. Келісімшартқа байланысты екі жылдық кепілдеме міндеттемесі бар. Сондықтан былтыр 11 желтоқсанда облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талапарыз берілген. 2 ақпандағы сот шешіміне сәйкес үстіміздегі жылдың 31 мамырына дейін бітпеген жұмыстарды толық аяқтау міндеттелген.
Жалпы Жетісу өңінде жол сапасын жақсартуға ден қойылған. Бірер жылда сапасыз жол деген ұғым жойылады. Себебі жол салу жұмысы қарқынды жүріп жатыр.