Алматы облысында Республика күніне орай 200-ден астам іс-шара өтеді

95
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VCGq9XBbAXflEqjZgK4iJerDlc69WEW14s7nWQMk.jpg

Алматы облысында Республика күніне орай зияткерлік ойындар және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, спорттық жарыстар мен турнирлер, концерттер мен көрмелер, сенбіліктер мен қайырымдылық іс-шаралары, жалпы барлығы 200-ден астам іс-шара өтеді. Мереке қарсаңында бірқатар елді мекенде жаңа әлеуметтік нысандар ашылып, тұрғындардың игілігіне бағытталған жобалар іске қосылады.

Жаңа әлеуметтік нысандар ашылады

Бүгін 22 қазанда Қарасай ауданының Қаскелең қаласында 20 отбасы баспаналы болды. Жыл соңына дейін тағы 46 отбасын тұрғын үймен қамту жоспарланған. Сондай-ақ Жармұхамбет ауылында тұрғындарды сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін жаңа су жүйесі іске қосылды.

23 қазанда Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында 350 орындық жаңа мәдениет үйі ашылады. Екі қабатты ғимаратта көрермен залы, кітапхана, хореографияға арналған зал және шығармашылық үйірмелерге қажетті орындар қарастырылған.

Ал 27 қазанда Райымбек ауданының Нарынқол ауылында жаңа емхана пайдалануға беріледі. Төрт қабатты медициналық мекеме бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Мұнда тұрғындарға күндізгі стационар мен оңалту бөлімшесінің қызметтері де қолжетімді болады.

Спорт додалары ұйымдастырылады

22 қазанда Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылында веложарыс өтті. Оған аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінен 200-ден астам адам қатысты. Жарыс соңында ең жас және ең үлкен жастағы қатысушылар марапатталды.

Ал 22-24 қазан аралығында Іле ауданының Өтеген батыр кентінде Әлмерек баба жүлдесіне арналған республикалық самбо турнирі өтеді. Бозкілемде Қазақстанның 13 өңірінен, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген 250-ге жуық жас спортшы бақ сынайды.

Сенбілік, жәрмеңке және мерекелік жеңілдіктер

17-29 қазан аралығында Алатау қаласындағы «Евразия», «Жетісу» және «Тоймарт» сауда орындарында «Republic Day» акциясы өтеді. Осы күндері тұрғындар түрлі тауарларды жеңілдікпен сатып ала алады.

23 қазанда Қарасай ауданының Елтай ауылында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 200 түп ағаш отырғызылады. Игі шара ауылдың көркін арттырып, жасыл желек көлемін көбейтуге және қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған.

Ал 24 қазанда Қонаев қаласындағы «Айша Сити» базарында «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Мұнда жергілікті шаруалардың өнімдері қолжетімді бағамен ұсынылады.

Мемлекеттік Ту көтеріліп, мерекелік концерттер өтеді

23 қазанда облыс орталығы Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде сағат 12:00-де мерекелік концерт өтеді. Көрермендер алдында Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, Болат Әбділманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, Шәкәрім Алмасбек, Ұлжан Ағлақова, Нұрлан Әшімов және басқа да өнерпаздар өнер көрсетеді. Сондай-ақ «Ұлытау» тобы, «Алтынай» би ансамблі, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының ішекті-симфониялық камералық оркестрі, «Құлансаз» би тобы мен «Алатау әуендері» концерттік ұйымының өнерпаздары қатысады.

Мерекелік бағдарламада «Атамекен» бейне-хореографиялық прологы мен «Жерұйық» театрландырылған қойылымы ұсынылады.

Бұл күні мерекелік концерттер мен салтанатты жиындар Қонаев қаласынан бөлек Алатау қаласында, сондай-ақ барлық ауданда ұйымдастырылады.

Ал 25 қазанда орталық алаңда Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалады. Салтанатты рәсімнен кейін концерт өтеді.

Ірі инвестициялық жобалар іске қосылады

Мерекелік шаралар 27 қазанда да жалғасады. Бұл күні Кеген ауданында екі ірі инвестициялық жоба іске қосылады.

Біріншісі – құны 2,5 млрд теңге болатын ет өңдеу комбинаты. Кәсіпорын бір ауысымда 15 тонна ет өңдеп, 1,5 мың келі шұжық және 1 мың банка консерві өндіре алады. Кешен құрамындағы мал сою цехында тәулігіне 50 басқа дейін ірі қара, 150 басқа дейін қой-ешкі және 10 жылқы союға мүмкіндік бар. Жаңа кәсіпорында 115 жұмыс орны ашылады.

Сол күні құны 2,8 млрд теңге болатын «Compass Group» автожанармай құю станциясы мен сервистік кешені де пайдалануға беріледі. Мұнда 80 адам жұмыспен қамтылады. Кешен халықаралық және республикалық маңызы бар жолдармен қатынайтын жолаушылар мен туристерге қызмет көрсетеді. Жобаға сәйкес, нысан жылына 800 мыңға дейін келушіні қабылдай алады деп күтілуде.

Пікірлер