Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ерлер арасында волейбол жарысы өтті. Спорттық бәсекеге ауылдық округтерге қарасты спорт командалары қатысты. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты қатысушы командалар алдымен үш орында ойын көрсетті.
Салтанатты жиынның ашылуы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті. Атап өтейік, кешеннің ашылуы карантин уақытына түскендіктен, бұл су жаңа ғимаратта осы уақытқа дейін ешбір жарыс өткізілмеген. Волейбол жарысы – кешенде өткізілген ең алғашқы спорттық жарыс.
Спорттық жарыстың ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Қ.Сатанов сөз сөйлеп, осындай қиын уақытта салауатты өмір салтын насихаттау, спортшылардың шеберлігін шыңдау өте маңызды екенін айтты. Сонымен қатар жергілікті басылымның бас редакторы, спорттық бәсекелерде бой көрсетіп жүрген Ж.Исабаев та спортшылар қауымына игі тілегін жолдады.
Тартысты өткен жарысқа барлығы он команда қатысты: Қайнарлы, Сырымбет, Алдабергенов, Ақын Сара, Жалғызағаш, Көкжазық, Қарабұлақ, Биғаш, Бақтыбай және Жетісу құрама командаларының спортшылары. Тартысты бәсекеде барлық құрама команданың ойыншылары бар шеберліктерін көрсетті.
Қызу тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша І орынды Алдабергенов, ІІ орынды Бақтыбай және ІІІ орынды Жалғызағаш құрама командаларының спортшылары иеленді. Жеңімпаздар диплом, кубок, медальдармен және сыйлықтармен марапатталды. Ойында белсенді өнер көрсеткен Жалғызағаш құрама командасының ойыншысы Д.Орынбасар көрермендер көзайымына ие болып, арнайы сыйлықпен марапатталды.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА