Тəуелсіздік бəрінен қымбат

2302
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынған
фото ашық ақпарат көзінен алынған

Биыл тəуелсіздікке 30 жыл. Тəуелсіз ел атанғанымызға көзді ашып-жұмғанша ширек ғасыр өтіпті. Жас мемлекеттің алды-артын салмақтайтын, отызында орда бұзар шағы. Жасыратын несі бар, кейде мынадай аласапыран уақытта ата-бабалар аңсап кеткен тəуелсіздіктің қадіріне жете алдық па деген ой келеді.

Жасыратыны жоқ, отыз жыл уақыт ішінде заман да, замана да өзгерді. Адамзаттың басынан өткен ауыр сынақ бұл жолы да алты құрлықты айналып кеткен жоқ. Тəуелсіздіктің көк туын желбіретуге атсалысқан, тер төккен қаншама азаматтарымыздан көз жазып қалдық. Бір елге емес, əлемге төнген қауіп, адамзат атаулыны тарыдай қуырғаны ақиқат. Алайда, еңсе түсірген жоқпыз. Ол рас. Ұлттық болмысымызға тəн қайсарлық пен асқақ рухтың арқасында қандай жағдай болсын жол табуға болатынына бек сендік. Басынан талай зобалаңды өткерген халық мүжіліп кеткен жоқ.

Өмір бар жерде қиындық бар. Күн түскен жерде көлеңке бар. Тіпті ол өз көлеңкең болса да... Олай болса, еліміз қиындыққа қасқая қарап, тəуелсіздіктің тағы бір таңын қарсы алғалы тұр. Тек отызында от басып алмаса екен деп тілегеннен басқа ниет жоқ, əрине. Еліміз етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, дербес, зайырлы мемлекет атанғанына да отыз жыл өте шығыпты. Осыдан-ақ уақыттың жылдамдығын мойындайсың. Осы уақыт ішінде қандай жетістіктерге қол жеткіздік дегенде, ең алдымен елдегі саяси ахуалдың тұрақтылығы мен бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымызды алдымен тілге тиек етер едік. Олай деуге көрші мемлекеттерде болып жатқан көтерілістер дəлел бола алады. Баяғыда біреу «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен. Көпшілік бар жерде түрлі мінездің болатыны рас. Бір сөзбен айтқанда, «бес саусақ бірдей емес», халыққа жағу да оңай емес. Бұл тұрғыдан алғанда көпшілік тарапынан биліктегілерге қарата айтылған сын атаулыны жоққа шығара алмасымыз тағы белгілі. Ал оған түсіністікпен қарау – кім-кімнің де көрегендігін танытса керек. Задында, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халық даналығын ұстана білу де азаматтықтың белгісі дер едік. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың тəуелсіздік жолындағы атқарған қыруар ісі халық жадында сөзсіз сақталады. Елбасының жігерлігі мен өмірге құштарлығының арқасында қазақ елі жаңа белестерден көрінді. «Біткен іске сыншы көп» деген тəмсіл сөз бар. Сол айтқандай, Елбасы көптің көңілін табуға емес, елдің елдігін сақтауға бар күшін салған тұлға десек, қателеспейміз.

Тəуелсіздікті басты құндылығымыз дейтін болсақ, жаңа бастамаларға қадам басуда оның маңызы зор екенін түсінеміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған мақаласы жастарға жаңа серпін беріп, жігерлендірген болатын. «Тəуелсіздік бəрінен қымбат» атты мақалада халқымыздың өткені мен бүгіні, болашағы жайлы айтылады. Шынында да адам баласы өмірге патриот болып келмейді. Ол ең алдымен сезінеді, түйсінеді, тəрбие, білім алады, өз ортасымен араласа бастайды. Азаматтық болмысын қалыптастыру арқылы ғана патриотқа айналады. Өзінің жеке көзқарасы, мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елдің дамуына титтей болса да үлес қосып жүргенін сезіну арқылы бақытқа кенеледі.

Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Əлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген екен. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті де, қастерлі тəуелсіздігімізді одан да қатты нығайта түсу жолында еңбек етуіміз керектігі айтылады. Қазақ елі Алла берген тəуелсіздігінің, арайлап атқан азаттық таңының отызыншы жылын қарсы алып отыр. Ендеше, бұл үлкен жеңіс. Түп шежіресі сонау ежелгі түркілерден бастау алатын, Жұбан Молдағалиев жырлағандай «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел екендігін дəлелдеп келді.

«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тəуелсіздік бəрінен қымбат» атты мақаласында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы əр қазақтың жүрегін қозғайтын сөз айтқаны есімізде. «Бабалардан мұра болып қалған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген болатын. Расында да, еңсемізді тіктеп, егемендігімізді алып, өз алдына отау тіккеніміз төзімді халық екендігімізді айқындайды.

«Бір ащының бір тəттісі болады», «Басы қатты болса, аяғы тəтті болады» деген мақалдың жарық дүниедегінің бəрінің ақиқаты барына сендіреді. Бұл сөздерді айтудағы бір себеп те осы болса керек, яғни, төрткүл дүниеге төнген індеттің еліміздің ең маңызды мерекесімен тұспатұс келуі. Қандай жағдайда да мойымаған ұлт ұрпағы ретінде бұл қиындықты да артқа тастайтынымызға сенім басым. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деп ата-бабаларымыз қашанда жақсылық пен жамандықты байланыстырып отырған. Халқымыздың ерте замандарда айтылған философиялық ой толғамдарына тереңірек үңілсек, көп түйткілдің шешімін таба аламыз. Сол айтпақшы, еркін ел болуды армандаған елдің тілегін Алла қабыл еткен екен. Бұл біздің өлшеусіз байлығымыз дер едік.

 

Пікірлер