—Ғалымжан Айданақұлы, қазір жалпы Жетісу жерінде тарихи-мәдени мұра саналатын қанша ескерткіш бар, олардың маңызы туралы тоқтала кетсеңіз?
— Бүгінде елімізде ұлт құндылықтары саналатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Ал Алматы облысы аумағындағы тарих және мәдени мұраға жататын ескерткіштердің саны – 2336. Оның 1846-ы археологиялық, 490-ы қала құрылысы және сәулеттік ескерткіштер. Соның ішінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Балқаш өңіріндегі ІХ-ХІІІ ғасырға тән Қарамерген қалашығы, орта ғасырдағы қола дәуіріне тиесілі Жамбыл ауданындағы «Таңбалы» археологиялық-ландшафт петроглифтері, Сарқандағы VІІІ-ХІІІ ғасырға тән Қойлық қалашығы және VІІІ-ХІV ғасырға тәуелді көне Талғар қаласы бар. Ескерткіштерді негізі археологиялық, тарихи, сәулет, монументтік мүсін өнері ескерткіштері деп 4 түрге бөледі. Олардың маңыздылығы сол өткеннің өнегесі, халықтың байлығы, елдің тарихы болып табылады.
– Ұлт құндылықтарын ұлықтау – ұлы іс. Осыған орай киелі Жетісу жеріндегі ескерткіштерді қорғау және мәдени мұраларды сақтап, насихаттау бағытында қандай шаралар атқарылуда?
— Ескерткіштер ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңы аясында, мәдениет және спорт министрлігі бұйрығымен бекітілген қағидаларға сай сақталып, қорғалады. Сондай-ақ 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы 18 сәуірді «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні» деп бекіткен. Сонымен бұл мереке 1984 жылдан бері аталып өтілуде. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар және дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне алынған. Бұл тізімге 2003 жылы еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені мен Алматы маңындағы Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы енген. Ал, аймақта мәдени мұраларды қорғау және насихаттау мақсатында әр жылы арнайы іс-шаралар апталығы өтеді. Мұндай шаралар ескерткіштерді қорғау күніне орай сәуір айының 10-18 күндері аралығында ұйымдастырылады. Аталған шаралар биыл да жалғасын тапты. Осы барыста өңірдегі әрбір аудан, қалаларда тарихтан тағылымды сыр шертетін ұлт мұрасы ұлықталып, әр ескерткіштегі ел мақтанышына айналған танымал тұлғалардың еңбегі мен ерлігін кеңінен таныстырылды.
[caption id="attachment_68704" align="alignright" width="300"] Сурет ашық ақпарат көздерінен алынған[/caption]
– Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар жыл санап өсіп-өркендеп келе жатқан Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл. Осы уақыт ішінде шаһар қандай жаңа ескерткіштермен толықты?
— Көпке мәлім, еліміз егемедік алғаннан бері екі тізгін, бір шылбырын өз қолына алған халқымыз барын бағалап, жоғын түгендеумен келеді. Соның нәтижесінде ұлт құндылықтары ұлықталып, салт-дәстүр, әдеп-ғұрып қайта жыңғыртылумен қатар аймақтағы тарихи-мәдени мұраларды қорғап, сақтауға баса мән берілуде. Атап айтсақ, қазіргі кезде бір ғана Талдықорған қаласында 22 қала құрылысы мен сәулет ескерткіштері бар. Мәселен, облыс орталығындағы Жетісу мемлекеттік университеті алаңындағы Алаш арысы Ілияс Жансүгіровтің ескерткіші 1994 жылы ақының 100 жылдығына арналып қойылған. Оны ел Тәуелсіздігінің алғашқы сыйларының бірі деуге болады. Одан кейін қалада 2008 жылы танымал ғұлама ғалым Қадырғали Жалайыридың, 2009 жылы әйгілі Қаракерей Қабанбай батырдың, сөз сүлейі Сүйінбай Аронұлының ескерткіштері сынды көптеген ел арыстарына арналған жаңа нысандармен толықты. Бүгінде қаланың көптеген көрнекті орындарында мемлекет және қоғам қайраткерлері мен басқа да ұлт мақтанышына айналған тарихи тұлғалардың еңселі ескерткіштері ірге тепкен. Осының барлығы біріншіден елдің егемендігінің арқасы болса, екіншіден жыл санап, жасарып-жайнап келе жатқан Талдықорған шаһарының жан-жақты дамуының дәлелі.
– Енді соңғы жылдары аймақтағы бой көтерген ескерткіштер жайы мен алдағы жоба-жоспарларыңыз туралы тоқтала кетсеңіз?
– Мұндай жұмыстар ешқашан тоқтамайды. Себебі тұғырына қондырылған ұлы тұлғалардың ел үшін атқарған еңбегі ерен. Олардың ерлігі елге мұра, ұрпаққа үлгі. Енді соңғы уақытта атқарылған жұмыстарға келсек, 2019 жылы Алакөл ауданы Үшарал қаласынан дана Абай Құнанбаевқа, Қарасай ауданы Қаскелең қаласынынан Қарасай батырға, Талдықорғанда Жұмахан Балапановқа, Ақсу ауданында Ілияс Жансүгіровке, ал Іледе Тұрғанбек Қатаевқа, Кетпен ауылында Сәдіғожа Мошанұлына арналған, осыған ұқсас тағы басқа да көптеген ескерткіштер бой көтерді. Өткен жылдан бері де елдегі індетке қарамастан бірқатар жұмыстар атқарылды. Онда Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында Алаш арыстарына, Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында Бөрібай батырға арналған ескерткіші бой көтерсе, Талғар қаласынан Мәсімхан Бейсебаевтың мүсіні қойылды. Мұндай жұмыстар тағы да жалғаспақ. Атап айтсақ, биыл Талдықорған қаласынан Нұрмолда Алдабергеновке, Шонжы ауылынан Әлмерек абызға, Сарқан қаласынан Алдияр батырға, Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында Барлыбек Сыртановқа, Ескелді ауданы Жетісу ауылында академик Е.Ерғожинге, Іле ауданы Казцик ауылында Чернобль апатына арналған ескерткіштер мен мүсін тұрғызу жоспарда. Осының барлығы елдігіміздің, бабалардан бізге мұра болып қалған ерен ерліктің айғағы деп айтуға болады.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Айдын КӘЛІМХАН