(жалғасы. Басы мына сілтемеде)
2016 жылдың соңында Шыңжаңда жаппай репрессия басталды, аймақтың ірі қалаларындағы орта мектептер, колледждер және басқа да мәдени-әлеуметтік нысандар концлагерге айналды. Бұл жолы ұйғыр, қазақ және басқа деп бөліп жатпады, жаппай қамады. Геноцидке тән бұл әрекетті Қытай билігі тағы да «терроризм мен экстремизмге қарсы күрес майданының жалғасы» деп түсіндірді. Темір тормен құрсауланған түрмеден ешбір айырмашылығы жоқ концлагерлерді «саяси үйрену» және «кәсіби оқыту» орталықтары деп атады.
Қамауда болып шыққан адамдардың куәлігін сараптай келе, «саяси үйрену» мен «кәсіби оқыту» орталықтарының өзара ерекшелігі жоқ. Мұнда ешбір кәсіпке баулымайды, оның орнына адамдардың миын шайып, ұлттық ерекшелігінен күштеп айыру жолға қойылған.
Қамауға алынғандарға қытай тілін күштеп үйретеді, лагерь ішінде қытайша сөйлеу міндетті. Байқаусызда ұйғырша немесе қазақша сөйлеп қойған тұтқындар жазаға ұшырайды: жертөледегі арнайы қинау құралдарымен жабдықталған «қара бөлмеге» апарып қорлайды; «кінәлі» адамның өзі ғана немесе соның «сыныптастарының» (концлагерлердегі тұтқындар камерасы «сынып» деп аталады) бәрі тамақтан қағылады және т.б. Қытай тілін кейбір лагерлерде ұлты қазақ немесе ұйғыр мұғалімдер үйретеді, кейбірінде тұтқындар өз бетінше оқып-жазады.
Тұтқындар кейде екі, кейде бір мезгіл теледидардан Қытай коммунистік партиясы лидерлерінің мәлімдемесін тыңдайды, «Қытайдың қарыштап дамып бара жатқаны» жөнінде арнайы дайындалған хабарларды көреді, ҚХР гимнін топ болып қосылып айтады, «қызыл әндерді» шырқайды. Бұдан басқа уақытта тұтқындар қытай тілінде коммунистік партияның «жарқын болашаққа бастап бара жатқаны» жөнінде мадақ шығарма жазады... Шығармадан «саяси қате» жібергендер тағы да жазаланады.
Тұтқындардың біреуі «сынып жетекшісі» қызметін атқарады. «Сынып» ішін арнайы видеокамералар арқылы лагерь әкімшілігі қадағалайды, олар микрофон арқылы «сынып жетекшісіне» тәртіп бұзғандарды тізімдеу жөнінде және басқа да нұсқау беріп тұрады.
«Саяси үйрену» және «кәсіби оқыту» лагеріне қамалғандарға қандай да бір қылмыстық айып тақпайды, сот шешімі жоқ. Олардың «кінәсін» жергілікті әкімдік қызметкерлері немесе коммунист белсенділер (оларды Шыңжаң қазақтары «кадр» деп атайды) немесе қоғамдық сақшылар анықтап, концлагерьге қамауға жөнелткен. Сондықтан қамаудағылар өздеріне жаңадан «қылмыс» ойлап табуға міндетті. «Үнемі жаман пиғылмен жүрдім», «ұлтшыл немесе діни азғырушылардың сөзіне иланып қалдым», «Қытайдағы халықтар достығына сызат түсірдім», «коммунистік көшбасшы жөнінде жаман сөз айттым, жаман ойладым», «Қазақстандағы әншілердің әнін тыңдадым, жазушылардың шығармасын оқыдым» және басқа да «қылмыс түрлерін» жазып, «қылмысын мойындау және соған өкіну» хатының соңын «уланған санамызды түзеп, оқытып-үйретіп, Ұлы Жұңго елінің жасампаз рухында тәрбиелеп, дұрыс жолға бағыттап жатқан компартияға алғысым шексіз» деп аяқтауы тиіс. Тұтқындар «қылмысты мойындау» хатын түрме әкімшілігі сенетіндей етіп жазуға жанын салып тырысады. Егер тұтқын үнемі «сенімсіз» хат жаза берсе, ол жазаланады.
2019 жылдың 24 қарашасында Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) Шыңжаңдағы концлагерьлерде тұтқындарды қалай ұстау жөніндегі Қытайдың орталық билігі шығарған құпия нұсқаулықты жариялады. «Телеграмма» деп шартты атау қойылған, 2017 жылы дайындалған құжатта лагерьге қамалатын адамдарды анықтау жолы, «саяси үйрену» лагерьлерін қалай басқаруға болатыны жазылған. Онда тұтқындарды күзету, лагерьде жатқанын жасыру, оларға идеология жүргізу тәсілдері, тұтқынның режиміне дейін көрсетілген. Құжатта тұтқын «студент» деп аталады. Құжатқа Шыңжаң қауіпсіздік қызметінің жетекшісі, Коммунистік партияның Шыңжаңдағы басшысының орынбасары Чжу Хайлинь қол қойған.
Құжатта концлагерь басшыларына төмендегідей нұсқау беріледі:
- лагерьден ешкім қашып кетпеуі тиіс. Сондықтан олардың әр қадамын тәулік бойы видеокамерамен бақылау керек. Оларды жататын жерде, сабақ өтетін сыныпта, тіпті түскі ас кезінде де бақылауда ұстау қажет;
- қытай тілін меңгерсін. Бұл – басты мақсат;
- лагерь қатаң бақылануы тиіс. Әр ғимаратқа, әр есікке, әр қабатқа бірнеше есік қойып, олардың барлығын құлыптау керек. Әр ғимараттың аумағы биік қабырғамен қоршалып, кіреберіс қақпаға қатаң күзет қойылсын;
- «студенттердің» басында қанша уақытқа қамалатыны белгісіз болады. Бірақ олар кем дегенде бір жыл отырып шығуы тиіс;
- лагерьге ұпай жүйесі енгізілсін. «Студенттерге» идеологиялық тәрбиесіне, тәртібіне, оқуына қарай ұпай берілсін;
- толық идеологиялық тәрбие алып шыққандарды бірден босатуға болмайды. Оларды басқа лагерьге ауыстырып, тағы бірнеше ай еңбекке баулу керек;
- қамаудағылар жақындарымен аптасына бір рет телефонмен, айына бір рет видеомен байланыса алады. Бұл олардың сыртпен байланысатын жалғыз амалы болады. Егер тәртіп бұзса, жақындарымен сөйлесуге тыйым салынады;
- «студенттер» ауырып қалса не басқа да төтенше жағдай болса ғана лагерьден шығарылады. Олар орталықтан шыққан кезде қызметкерлердің қатаң бақылауында болуы шарт;
- «студенттердің жатар орны, сыныптағы партасы, жұмыс үстелі, тамақтағы кезегіне дейін бекітілуі тиіс. Оны мүлде өзгертуге болмайды. Ұйқыға жататын, ұйқыдан оянатын, жуынатын, дәретханаға баратын уақытына дейін белгіленуі керек.
Құпия құжатты батыс елдеріндегі адам құқы ұйымының мамандары сараптамадан өткізіп, «Телеграмманың» 100 пайыз құпия құжаттар стилінде жазылғанын және Шыңжаңдағы түркі тілдес халықты ұлттық және діни ғұрыптан айыру, жою саясатының мемлекеттік деңгейде жасалып жатқанын айғақтайды. Құпия нұсқау Шыңжаң концлагерінен босап шыққан қазақтардың берген куәлігіне сәйкес.
Шыңжаңға сауда ісімен барғанда ұсталып, 15 ай тұтқында болып қайтқан 54 жастағы ұлты ұйғыр, тумысынан Қазақстан азаматы Гүлбахар Жалилова концлагерьде қатты қиналған. Түрме әкімшілігіне оның «тәртібі» ұнамаған, «қылмысын мойындауы» сенімсіз көрінген. Сондықтан ол 15 ай бойы салмағы 5 кг тартатын кісенмен жүріпті. Әкімшілік дайындаған әлдебір хатқа қол қоймаған оны ғимарат жертөлесіндегі «қараңғы бөлмеге» апарып, денесі (бас, аяқ, қол, кеуде) қимылдамайтындай етіп таңып қоятын «жолбарыс» орындыққа (темірден жасалған азаптау құрылғысы) отырғызып, бір тәулік қинаған. Айтуынша, 27 жастағы азаптаушы еркек полицей бір кезде шалбарының ауын шешіп, жыныс мүшесін шығарып, «жолбарыс» құрсауындағы тұтқын әйелдің денесіне тақаған... «Сенің мендей анаң жоқ па, әпкең жоқ па, маған қалайша қол көтересің?!» деп жалынып жылап едім, ол «Түріңе қарасайшы, адамға ұқсамайсың, хайуанға ұқсайсың, сендей адам қалайша маған ана болады, әпке болады?!» деп одан бетер зәрін төгіп ашуланды» дейді Гүлбахар.
Гүлбахар Жалилованың айтуынша, тамақ темір есіктің астындағы ойық арқылы беріледі. Дәліздегі тамақ таратушылар есік алдына табақ қойып, тамақ құяды, тұтқындар қолын есіктің ойықша тесігінен созып, тамақты ішке алып ішеді. Көбіне ұн қосылған быламыққа ұқсас сорпа, буға пісірілген дәмсіз нан береді.
Тұтқындар түнде тар бөлмеде бір жамбастап, қатар-қатар ұйықтайды. Ұзындығы 7 м, ені 3 м бөлмеге 30 адамға дейін қамалады. Аяқ жақта жарты метрге жуық жолақ қалады. Онда тұтқындар әр екі сағат сайын кезекпен ауысып, «сыныптағылардың» ұйқысын күзетеді. Жататын орын жетпесе, «сынып» күзетіне 2 адам емес, 4-5 адамнан қойылып, кезекпен ауысып тұрады.
Тұтқындарға айына екі рет киім-кешегін жууға рұқсат береді. Төрт-бес тұтқын бір сабынды тарақпен аралап кесіп, бөліп алады. Дұрыстап жуынбаған соң тұтқындар арасында қотыр, іріңді жара сияқты тері аурулары кең тараған.
Бөлменің бір бұрышында оргәйнекпен бөлінген әжетхана бар, дәрет алып жатқан адам бейнебақылау камерасына көрініп тұру тиіс. Су тапшы, үнемдеп жұмсау керек. Тұтқындар беті-қолын жумайды. Бөлмеде әжетханадан шыққан зәр мен нәжістің иісі үнемі мүңкіп тұрады.
Қытайдың концлагерінде болып қайтқан кейбір куәлер «сынып» ішінде ешқандай сантехника жоғын айтады. Бөлменің бір бұрышына қақпағы бар, сыйымдылығы 12-15 литрге жуық шелек қойылады. Үлкен-кіші дәрет болсын, тұтқындар сол шелекке дәрет сындырады. Шелек күніне бір немесе екі рет төгіледі. Он бес-жиырма адам қамалған «сыныпта» шелек тез толады. Бұдан кейін дәрет сындыруға болмайды, қақпақпен шелекті жауып қою керек. Уақтылы дәрет сындырмаған соң, зәр организмге тарап, тұтқындардың денесі сарғайып кетеді, үстінен сасық иіс шығады.
Тұтқындар күні бойы биіктігі 30 см-дей пластмасса орындықта қалшиып отыруы тиіс, ешбір қимыл жасауға болмайды. Тіпті көзін жұмып, жерге бір сәт қараған адамды түрме әкімшілгі «жасырын дұға жасады» деп айыптап, жазалайды.
Қытайда 15 ай қамауда болып қайтқан Гүлзира Әуелханқызы өзінің естелігінде лагерьдің бірнеше түрі барын айтады. Қытайға туыстарына барғанда қамауға алынған ол алғашқы күнін күзет қойылған жатақханада өткізген. Келесі күні сақшылар «Намаз оқисың ба?», «Қазақстаннан басқа қайда бардың?», «Түрмеде отырған туыстарың бар ма?» деген сұрақтарға жауап алған соң, оны лагерьге кіргізген.
Ол жатқан лагерьде әжетхана мен асхана «сынып» ішінде емес, бөлек орналасқан. Асханаға да, әжетханаға да тұтқындарды саппен апарады. «Тамақ ішуге 5 минут, әжетханаға кіріп-шығуға 2 минут уақыт береді. Үлгермей, сәл кідіріп қалсаң, басыңнан тоқтаяқпен ұрып, сұлатып тастайды» дейді Гүлзира.
Гүлбахар Жалилованың айтуынша, лагербдегі әйелдерге аптасына екі таблетка дәрі береді, 10 күн сайын ине салады. «Қандай дәрі?» деп сұрауға болмайды, дәріні сақшылар күштеп ішкізеді. Бұдан кейін әйелдердің етеккірі мүлдем тоқтайды» дейді ол. Лагерьде мәжбүрлеп дәрі ішкізетінін қамауда болып келгендерді бәрі растайды. Кейбір мәліметте лагерь әкімшілігі «инфекциялық ауруға қарсы дәрі» беретіні айтылады.
Гүлзира Әуелханқызының ойынша, дәрі әйелдердің бала көтеріп қоймасы үшін беріледі. Себебі, америкалық Washington Post басылымы 2019 жылы қазанда Шыңжаңнан Қазақстанға көшкен этникалық қазақ әйелдері туралы мақаласында бірнеше әйелдің берген түсініктемесіне сүйеніп, Шыңжаң лагерьлерінде жыныстық зорлау болатынын, түрме күзетшілері түн ішінде ажырасқан немесе тұрмысқа шықпаған қыздарды алып кетіп, жабылып зорлайтынын жазған
Гүлзира Әуелханқызы түрмеге түскенде одан күзетшілер «Неке куәлігің бар ма?» деп сұраған. Ол «Иә, бар. Күйем мен қызым Қазақстанда» деп жауап берген. «Осыдан кейін олар мені мазалаған жоқ» дейді ол.
Шыңжаң концлагерьлерінде әйелдерге сексуалдық зорлық жасау фактілері айтыла бермейді. Қамауда болып қайтқан әйелдердің көбі зорлық жөнінде айтуды ұят санайды. Кейбірі «Саяси үйрену» орталығында болған жағдайды айтсаң, туыстарыңды қамаймыз, Қытайдың қолы ұзын, қай жерде жүрсең де ауыр жазаға ұшырайсың» деп қорқытып тастағандықтан, үрейін жеңе алмай жүр.
Отбасымен қосылу үшін Қытайдан Қазақстанға қашып, кейін Швециядан пана тапқан этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай Израильдің Haaretz онлайн-басылымына берген сұхбатында Шыңжаңда полиция қызметкерлерінің бір қызды жұрттың көзінше топ болып зорлағанын айтқан. Ол кезде Қытай билігінің мәжбүрлеуімен Сайрагүл Сауытбай лагерьдегі тұтқындарға қытай тілінен сабақ беріп жүрген. Оның айтуынша, бір күні тұтқындардың бәрін алаңға алып шығып, сапқа тұрғызған. Ортаға бір қызды шешіндіріп әкеліп, бірнеше полицей топ болып, кезек-кезек зорлаған. Тұтқындар сол айуандыққа қарап тұруы тиіс. «Қызды зорлап жатқан кезде, бәріміздің қас-қабағымызды бақылап тұрды. Артқа бұрылып, ұятсыз оңбаған қылықтан көзін тайдырып әкеткен, ашулы кейіп танытқан адамдарды сақшылар желкелеп алып кетті. Оларды содан кейін көрген жоқпыз. Осы оқиғадан кейін түнде ұйықтай алмай жүрдім» деп еске алады Сайрагүл.
2004 жылы Қазақстанға көшіп келіп, 2005 жылы Қазақстан азаматтығын алған Орынбек Көксебектің айтуынша, ол 2017 жылдың соңында Шыңжаңның Шәуешек қаласына туыстарына барғанда қамауға алынған. Шәуешек полицейлері оның қытай тілін білмейтінін пайдаланып, Қытайдағы бұрынғы тіркеуін (напос) қалпына келтіру жөнінде қол қойдырып алады. Бұдан кейін оны Қазақстан азаматтығынан бас тартқызу үшін қинап, кісендеп, тәуліктеп тікесінен-тік тұрғызып қойған. Азаптаушылар оны жеті күн таяқтап қинайды, одан кейін терең құдыққа тастап, үстіне мұздай су құйғанда, Орынбек есінен танып қалған. «Есімді жисам, бір топ жігіттің ортасында жатыр екенмін. Олар «Аға, қасарысам деп өліп қаласыз ғой. Қылмысыңызды мойындай салмайсыз ба?» деп жанашырлық танытып жатты» дейді ол.
Лагерьде Орынбек үшін ең қиыны қытай тілін меңгеру болыпты. Бұрын ол төте жазумен 2 сыныптық білім алған, одан кейін мектепті тастап, мал ауылда өмір сүрген. Оның үстіне Қытайдан Қазақстанға ертеректе, 2004 жылы көшіп кеткен ол қытай тілін мүлдем білмейтін. Сондықтан ол лагерьде ҚХР гимнін, Димаш Құдайбергеннің қытайша орындаған әнін жұртпен қосылып айта алмағаны үшін үнемі жазықты болған. Қысымнан қатты қиналған ол қайта-қайта өзіне қол жұмсап өлуге әрекет жасай бергесін Қытай билігі амалсыз қамаудан босатқан. Орынбек Көксебектің ойынша, Қытай концлагерінен босап шығуына өзінің Қазақстан азаматы болғаны да, халықаралық адам құқы ұйымдарының дабылы да ықпал еткен.
Қытай концлагерінде өзін өзі өлтіруге әрекет етіп, бостандыққа шыққан қазақтың бірі – Қайрат Самарқан. Ол 2017 жылдың 20 қарашасынан бастап үш ай лагерьде болдты. Айтуынша, 2009 жылы Қазақстанға қоныс аударып, азаматтық алуға құжат тапсырған соң, ол Қытайдағы үйін сату үшін барғанда Шыңжаңның Бурылтоғай ауданындағы «саяси үйрену» орталығына қамалған. Лагерьдегі азапқа шыдай алмаған Қайрат Самарқан жүгіріп барып қабырғаға басын соғып өлмекші болыпты. «Есімді жисам, ауруханада жатыр екенмін. Қасымда полицей тұр. Оларға бойдақ екенімді жасырып, «Қазақстанда менің балам бар, әйелім бар» деп өтірік айттым. Содан кейін маған Қазақстанға барып келуге бір айға рұқсат берді. Мұнда келе сала тездетіп, Қазақстан азаматтығын алдым» деп еске алады Қайрат Самарқан.
Қытайдағы концлагерьден ауыр зардап шегіп шыққан Тұрсынбек Қабиұлы тергеу кезінде бір адам әрең сиятын темір тор ішінде тізерлеп жеті күн, жеті түн отырған. «Сәл қалғып кетсең сақшылар таяқпен ұрып оятады, ұйықтатпайды. Сұйық тамақ бермейді, су бермейді, буға піскен қатқан нанды алдыңа тастай салады. Күніне екі рет дәретханаға шығарады. Бір күні дәретханадан қайтып келе жатып, қолымды жууға рұқсат алдым да, бір уыс суды жұтып жібердім. Сол-ақ екен, басыма қатты соққы тиді. Құлағымның жарғағы жарылып кетті, есеңгіреп қалдым. Бұдан кейін төрт полицей жабылып басымды дуалға соққылап жатқаны еміс-еміс есімде... Есімді жисам, тар темір тордың ішінде бүктеліп отыр екем. Түнгі сағат екіде қайтадан тергеу басталды...» дейді Тұрсынбек Қабиұлы.
Куәгерлердің айтуынша, Шыңжаңдағы «саяси үйрену» және «кәсіби оқыту» орталықтары жартылай тұтқындардың есебінен қаржыландырылады. Сол үшін тұтқындарға Шыңжаң өлкесінде тұратын туыстарымен айына бір мәрте телефонмен сөйлесуге немесе кездесуге рұқсат береді. Бұл байланыс полицейлердің қатаң бақылауымен жүзеге асады, артық-ауыс сөз айтуға болмайды. Тұтқындарға қажет оны-мұны гигиеналық заттар мен ақшаны түрме әкімшілігі қабылдап алады. Кейбір мәліметтер бойынша, туыстары қамауда отырған тұрғындардан лагерьге қажетті қаржыны жергілікті әкімдіктер мен партияның бастауыш ұйымдары арнайы салық түрінде жинайды. Бурылтоғай ауданындағы лагерьде болған Қайрат Самарқан қамалғандар күнделікті тамағына 20 юань төлегенін айтады. «Сондағы тамағы – екі тілім нан мен күріш суы. Басқа жөндем тамақ жоқ» дейді ол.
Лагерьде болып шыққандардың айтуынша, қамаудағылардың түгелге жуығы – 16 мен 85 жас аралығындағы Шыңжаңның мұсылман халқы. Кейбір лагерьде ішінара қытай, моңғол ұлты кездеседі.
Тұрсынай Зияуд Күнес ауданына қарасты Жаңақала лагерінде өзімен бірге қамауда болған ұлты қытай екі әйел болғанын айтады. Оның бірі – «мемлекет қажеті үшін бұзылған үйіне өтемақы аз бергеніне риза болмай, жергілікті биліктің үстінен Пекинге шағымданған» әйел. Оны Пекинге қуып барып, ұстап алып келген. Екіншісінің жерін тартып алған, сол үшін шағымдануын қоймаған соң, қамаған. Ал лагерьдегі тұтқындардың басым бөлігі – ұйғырлар. «Олар ұлты қазақ тұтқындарға «ерте ме, кеш пе, сендер қамаудан босап шығасыңдар, сендерді іздеушілерің, Қазақстан елі бар» деп қызыға қарайды» деп еске алады Тұрсынай Зияуд. Ол өзінің концлагерьден аман-есен шыққанын күйеуінің қазақ болғанымен және оның талмай шағымдануының нәтижесі деп түсіндіреді.
2018 жылдың көктемінде Қайрат Самарқан «Бурылтоғай ауданындағы лагерьде 5700 адам жатыр, оның 3000-нан астамы – қазақ, 2000 ұйғыр, 200-і дүнген, олардың барлығы мұсылман болғаны үшін қамалған» деп мәлімдеген.
Ұйғырлар басым аймақтағы лагерьлерде ұйғырлардың саны көп. Шыңжаңның солтүстігіне қарай орналасқан лагерьлерде қазақтар көптеп кесдеседі.
Лагерьде тұтқындарды үш топқа бөледі: «аса қауіпті», «орташа қауіпті» және «қауіпті емес». Сәйкесінше, оларға үш түрлі киім кигізіледі. Бірақ тұтқындардың сағын сындыру үшін басқа бір жерге апарғанда бәрінің аяқ-қолына әдейі кісен салып, кейде басына қара қапшық кигізіп алып жүреді.
«Саяси үйрену» және «кәсіби оқыту» лагерьлерінің тұтқындарына шығарылған сот шешімі жоқ болғандықтан, олардың «қауіптілігін» классификациялау критерийін анықтау мүмкін емес. Тұтқындардың түсінігі бойынша, «аса қауіптілер» – ислам дініне қатысы барлар – молдалар, араб тілінен дәріс алғандар, жасырынып намаз оқитындар, смартфонынан діни уағыз бен ислами атрибуттар табылғандар мен және т.б. «Орташа қауіптілер» – шетелге шыққандар, Қазақстандағы туыстарымен жиі байланыста болғандар, телефонына WhatsApp месенджерін орнатқандар. Үшінші топқа қоғамдық тәртіпті бұзу, рұқсатсыз ұлттық киім киіп жүру, ұлттық салт-дәстүрді ұстау, марқұм болған адамға жаназа шығару және сол рәсімге қатысу, ауыл-аймақтағы ҚРХ-ның «ту шығару» рәсіміне себепсіз қатыспау, ұлты қытай азаматтармен керісіп қалу, ана тіліндегі әдебиеттерді сақтау, оқу және т.с.с. әрекет жасайтындар кіреді.
«Қауіпті еместен» «орташа қауіптіге» немесе «аса қауіптіге» ауыстыру ішкі тергеу кезіндегі мәжбүрлі «қылмысын мойындау» нәтижесі бойынша жүзеге асады. Ол тұтқынның шыдамдылығы мен сақтығына байланысты. «Саяси үйрену» лагеріндегі «аса қауіптілердің» қатаң режимдегі түрмеге ауыстырылуы – уақыттың еншісінде, ерте ме, кеш пе, әбден азаптап «қылмысын мойындатады», содан кейін сот шешімімен кесімді жаза белгілейді. Бірақ сот шешімінің көшірмесі сотталушының туыстарына берілмейді.
Концлагерьдегі тұтқындар қамаудан қашан шығатынын білмей қатты ойланып, қиналады. Себебі, «саяси үйренудің» аяқталатын мерзімін ешкім білмейді. Бұл – психологиялық тұрғыдағы ең ауыр қысым. Сондықтан кейбір тұтқындардың ақыл-есі ауысып кетеді. Тұтқындардың ішінде алжасқан адамының жүруі үрейге үрей қоса түседі.
«Қауіпті емес» тұтқындарға қосылған Тұрсынай Зияудтың айтуынша, кейде оларды лагерь ауласынадағы темір тормен айнала қоршалған алаңға алып шығады. Тұтқындар өздерімен алып шыққан шағын орындықта қаз-қатар тізіліп, алдына қарап қимылсыз отыруы тиіс. «Көбіне маған темір тордың жанынан орын тиеді. Басымды бұрмай, көзімнің қиығымен темір тордан арлы-берлі емін-еркін өтіп жүрген құмырсқаларға қарап отырамын, солардың өміріне қызығам... «Құдай-ау, неге мені құмырсқа етіп жаратпадың?!.» деп, көзімнен жас шығармай, ішімнен егіліп, жүрегіммен жылаймын» дейді ол.
Алматы облысының Шонжы елдімекенінің тұрғыны, 63 жастағы Нұрлан Көктеубайдың үлкен ұлы мен қызы Қазақстанда оқып, азаматтық алған. Ал әйелі екеуі Қытайдан зейнеткерлікке шыққасын ғана Қазақстан азаматтығын алуды ойластырып, Қытаймен екі арада ықтиярхатпен жүріпті. Айтуынша, Нұрлан Көктеубай 2017 жылдың қыркүйек айында әйелі екеуі Шыңжаңға барыпты, өзі бірден қаумауға алынған. Ол Іле Қазақ автономиялы округінің Шапшал ауданындағы бұрынғы 3-орта мектеп ғимаратынан ашылған 14 мың тұтқыны бар концлагерьде 7 ай, кейін ағасының отбасында 10 ай үйқамақта болған. Оған «терроршылармен байланысың бар» деп «қылмысын» мойындатып, «аса қауіптілердің» санатына қоспақшы болып, үздіксіз сұрақ-жауап алған. Себебі, Қытай билігінің идеологиялық насихатында «Қазақстан – діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресіп жатқан Қытай үшін қауіпті 26 елдің бірі» деп айтылады екен. Әсіресе, Алматы облысының Шонжы, Жаркент аймағының тұрғындары Шыңжаңдағы бүліншілікті қоздырады-мыс. Отбасымен Шонжыға қоныс аударған Нұрлан Көктеубай сол үшін жазықты болыпты. «Алматыдан әрі қарай қандай қала бар екенін білмейтін менен «Сирияға бардың ба?», «Сирияға барған қазақтардан кімді танисың?» деп, әбден қинады» дейді ол.
Лагерьдегі қысымға шыдамаған Нұрлан Көктеубай жүрегі ауырып, 7 ай ішінде 3 рет, әр барғанда 8-10 күннен түрмеге ұқсас ауруханада жатып шығады. Ауруханада науқасты тамақтандырып, күтім жасауға оның әйелін шақыртып, қасына қосып қояды. «Аурулардың ішінде жүргенде көрдім, біздің лагерьдегі 130-дан астам адамның халі мүшкіл еді, оның 20-ға жуығын зембілге салып алып жүрді. Өлейін деп жатсаң да, түрмеден шығармайды» дейді ол.
Нұрлан Көктеубай Алматыда оқитын студент қызының «Атажұрт еріктілері» арқылы арыздануының арқасында түрмеден босап шыққанын айтады.
Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
«Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
Халықаралық журналистер федерациясының (IFJ) мүшесі.