Шыңжаңдағы репрессия қашан басталды?

3901
Adyrna.kz Telegram

(жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Қытайдың Шығыс Түркістанның байырғы халқына қысымы осы аймақты жаулап алғаннан бері жалғасып келеді. Өткен ғасырдың соңына қарай аймақтағы ұйғыр, қазақ және басқа да  ұлттық мектептер жабылды. Бұл – Шыңжаңды қытайландыру процесінің екпінді фазасы болатын. Ал аяусыз репрессия 1997 жылғы Құлжадағы ұйғырлардың наразылығынан кейін қатты күшейді. Қытай билігі наразылықты аяусыз басып-жаншып, «мұның бәрін ұйымдастырып жүрген – экстремистік террорлық мақсаты бар «Шығыс Түркістанды азат ету майданы» деп жариялады. Атауы дәл осындай ұйым болғаны жөнінде дәлел жоқ. Дегенмен, Қытай билігі ұйғырлардың наразылығын «бүкіләлемдік лаңкестікке қарсы күрес» концепциясы аясында қарастырды. Ресми Пекин 2009 жылдың шілде айындағы Үрімшідегі ұйғырлар мен  ханзулардың арасындағы қақтығысты да ұйымдастырған – ел аумағында жасырынып жүрген «Шығыс Түркістанды азат ету майданы» деп мәлімдеген. Осы ұйымға қатысы бар деген желеумен мыңдаған ұйғыр ұзақ мерзімге түрмеге қамалды, ондаған адам өлім жазасына кесілді.

Қытай билігі қатаң жазалау шараларымен қатар, «Шығыс Түркістанды азат ету майданын» әлемге жауыздығымен атағы шыққан әл-Каида террорлық ұйымымен байланыстыратын насихатты күшейтті. Тіпті, Шыңжаңдағы бүткіл ұйғырды экстремистік идеядан ешқашан арылмайтын, әрдайым терроризмге бейім ұлт етіп көрсетуге тырысты.

«Осы кезеңде аймақтағы негізгі екі ұлттың – қазақтар мен ұйғырлардың өзара қарым-қатынасы қандай болды?» деген сұраққа жауап бере кету маңызды. Ұйғырлардың әлсін-әлсін бас көтеруін Қытай қазақтары қолдаған жоқ. Мұның бір себебі жоғарыда айтылды. Сондықтан қазақтардың басым бөлігі, сол сияқты аймақтағы басқа да аз ұлттар Қытай билігінің ұйғырларға жасап жатқан аяусыз репрессиялық әрекетін «бүліншілікке қарсы жаза» тұрғысында бағалады. Тұрғындар арасында «ұйғырлар Шыңжаңдағы бейбіт өмірді қаламайды, тыныш жүрмейді» деген ой басым болды. Бұл ұстаным Қытай билігінің «сепаратизм мен діни экстремизмге және ланкестікке қарсы күрес» концепциясымен үйлесіп жатқан болатын. Осылайша қытай билігі Шығыс Түркістандағы ұйғырлар мен басқа ұлттардың арасына сына қағу тактикасын күшейтіп, бөлшектеп алып жәукемдеуге көшті.

Шығыс Түркістанның байырғы халықтары арасындағы алауыздықтың тағы бір себебі бар. Аймақта саны жағынан басым ұйғырлар жергілікті билік органдарында қызмет етті. Қазірге дейін Қытайдың орталық билігі Шыңжаң Ұйғыр Автономиясының бірінші басшылығына ұйғыр ұлтының өкілін тағайындайды.

Билік пен халық арасында әлдебір қайшылықтың болатыны – заңды құбылыс. Бұл фактор да аймақтағы басқа ұлттардың ұйғырларға деген іштей қарсылығына дем беріп тұрды. Қытайдың орталық билігі осы жағдайды аймақтағы ұйғырлардың әлеуетін әлсіретуге, жаппай репрессиялық әрекетін ақтап алатын идеологияның негіздемесі ретінде қарастырды.

Шамамен 2000-2014 жылдар аралығында шекара немесе аймақтағы полиция бекеттерінде ұйғырларды ғана тексеретін. Шыңжаңда туып-өскен этникалық қазаққа тұрмысқа шығып, Қазақстанға күйеуімен бірге қоныс аударған ұлты ұйғыр Тұрсынай Зияудтың айтуынша, ұйғырлардың түрі аймақтағы басқа ұлттардан ерекшеленіп тұрады. Кез-келген бекетте  жолаушыларды тексерген кезде полицейлер ұйғырларды автобустан түсіріп тергейді. Ал бұл кезде автобус ішінде отырған ұлты басқа жолаушылар уақыттың босқа ысырап болып жатқанына ұйғырларды кінәлап, шыдамсызданып  күтіп отырады. «Қала базарлары мен үлкен дүкендердің кіреберісінде де ұйғырлар қатаң тексеруге ұшырайтын, олар арнайы қақпа алдында кезекке тұрып тексеруін күтеді, ал осы кезде қытайлар, шетелдіктер және өзге ұлттар басқа есіктен емін-еркін өте береді» деп еске алады Тұрсынай Зияуд.

Шыңжаңдағы наразылықтардан кейін тек ұйғырлар ғана қудалауға ұшыраған жоқ, олардың арасында қытайлардан басқа ұлттардың өкілдері де болды. Олар – ұйғырлармен тығыз бизнес немесе сауда-саттық  жасағандар, аймақта бірнеше мәрте болған, наразылық кезінде видеокамераға түсіп қалғандар және қамауға алынған ұйғырлармен қандай да бір қарым-қатынаста болғандар. Мысалы, былтыр Қытайдан қашып келген Қастер Мұсаханұлы 2009 жылдары мал және ет сатумен шұғылданған. Ұйғырлардың наразылығы болған тұста оның Үрімшіде болғаны анықталады. Сондықтан оны бірнеше айдан кейін қамауға алады. Алғашында оған «ұйғырлар наразылығына қатысты» деген айып тағып, қинайды. Бұл айып нақты дәлелін таппаған соң, әйтеуір түрмеге қамап тастау керек болған соң, тергеу кезіндегі ұрып-соғудан әбден қиналған Қастер Мұсаханұлы амалы таусылып «мал ұрлығы» айыбын мойнына алып, төрт жылға сотталады.

2000 жылы екі баласымен Қазақстанға түбегейлі қоныс аударған ерлі-зайыпты Рахыжан Зейнолла мен Фарида Қабылбек 2004 жылы Қытайға қыдырып барады. Бұл кезде екеуіне Қазақстан азаматтығын алғаны туралы Президент жарлығы шығып қойған, бірақ олар қолына төлқұжатты алып үлгермеген. Шекарадан өте салысымен Рахыжан Зейнолланы Қытай полициясы қамауға алып, алдымен оған «адам тасымалдаумен айналысты» деген айып тағады. Соңында «тыңшылықпен айналысты» (шпионаж) деген айыппен 13 жылға соттап жіберген. Фарида Қабылбектің айтуынша, оның күйеуі Қытайда да, Қазақстанда да мемлекеттік қызмет істемеген, тек ұсақ саудамен айналысқан.

13 жыл түрме жазасын өтеп шыққан соң, Рахыжан Зейнолланы Қытай билігі тағы да бір жарым жыл «саяси үйрену» лагерінде ұстады. Қазір 58 жасқа келген ол үйқамақта. Оны Қытай билігі Қазақстанға қайтаруға ниет білдірмей отыр. Бұл оқиғадан мына жағдайды байқауға болады. 2000-жылдары Шыңжаңдағы репрессия ұйғырларды ғана қамтымағанын, аймақтағы басқа ұлттардың да саяси науқанның қырына ілінгенін, оның ішінде қазақтардың да зардап шеккенін көрсетеді.

Қытай билігі ұйғырлардың наразылығын діни экстремизммен және терроризммен байланыстырғаны белгілі. Соның кесірінен бірінші кезекте мешіт молдалары қатты репрессияға ұшырады және ұзақ мерзімге сотталғандардың көбі – дін қызметкерлері. Сондықтан аяусыз репрессия қазақ молдаларды да айналып өткен жоқ. Оларға қатысты мәліметтің дер кезінде жария болмай қалуының бір ғана себебі бар – діни  экстремизм мен сепаратизм айыбы тағылғандар бірден қатаң режимдегі жабық түрмелерге жөнелтілді. Ол жерден мардымды ақпарат алу қиын және сотталғандардың бәрінің үкімі құпия. Екіншіден, Шыңжаң қазақтарының түгелге жуығы ресми Пекиннің «лаңкестікке қарсы күресіне» имандай сенген сияқты, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген дәлелсіз түсініктен шыға алмады. Үшіншіден, 2013 жылдың ортасына шейін шекараның арғы және бергі бетіндегі қазақтардың өзара қарым-қатынасына, екі ел арасындағы сауда-саттыққа, Қытайға немесе Қазақстанға туыстарына барып-келуге ешқандай шектеу болған жоқ, олар осы жағдай шексіз жалғаса береді деп ойлады.

Шыңжаң өлкесінде өмір сүріп жатқан қазақтарға да қарсы жаппай репрессия басталатынын Серікжан Біләшұлы болжаған. Ол 2010 жылдан бастап  «Жарқын 7» деген лақап атпен  Қытайда қолданатын WeChat  мессенджері арқылы қазақтарға қауіп төніп келе жатқанын айтып дабыл қақты және одан сақтану үшін Қытай қазақтарын Қазақстанға біржола қоныс аударып, тездетіп азаматтық алуға үгіттеді. Оның айтуынша, сол кездің өзінде-ақ Қытайдың Шыңжаң өлкесін түбегейлі қытайландырып, аймақтағы түркі халықтарының ұлттық ерекшелігін түбегейлі жою пиғылы айқын болды.

2013 жылы Шыңжаңдағы жағдай күрт өзгерді. Кейбір аудандарда, әсіресе ұйғырлар қоныстанған аймақтың оңтүстігі мен Құлжа қаласының маңын мекен еткен түркітілдес халықтың паспорттарын жинап ала бастады. Жергілікті биілік ислами дін атрибуттарын, ұлттық дәстүрді сипаттайтын  тұрмыстық заттарды күнделікті тұрмыста пайдалануды ішінара шектеді. 2014 жылдан бастап қазақтардың кейбірін полиция немесе қоғамдық сақшы мекемесіне шақырып, «саяси түсіндіру» мен «тәрбилеуден» өткізгені жөнінде мәлімет кездеседі. Мұны жергілікті халық  Қытай коммунистік партиясының 20-ғасырдың екінші жартысына жүргізген «мәдени революция» сияқты өтпелі саяси науқан деп түсінді. Сондықтан Шыңжаң қазақтары тұрмыстың күйбең тіршілігінен бір сәт бас көтеріп, айналасына қарап, жағдайды бағамдауға ден қоймады.

Олар үй-жайын, елу жылға арендаға алған егістік және жайылымдық жерін, азын-аулақ бизнесін, зейнетақысын қимады, үйреншікті орнынан қозғала қоймады. Ал  Қазақстанға қоныс аударған қазақтардың көбі екіұдай ойда болып, ҚР азаматтығын алуға асықпады, біразы ықтиярхатпен (мерзімі ұзақ виза) екі ортада сауда-саттық, барыс-келіс жасап жүре берді. Олар өздерін Қытайдың Еуропа нарығын игеру үшін жасаған «Бір белдеу – бір жол» атты экономикалық бағдарламасына қатысушы, қазақ-қытай сауда байланысының мәңгі дәнекері болып қала беретіндей сезінді, Қытай билігінен аса қауіп күткен жоқ.

«Қытай билігі Шыңжаң қазақтарының Қазақстанға қоныс аударуына жеткілікті мерзім берді де, қоныс аудармағандарға қарсы қытайландыру процесін  бастады» деп кесімді пікір айтуға болмайды. Себебі, Қытайдың Шығыс Түркістандағы жасап жатқан саяси репрессиясының  құрбандарының ішінде Шыңжаңның түркітілдес ҚХР азаматтары да, ҚР азаматтары мен азаматтық алу процесін өткеріп жатқан оралман қазақтар да бар. ҚХР-дің БҰҰ алдындағы адам құқы бойынша алған міндеттемесін айтпағанның өзінде, Қытай билігі көрші тұрған Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін сыйламай отыр. Осыдан-ақ Шыңжаңдағы геноцидке тән репрессияның ауқымы мен зардабы ауыр екенін байқау қиын емес. (жалғасы бар)

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

«Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,

Халықаралық журналистер федерациясының (IFJ)  мүшесі.

 

Пікірлер