Әл-Фарабидің музыкалық философиясы

11808
Adyrna.kz Telegram

Батыс пен Шығысты терең білімімен бас идірген, есімі дүниежүзі мәдениеті мен ғылымының тарихынан ойып орын алған ғұлама ғалым, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабиді біз адамзат білімінің сан саласында қалдырған қолтаңбасымен қатар, музыка өнерін зерттеуші ретінде де білеміз. «Шығыстың Аристотелі» атанған әл-Фараби ортағасырдағы адам мен қоғамның құндылықтарын зерттеген, білім мен өркениеттің дамуына өзіндік үлесін қосқан Ұстаз ретінде де белгілі. Әлемді эстетикалық тұрғыдан түсіну, оны игеру, әдебиеттегі, поэзиядағы, музыкадағы әсемдікті, эстетикалық және рухани мәдениеттің қажеттілігін түйсіну оның шығармашылығынан әрдайым табылып отырған.

Әл-Фараби еңбектері ішінен музыка саласының алатын орны ерекше. Фарабидің пікірінше, музыка физика-математика ғылымдарының бір тармағы деп есептелген. Сондай-ақ, дыбыстың физикалық қасиеттеріне, әсіресе, дыбыстың шарықтау шегіне жету үшін оған биіктік және ұзақтық және тембр қажет екеніне аса мән берген. Ғалым музыканың поэзиямен байланысатынын ұғынған, өйткені поэтикалық тіл мен музыка тілі ұштасқан кезде музыканың әсерлілігі күшейе түседі. Дәлірек айтсақ, музыка ғылыми тұрғыда физика-математикаға жақын болса, өнер ретінде поэзиямен туыстас келеді.

Әл-Фараби музыка ғылымының шығуын материалистік тұрғыдан түсіндіру ілімін грек оқымыстылары Пифагор, Аристотель, Евклид, Птоломей еңбектеріне сүйеніп жасады. Сөйте тұра, бұл ойшылдардың идеяларына сынай қарайды да, ғылымның жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қайта талдап шығады, олардың дұрыс-бұрыс жерлерін айтады. Фараби физика мен математиканы  жетік меңгергіндіктен, музыкалық аспаптарды зерттеуде олардан кеткен қателіктерді дәл тауып отыра дамытады. «Табиғаттағы ең тамаша үнді шығаратын, кемеліне жеткен ең тамаша аспап – адам және адамның дауысы», ­- деп жазады Фараби.

Ұлы ойшылдың музыка теориясына арнап жазған еңбектерінің біразы бізге мәлім. «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка жайлы талдау», «Ырғақтардың классификациясы», «Ғылымдардың энциклопедиясы» атты еңбектерінде музыка ғылымын талдауға арналған тараулар жетерлік. Еңбектерінің ішінде Әбу Насыр әл-Фараби есімін  дүниеге танытқаны – музыка теориясына қатысты «Музыка туралы үлкен кітап» деп аталатын еңбегі. Кітап «Музыка өнеріне кіріспе», «Музыка өнерінің негіздері, «Музыкалық аспаптар» және «Музыкалық композиция» деген үлкен төрт тарауды және 1500 бетті құрайды. Көптеген трактаттарының арасынан дараланатын бұл еңбекті өзі түсінікті әрі жеңіл, жұрттың кәдесіне жарайтын етіп жазғанын айтады. Сондықтан да ол дыбыстардың поэзиямен үндестігін, дыбыстар мен сандардың үндестігін, яғни математикалық сандарды пайдалана отырып, музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіреді, нота түсінігін алғаш енгізеді. Музыкада қолданып жүрген біз білетін 7 нота болса, әл-Фарабидің математикалық сандармен сипаттаған еңбегінде 12 нота белгілі, қалған 5 нота белгісіз. Мұның сырын осы күнге дейін ешкім дәл таба қойған жоқ. Бұл еңбек Еуропа музыка ілімі мен музыка өнерінің дамуына да үлкен әсерін тигізді. Ол музыка теориясын, музыка тарихын жазып қана қоймай, музыкалық «Уд», «Канун», «Танбур» аспаптарын жасаған. «Музыканың үлкен кітабы» әл-Фараби есімін ғылым көкжиегіне одан әрі көтерді және музыка саласындағы құндылығы өте жоғары еңбек болып қала береді.

«Музыка ғылымын зерттеу үшін, біріншіден, музыкалық сауаттылық, екіншіден, есту қабілетің күшті болу керек», - дейді Аристотель. Ал осы қасиеттердің бәрі әл-Фарабидің бойынан табылады. Ғалымның музыка ғылымы мен өнерінің дамуына қалдырған үлкен қолтаңбасы жайында шетелдің көптеген ғалымдары зерттеулер жазған. «Музыка саласында әл-Фараби бір өзі ғана бас король болып табылады. Басқаша айтқанда, музыка саласында әл-Фарабиге үлгі боларлық, бірінші ұстаз боларлық адам болмаған», - деп бағалайды ағылшынның музыка зерттеушісі Г.Фармер.

Биылғы жыл ұлы ойшылдың 1150 жылдығына орай «Әл-Фараби жылы» болып жарияланған болатын. Осыған сәйкес бұл мерейтой ЮНЕСКО қамқорлығымен халықаралық көлемде аталып өтті. Көптеген іс-шаралар, халықаралық пәндер олимпиадалары, онлайн режимде ғылыми семинарлар өтіп жатты. Ғалымның еңбектерінен 7 монография, дәйексөздер жинағы, нақыл сөздер жинағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді, бұрын жарияланбаған 3 трактаты араб тілінен қазақ тіліне аударылды. Жақында ұлы ойшыл есімін иеленіп отырған еліміздің жетекші оқу орнында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде әл-Фарабидің 1150 жылдығын өткізу үшін құрылған арнайы комиссия төрағасы Қ.Көшербаев бастаған бір топ ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің, оқу орны басшылары мен студенттерінің қатысуымен әл-Фараби жылы қорытындыланды. Осы оқу орнында әлемде тұңғыш болып жарық көрген Әбу Насыр әл-Фараби энциклопедиясы тұсауы кесілді. Дегенмен, әлі де зерттеуді қажет ететін тұстар жетерлік, артында өшпес мұрасы бар энциклопедист ғалымды зерттеп, зерделеуге, оның еңбектерін тәржімалауға қатысты бірқатар жұмыстардың одан әрі жүргізіле беретіні сөзсіз.

Данат Жанатаев,

Ф.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

Жұбатқан Фариза,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 Физика-техникалық факультетінің магистранты

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер