Фарабидің даналығы

5770
Adyrna.kz Telegram

 

Отырар қаласында туып, Шамда дүние салған ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің артында адамзатқа азық болар мол мұралар қалды. Бабамыздың 1100 жылдық мерейтойында белгілі этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің еңбегінен Фараби айтты деген тапқыр сөздерін ұсынғанды жөн көрдік.

 

* * *

Туған жерден шалғайға жүріп,  бар өмірін ғылым-білімге сарп еткен әл-Фараби  қартайған шағында өз елінің керуен-кіре тартып жүрген адамдарын кездестіріп қатты толқиды. Ел-жұрттың хал-жағдайын тәптіштеп сұрап, көңіл орнықтырған соң, қоштасарда өзінің жан серігі – «қыпшақ» деп аталатын домбырасының бетіне:

«Айналайын атам қыпшақ,

Туған жерім сағындым.

Өз атыңа, үрметіңе Қайда жүрсем табындым!» – деп жазып, туған жері мен еліне сәлемдеме белгі ретінде беріп жіберген екен дейді.

 

* * *

Шығыс әмірлерінің бірі әл-Фарабиді сарайына арнайы шақырып, мынандай сауал қояды:

– Уа, Екінші ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? Болжалыңды естігім келеді, − дейді.

Сонда әл-Фараби:

– Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін, − деген екен.

* * *

Бағдат халифасы Харун әл-Рашид ақындық өнер сайысы мен оқымыстылардың ой өрелестіруін мейлінше жақсы көрген адам екен. Көптеген ел басқарушылар ұлы халифаға еліктеп өткен.

Бірде әл-Рашид сарайында әдеттегідей ой мен өнерсүйер қауымның бас қосуы болып жатады. Бұл қосу рәсімін ең құрметті орынға жайғасқан сұлтан Сейф әл-Дәулет басқарып отырса керек. Бір кезде хабаршы аяғының ұшымен басып жақындап келеді де, сарайға Мұхаммед әл-Фарабидің келіп тұрғанын хабарлайды.

– Есімі таныс қой, данышпанды кіргізіңдер! – деп әмір береді сұлтан. Әбу-Наср әл-Фараби залға тәжім етпестен кіргенде жиналған жұрт дағдарып қалады.

– Келіп отыруыңызды өтінемін, – дейді сұлтан.

– О, ұлы әмірші, қай жерге отырайын? – дейді әл-Фараби.

– Мұнда әркім өзіне лайық орынға отырады, – деп тіл қатады сұлтан.

Мұхаммед әл-Фараби сұлтанға жақындап келіп, оның әрірек ығысуын өтініпті. Әміршінің сақшылары тіксініп қалады. Сұлтан қонағына орнын босатып береді де, қызметшілерін тыныштандырып, сарайдың құпия тілінде былай дейді:

– Егер бұл шынымен-ақ ұлы ғұлама болса, кешірім жасайық. Олай болмай шықса жазасын тартады. Сабыр сақтаңдар!

Сонда Мұхаммед әл-Фараби жымиып күледі де:

– Айтқаныңыз жөн, әміршім, сабырлылық әрқашан да данышпандар мен құдіреттілердің үлесіне тиген, – деп, жаңағы құпия тілде жауап қатады.

– Сіз бұл құпия сарай тілін қайдан білесіз? – деп таңырқайды сұлтан.

– Мен жеті тіл білемін, – дейді Мұхаммед әл-Фараби.

– О, сөздің қадірін білетін ұстазым, онда сөз басы сізде болсын, құлағымыз сізде! – деген екен сұлтан Сейф әл-Дәулет.

* * *

Әл-Фараби Бағдатқа келгенде оған Халифа Мұқтадид ибн-Муаффак әл-Биллах (892-902) былай деп сұрақ қояды:

– Осы сені оқудың түбіне жетіпті деп естідім, сонда сен көп білесің бе, әлде Аристотель көп біле ме?

Сонда әл-Фараби:

− Егер мен оның заманында өмір сүрген болсам, шүбәсіз оның үздік шәкірттерінің бірі болған болар едім, – деп жауап берген екен.

 

 

Үміт ҚИЯБЕК,

Тараз қаласы

 

Пікірлер