Ұлы кемеңгер – әл-Фараби

5611
Adyrna.kz Telegram

 

 

Есімі дүниежүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан ұрпаққа өтіп келе жатқан ардагер азаматтар тарихта аса көп емес.Ондай тұлғалардың бірі - Әл-Фараби.

Фараби ғылымды көбінесе өз бетінше оқумен меңгеріп, аса зор табандылық көрсеткен, орасан зор табыстарға жеткен адам.Ол, әсіресе, грек ғылымы мен философиясын, ең әуелі Аристотельдің бай мұрасын игеруді қолға алған. Мұнда ол аса үлкен шыдамдылық пен ыждаһаттылық көрсетеді, бір аңыз бойынша ол Аристотельдің «Жан туралы» дейтін  еңбегін жүз рет, «Табиғат гармониясын» қырық рет, «Риторикасын» екі жүз рет оқыған көрінеді. Міне, осылай Фараби жұртқа мәлім оқымысты болып, дүниежүзінің ұстазы деген дәрежеге көтеріледі. Ол алғашқы кезде Бағдатта істейді, кейіннен Дамаскіде, содан кейін Алеппода әмір Сайф әд-Дауланың қарамағында болады. Фараби өз бетінше ғылыммен үзбей шұғылдана берген. Мәселен, бір әңгіме бойынша ол Дамаскіде жүрген кезінде күндіз қалда шетіндегі бау-бақшада қарауылдық қызмет атқарып, күндіз тапқан ақшасына сатып алған шырақ жарығымен  түнімен ғылыми жұмыспен шұғылданады екен. Фараби өте қарапайым, қанағатшыл кісі болған, жұпыны киініп, ырду-дырдудан барынша аулақ жүруге тырысқан.

Он сегіз мың ғаламды жаратушы – жалғыз ие, оның сырын түгел ұғуға адамның миы жетпейтінін бүкіл шығыс ғалымдары және Әл-Фараби де айтқан. Осы ізбен Абай: «Жер жүзін безендірген тәңірім шебер»,- дейді.Адам неғұрлым ізденіп, көп білген сайын өзінің түк білмейтінін сезініп пүшаймен болады ғой. Сократтың «Менің білетінім – түк білмейтінім» дегені көп ізденуден туған ой. «Наданның ең басты белгісі – бәрін білу»... Оның білмейтіні жоқ. Ол барлық дүниені өз пайдасына қарай бейімдеп шешуге тырысады. Ал оның пайдасының көлемі ішу, жеу, ұйықтау, көбею, мақтану... Егер де осындай надандардың қолына билік тиетін болса, олар дүниені ойран етер еді, өздері де ойран болар еді.Әл-Фараби мен Абайдың кездескен тұсы осындай ойлар төңірегінде.

М.Әуезов айтқандай, Абайдың сусындаған үш бұлағының бірі – шығыс мәдениеті десек, ол мәдениеттің төркіні Әл-Фараби болуға керек. Өйткені Абай Әл-Фарабиді тікелей оқымағанмен, үлгі алған мектебінің негізі сонда жатыр. Бұл арна енді ғана жол салынған, болашақта түбегейлі зерттеуін күткен арна. Ә.Қоңыратбаев айтқандай: «Бұл мәселе әдебиет шеңберіне сыймайды.»

Әл-Фарабидің әлеуметтік-эстетикалық көзқарастарын білдіретін зерттеулері де баршылық. Олар: «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жолында» деп аталатын ғылыми еңбектері.Әл-Фараби өз зерттеулерінде этика, мораль мәселелеріне ерекше назар аударып отырған. Этиканың зерттеу объектісі – мораль, мінез-құлық, әдептілік нормалары екенін жан-жақты дәлелдеген.Әл-Фарабидің айтуы бойынша, этиканың ең жоғары категориясы – бақыт болып табылады. Сондай-ақ ол адам бойындағы ақыл-парасатты этикалық-адамгершілік қасиеттерден бөліп қарауға болмайды дегендей пікір айтады. Ақыл мен адамгершілік, қайырымдылық өзара табиғи түрде байланысып жатқан құбылыстар екенін түсіндіреді. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, адам өзінің мінез-құлқын жетілдіре түсу үшін, ең алдымен, өзіне-өзі мейлінше адал болуы тиіс.Сонда ғана адам өз бойындағы ізгілікті қасиеттерді барынша жетілдіре түсуге мүмкіндік алады. Әл-Фараби «қандай шебер әдістің жәрдемімен  жақсы мінез-құлыққа жететінімізді қарастыруымыз керек» дей келіп, әзіл мен күлкі сияқты құбылыстарға моральдық-эстетикалық тұрғыдан баға береді. Қоғамдағы әрбір құбылыс шектен шығып кеткен жағдайда адамға  теріс әсер ететіні сияқты адамның мінез-құлқындағы шамадан асып кеткен көріністер де ізгі қасиеттерге кері ықпалын тигізеді. Осы пікірін түйіндей келіп, Фараби: «әзілқойлық – әзілді шектен тыс қолданудан болады. Ал әзілдеу оңай болғандықтан, біз соған бейім бола бастаймыз. Енді бізге қалғаны бір шеткеріліктен екінші шеткерілікке немесе орташа мөлшерге ауысуды жеңілдету үшін қандай амалдар бар екенін білу» деп жазады.

Жалпы қорыта келе, сан түрлі ғылымды меңгерген Әл-Фараби жайлы Ибн Әби Усайбаның пікіріне тоқталғым келіп отыр: « Фараби – шынайы философ, терең білімді данышпан еді, философияға қатысты пәндерді толық игерген болатын. Ол риезиент ( математика, геометрия) ғылымдарына жетік, білгір, ірі ғұлама, мал-дүниесімен ісі жоқ, қарпайым адам еді...Ол өзінің мінез-құлқы жағынан ежелгі дәуір философтарына ұқсайтын.» Міне, осындай данышпан ғұламаның артқыға мұра болып қалған трактаттары өзінің мәнін жоймайды.Ол «қарапайым» адам болудың нәтижесінде танымал ойшыл,ғалым дәрежесіне жетіп отыр.

 

Ақдидар БЕКЖАН, +7 (771) 694-38-98

 

Пікірлер