Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында 74 көпсалалы және отбасылық емхана тәулік бойы қызмет көрсетеді.
Медицина қызметкерлері болса 12 сағаттың жұмыс кестесіне көшті. Бұл туралы Centrasia.org коронавируспен күрес жөніндегі шұғыл штаб өкілі Барно Адиловаға сілтеме жасап хабарлады.
Барно Адилованың айтуынша, әрбір емхананың жұмыс тәртібі анықталған. Дәрігерлер үйді-үйге хабарласып, ақпарат жинайды. Науқастарды анықтап, оларға көмек көрсету жолдарын таңдайды. Мәселені тез арада шешу жолдарын қарастырады.
Осы жұмыстарды атқару үшін емханаларға 750 ұялы телефон жеткізілді, әрбір отбасылық емханада колл-орталықтар ұйымдастырылды. Олар тәулік бойы қызмет көрсетеді.
Хабарларға қарағанда, әрбір емханада шұғыл бригадалар құрылды. Үйде емделетін науқастарға дәріні солар жеткізеді.
Айта кетейік, Өзбекстанда 18 531 адамнан коронавирус табылды. Олардың 207-сі кеше анықталған. 99 адам қайтыс болған. 9 872 адам коронавирустан жазылған. Қазіргі кезде 8 560 адам ауруханада жатыр.
Ал Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 76 799 амға жетті. Олардың 48 220-сы жазылып шықса, 585 адам қайтыс болды.
Өзбекстанда 31 млн-нан астам халық тұрса, Қазақстан халқы 18 млн-нан асады.
"Адырна" ұлттық порталы