Украинадағы соғысқа қатысқан әзербайжандықтар өмір бойына сотталуы мүмкін

288
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Yk03yX0IbCq5unrsXZAw1Wn4fVw5VJlL5X7Shg4d.jpg

Украинада соғыс қимылдарына қатысып жүрген Әзербайжан азаматтары өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мұндай ескертуді елдің Бас прокуратурасы жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

29 желтоқсанда жарияланған хабарламада кейбір әзербайжандықтың Ресей мен Украина арасындағы соғыс қимылдарына, сондай-ақ өзге де қарулы қақтығыстарға қатысып жүргені айтылған. Бас прокуратураның мәліметінше, Әзербайжан заңнамасына сәйкес, Украинадағы соғысқа қай тарапта болмасын қатысу — қылмыс болып саналады және ол үшін өмір бойына түрмеге қамау жазасы көзделген.

«Ресей мен Украина арасындағы әскери операцияларға қатысқан кейбір азаматтарымыздың қаза тапқаны, ауыр жараланғаны немесе тұтқынға түскені туралы ақпараттар бізді алаңдатады», — делінген хабарламада.

Бас прокуратура Әзербайжан Қылмыстық кодексіндегі «Жалдамалылық» туралы бапты еске салды. Бұл бап бойынша жаза 8 жылға бас бостандығынан айырудан бастап өмір бойына түрмеге қамауға дейін жетуі мүмкін. Қазіргі таңда осы бап аясында бірқатар азаматқа қатысты қылмыстық істер қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Алайда олардың нақты Украинада соғысқаны немесе саны қанша екені нақтыланбады.

Ведомство азаматтарды заңсыз үндеулерге ермеуге, қырағылық сақтауға және мемлекет заңдарын құрметтеуге шақырды.

Еске салайық, 2023 жылдың мамыр айында Бакудегі Украина елшілігінің қоршауында Украина Қарулы күштері жағында соғысып қаза тапқан әзербайжан азаматтарына арналған «Естелік қабырғасы» ашылған. Онда 26 адамның есімі жазылған.

Ал 2025 жылдың сәуірінде Media.az порталы Украинада соғыс барысында екі әзербайжан азаматы — Санан Мохсумов пен Гусейн Исаевтың майданның екі жағында қаза тапқанын жазған.

Пікірлер